Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғибратты кездесудің ғаламаты

Ғибратты кездесудің ғаламаты


«Жақсымен өткен жарты сағат – жаманның өтіп кеткен өміріндей» деген сөз тіркесін ауыз екі тілде көп қолданғанымызбен, астарына үңіле бермейтініміз анық. Алайда, жақсы істердің басынан табылуға асығып, үлгілі тірліктің сағасында жүретін жандар өмірлерінің әрбір сәтін сауапты өткізуге бейім тұрады. Міне, осы жайлы болмақ мақаламыздың өзегі. Бұл кісі жайлы, өнегелі жұмыстары жөнінде газет бетінде жазылып келеді. Кезекті тақырып Әлияр Сейітовтың ғибратты кездесуіне арналмақ.
Иә, ғибратты кездесу деуіміздің де жөні бар. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың шаңырағында болу, емен-жарқын әңгімелесу екінің біріне бұйырмайтын келелі кездесу. Бұл жөніндегі баяндауды осынау жұлдызды сәттің иесіне берсек.
«Тарихқа үңілсек, ықылым заманнан бері халқы үшін туып, халқы үшін жан берген ұлт батырларының есімдері елге белгілі. Қазіргі заманымыздың батырларының бірі де бірегейі Жақсылық Үшкемпіров ағамыз дер едім. Ұлт мақтанышына айналған ағамызбен бетпе-бет кездесу көптен бергі арманым еді. Соның сәті 2018 жылдың 23 желтоқсанында түсті. Алматыға арнайы барған сапарымда Жақсылық ағамның телефон нөмірін алып, хабарласып, өзімді таныстырып, кездескім келетіндігін жеткіздім. Содан ол кісі кешкі 19.30-да қолы босайтынынан хабардар етті. Жаны жайсаң Жақсылық Үшкемпіров кешке дейін Мыңбаев ауылына барып, қызметкерлеріне ауылды аралатып көрсету жөнінде тапсырма беретіні жөнінде айтып кетті. Белгіленген уақытқа дейін Мыңбаев ауылындағы істелінген игі жұмыстарға қанығып, ауасымен тыныстап, аралап толық танысып шықтық. Ал, Алматы қаласына айтылған мекен-жайға келісілген уақытта жақын жолдасымды ертіп, Жақсылық ағамыздың үйіне келдім. Ағамыз қазақ халқының салтына сәйкес дастархан жайып, қазағымыздың қонақжай қалпымен қарсы алды. Барған сәтте өзімді, қасымдағы жолдасымды таныс­тырып, көптен ол кісіге жанкүйер екенімді, сыртынан толық қанық екенімді, бетпе-бет кездесуді армандап жүргенімді және кездесуге қатты қуанып отырғанымды жеткіздім. Одан әрі сөзіміз дастархан үстінде емен-жарқын жарасып кетті. Жалпы, аты әлемге мәшһүр спортшы Жамбыл облысының ауылынан оқу іздеп, Семейдің мал дәрігерлік институтында жүріп, үлкен спортқа келгенін, ол спорттың қиын да ауыр соқпақ жолдарын оны жеңу үшін қанша тер төгіп, еңбектенгенін, спорттағы әділетсіздіктер туралы, олимпиада чемпиондығына қалай жеткендігін, үлкен спорттан кеткеннен кейін спорттан ұзай алмай осы саласындағы қызметтері туралы ұзақ әңгімеледі. Үшкемпіровтың айтуынша, Қытайға дейін 2-3 жыл тренер болып, 90 жылдардағы тоқырау кезінде кәсіп қылғаны, оның аясын қалай кеңейткені жөнінде күліп отырып айтып берді. Бізге аян болғанындай, үлкен кәсіптің басын 1998 жылы Балқаш ауданында 150 ешкі өсіруден бастаған екен. Әңгіме барысында аңғарғаным, елін сүйетін осынау жанның тапқанын кейбіреулер секілді қара басына ғана жұмсамай, халықпен, елмен бөлісуге асық тұратындығы. Рас, құлқынның қамын ойлап, өз басына ғана емес, қоғамға да зиян шектіріп оты­ратындарды күнделікті күйбең тіршілікте көзіміз көріп жүр. Оны несіне жасырамыз? Ал, тапқанын басып жемей, шашып жейтін сұңқар құстың қасиетін көз алдыма әкелген қазағымның дара ұлының тектілігі өзіне ерекше тәнті етті. Оны мына ісінен-ақ көруге болар еді. Жақсылық Үшкемпіров 2006 жылы жоғарыда атап өткен Мыңбаев ауылын толық қамқорлыққа алыпты. Яғни, 6500 халқы бар ауылға мешіт салынған, ауылға газ кіргізілген, спорт мектебі салынған. Қазіргі таңда 200 бала спорттың 9 түрімен айналысып, 100 балаға арналған балабақша да іске қосылған. Сонымен қатар, ауылда мәдениет үйі бой көтеріп, ескі қонақ үйі күрделі жөндеуден өткізіпті. Ауыл көшелері асфальтталып, 38 отбасыға пәтер берілумен қатар, мал бордақылау алаңы салынып, халықтың әлеуеті де алға озыпты. Келесі жылы көрші ауылға газ тартқызамын деп жоспарлап отыр. Міне, осындай еңбектері елеусіз, ескерусіз қалмады. 2017 жылы Жақсылық Үшкемпіровке Қазақстанның «Еңбек Ері» атағы берілді. Саңлақ спортшының марапат алу сәті баршамызды толғандырған еді. Ол өз сөзінде Елбасы Н.Назарбаевқа «Мендегі арман, елімізде 5500 ауыл бар деп естимін. Ауылдардан 5500 еліне қамқор болар азамат шықса еліміз гүлденіп кетер еді» деген екен. Бұл сөзіне Елбасы қатты риза болыпты.
Менің арнайы барып Жақсылық ағамызға жолығу себебім, батыр ағамызбен етене танысу, жасап жатқан істерін көру, бүкіл аудан халқына насихаттау еді. Барды бар кезінде бағалайық. Біздің ауданда да мұндай қайырымды шара жасап жатқан азаматтар аз емес. Мешіт, спорт-сауықтыру кешендерін, балабақша салып жатыр. Бірақ, әлі де осылардың қатары көбейсе екен деген арман бар. Ауданымыздан 41 «Социалистік Еңбек ері» шыққан. Азамат антынан, қазан ат қалпынан шығып жатқан заманда болашақта Жақсылық ағамыз секілді іскер, чемпион, батыр, иманды ұлдардың қатары көбейіп, бүкіл ауданның пайдасын келтірсе, ауданның атын шығарады деген үлкен үміт бар, – деді Ә.Сейітов.
Иә, үздікті үлгі ету – жақсылықтың жаршысы десек, дүйім жұртқа спорттағы жетістіктерімен ғана емес, үлгілі істерімен де ұлтының жүрегінен орын алып отырған арда азаматпен өткен кездесуін өнеге аларлық өзгеше сәт деп білген Ә.Сейітовтың көрген-білгенін сол қалпында беруге тырыстық. Ұлағатты кездесу барысында қазақтың спортында сара із қалдырған спортшы елге, кейінгі толқынға ілтипатын да жеткізіпті. Ж.Үшкемпіров:
– Мен үшін Сыр елінің орны бөлек. Қазақылықтың қаймағын, асыл дінімізді, қасиетті тілімізді, бабадан қалған ділімізді сақтаған бұл аймақтың Алаштың анасы атануы да бекер емес. Оның ішінде ақ маржанымен аты әлемге мәшһүр болған Шиелі өңірінің маңызы ерекше. 41 социалистік Еңбек Ері шыққан ауданның алдағы уақытта алар асуы мол болсын, – деп ізгі тілегін жолдаған.
Сөз соңында айтарымыз, Рухани жаңғырудың өзегі болатын ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, жастарға үлгі боларлық өмірі мен еңбегін әңгімеге арқау қылатын ел ағаларымен жүзбе-жүз сұхбаттасу әркімнің есінде қаларлық оқиға. Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық тәрбие мәселесін көтерсек, біз міндетті түрде алдыңғы толқын ағалардың кейінгі жастарға берер үлгісі мен айтар ақылын бірінші орынға қоямыз. Бұл тұрғыда заман ағысы мен бағытын болжай білетін, өмір мектебінен терең білім жинаған, елім деп еңбек еткен, ұлт жанашырлары жөніндегі өрнекке толы өрелі әңгімелердің де маңызы зор. Кездесу барысында Ж.Үшкемпіровтың қолтаңбасы қойылған кітабын сыйға алғанын тілге тиек етті.

Дина ЖҮСІПОВА.
10 қаңтар 2019 ж. 1 144 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930