Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БҰХАРТӨБЕ ТАРИХИ ОРНЫН БІЛЕМІЗ БЕ?

БҰХАРТӨБЕ ТАРИХИ ОРНЫН БІЛЕМІЗ БЕ?


Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өткен еді. Расында, туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады. Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Оған сай сол өлкеде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар. Ал, олар жайында жас ұрпақтың білгені абзал.
Дана жұртымызда «Туған жерге туыңды тік!» - деген даналық сөз бар. Бұл – әрбір адамның кіндік қаны тамған жеріне сүйіспеншілікті білдіреді. Яғни, кез-келген азамат өзінің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне терең бойлау білуі керек.
Бұған қоса, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жерге деген сүйіспеншілік білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Және жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру атап көрсетілген.
Туған жерге деген сүйіспеншіліктің түп-тамыры ұлттық құндылықтарға қамқорлық жасап, өлке тарихын біліп өсуден басталады. Сондай-ақ, бұл бағдарлама елдігіміздің тұмары, өркениетіміздің жәдігері болған жергілікті деңгейдегі тарихи, мәдени ескерткіштері мен нысандарды қалпына келтіру бастамасын да қолға алуды ұсынады. Осы мақсатта өңірдегі тарихи орындарға зерттеу-зерделеу жүргізілу үстінде. Соның нәтижесінде бүгінгі ұрпақ жадынан жоғала бастаған көне қалалар, ескерткіштер, тарихи орындар қайта таныстырылып жатыр. Солардың бірі – Бұхартөбе тарихи орны.
Бұхартөбе. Атын естіген жан бұл қандай төбе деп қызығушылық танытуы әбден мүмкін. Бұл көркем жерді сезіне түсіну үшін қалаға жақын маңдағы Бесарық ауылына аяқ іліктірсеңіз болды. Сырдария ауданына қарасты аталмыш ауылға жолыңыз түссе, Бұхартөбе жанынан бұрылып кіресіз. Сырдария өзенінің бір саласы Жаңадария – Тораңғылсай түбіндегі Бұхартөбе ауылға келген жанды ерекше қонақжайлылықпен қарсы алып, алыстан мен-мұндалап тұрғандай. Оның тарихи орын аталуында да үлкен сыр жатыр.
Бұхартөбе құмы аңыз бойынша патшалы Ресей заманында саудагерлер мен керуеншілер жиналатын орын болған. «Мая» керуен жолы арқылы Бұхараға жол тартатын сауда керуендерінің жиналатын орны екен. Сондықтан «Бұхартөбе» деп аталған. Бұхара Хиуа жағынан сатып алынған бір байдың түркімен інгені ботасы аяқтанған соң қашып кетеді. Ағыны қатты Сырдың суына үріккен бота түспей табандап тұрып алады. Ботасынан айрылып «Мая» аруана еліне тартады. Інген қашқан соқпақ жол «Мая» жолы деп аталып кетеді. Өзбек еліне Бұхара, Хиуа, Үшқұдыққа Сыр қазақтары үйір-үйір мал, тең-тең тері-терсек жүнін пұлдау үшін сапарға аттанар алдында қазіргі Бесарық ауылының іргесінде бекет болған. Құм жиналған, биіктігіне шықсаң бүкіл атырап көрінетін төбе осылайша Бұхартөбе аталып кетеді. Ол – тарихи орын. Ауыл мұражайында жинақталған жәдігерлер соның айғағы. Бесарықта туып өскен әрбір азамат туған жердің тұғыры биік қасиетті жәдігері, киелі мекені Бұхартөбе жайлы айтып отырады.
Ертеде бұл аумақтан үш бірдей құмыраның табылуы оның көне тарихты қойнына бүккен тарихи орын екенін әйгілей түседі. Археолог мамандардың зерттеуі бойынша бұл құмыралар сыйымдылығы 2-2,5 метр болған. Өзен арқылы су шығаруға арналған.
ХV-ХVІІ ғасырда саз балшықтан жасалған баға жетпес құнды жәдігер екен. Бұхартөбе – тарихи нысан. Ал, ұлы даланың елдік ескерткіштері мен мемлекетіміздің мәдени мұрасын көрсетіп тұрған тарихи орындар болашақ ұрпақ үшін танымдық, тағылымдық сипатқа ие.
«Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген аталы сөз бекер айтылмаған. Туған жер мен елдің халық санасына сіңген рухани құндылығының ұлттың қалыптасуында, дамуында айрықша рөлі бар. Демек, киелі, қасиетті нысандар біздің ұлтты рухани жұтаңдықтан сақтайтын символдық қалқанымыз және ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы екені анық.
Тарихи орындар өткеннің бүгінге қалдырған аманаты, ата-бабамыздың үзілмей келе жатқан салт-дәстүрлерінің нақты көрінісі. Оларды қорғап, сақтап және қадір-қасиетін болашақ ұрпаққа жеткізе білу бүгінгі күннің басты мәселесі.
А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
20 шілде 2018 ж. 1 156 0