ЖОЛ АПАТЫ: ЖАЗМЫШ ЕМЕС, ЖАУАПСЫЗДЫҚТЫҢ КӨРІНІСІ

2025 жылдың алғашқы тоғыз айында тіркелген 92 жол-көлік оқиғасы – жай ғана статистика емес. Бұл – 150 жаралы тағдыр, 16 үзіліп кеткен өмір. Өткен жылы осы кезеңде 38 апат, 11 адамның өлімі тіркелген еді. Демек, бір жылда апат саны екі жарым есеге, қаза тапқандар саны 45 пайызға артқан. Бұл көрсеткіштер – жай сандар емес, ол – қоғамдағы тәртіп мәдениетінің айнасы.
ТӘРТІП БАР, НӘТИЖЕ АЗ
Шиелі аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың 5215 дерегі анықталған. Оның 3392-сіне жалпы сомасы 57 млн 956 мың теңге айыппұл салынып, 51 млн 900 мың теңге өндірілген. Дегенмен, бұл көрсеткіштер жағдайдың жақсарып жатқанын білдірмейді. Қағаз жүзінде бәрі дұрыс. Заң бар, айыппұл бар, жазалау бар. Бірақ жолдағы жағдай неліктен өзгермейді? Себебі жазалау – мәдениет қалыптастыра алмайды. Жүргізушілер айыппұлды төлейді, бірақ санаға сіңетін сабақ алмайды. Жолда адам өмірінің құнын түсінбейтін сана тұрғанда, статистика өсе береді.
АСФАЛЬТ ТА АЙЫПТЫ
Шиелінің кейбір жолдарын көрсеңіз, көлік емес, қайық керек дерсіз. Асфальттың ойылғаны, белгілердің өшкені, жарықтың әлсіздігі – апатқа жол ашатын факторлар. Кей жүргізушілер шұңқырды айналып өтем деп, қарсы бағытқа шығып кетеді. Бір сәттік әрекет – бір өмірге балта шабады. Жол сапасы мен инфрақұрылым мәселесі жылдар бойы шешілмей келе жатқан түйіндердің бірі. Тиісті мекемелер жөндеуді жоспарлайды, бірақ апат өмір күтпейді. Аудандық полиция подполковнигі Б.Мұхановтың айтуынша, жол апаттарының көбеюіне бірнеше нақты себеп бар: – Жол қиылысындағы бағдаршамдардың істен шығуы, кейбір жолдардың тозуы, көлікті басқару жүйесіне ие бола алмау – апаттардың негізгі факторлары. Ал кейбір жүргізушілер жылдамдықты асырып, маневр ережесін сақтамай, өз өмірін де, өзгенің өмірін де қатерге тігеді, – дейді ол.
ЖОЛ МӘДЕНИЕТІ – АЙЫППҰЛДАН ТҰРМАЙДЫ
Жүргізушілердің тәртіпке бағынбауы – бөлек тақырып. Кейбірі жылдамдықты 100-ден асырып, бейнекамераны байқаса ғана тежегішті басады. Басқасы маневр жасау ережесін елемейді, бір сәтте авариялық ахуал тудырады. Тіпті кей жағдайларда көліктің өзі емес, жүргізушінің психологиялық дайындығы басты мәселе болып тұр. Көлік жүргізуді тек дағды емес, тәртіп пен төзім мектебі деп түсінетін сана қалыптаспаған. Міне, сондықтан рөлге отырған әрбір адамның шешімі – қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететін фактор. Жол мәдениеті – айыппұлдан емес, жауапкершіліктен туады. Қазір қоғамда «айыппұлды көп салады, нәтиже жоқ» деген пікір жиі айтылады. Шын мәнінде, жолдағы мәдениетті тек жазамен қалыптастыру мүмкін емес. Ол тәрбие мен түсініктен басталады. Мектеп қабырғасынан бастап «жол қозғалысы ережесі» пәнін оқыту, балалар мен жасөспірімдерге жолда өзін ұстау мәдениетін үйрету – ұзақ мерзімді, бірақ ең тиімді шара. Ал ересектерге келсек, жүргізушілік куәлікті алу процесін қатаңдату, психологиялық дайындықты тексеру – уақыт талабы.
ӘЛЕМДЕГІ ӘРЕКЕТ
Бүгінде әлем елдері жол апаттарын азайту үшін интеллектуалды бақылау жүйелеріне көше бастады. Мысалы, Жапонияда бағдаршамдар мен жылдамдық өлшегіштер біріктіріліп, жолдағы тәртіпті автоматты түрде бақылайды. Ал Еуропада жолдардағы қауіпті аймақтар жасанды интеллект арқылы бақыланады. Шиелі сияқты аудандарда мұндай жүйелердің элементтерін енгізу артық болмас еді. Бірақ технология қанша жетілдірілсе де, егер адамның ниеті мен тәртібі түзелмесе, нәтиже шықпайды.
БІЗДІҢ БАЙЛАМ
Шиеліде соңғы айларда тұрғындар арасында «қауіпсіз жол» тақырыбы жиі көтеріліп жүр. Әлеуметтік желілерде, жергілікті жиындарда адамдар жол апаттарының жиілегеніне алаңдаушылық білдіреді. Кей ата-аналар балаларын мектепке көлікпен апаруға мәжбүр, себебі жаяу жүру – қауіпті. Бұл – жай ғана аудандық мәселе емес, адам өмірінің бағасы туралы әңгіме. Күн сайын трассада, ауыл арасындағы жолда, көшеде біреудің тағдыры сыналып жатыр. Жол – тек қозғалыс кеңістігі емес, өмір мен өлімнің шекарасы. Шиелідегі биылғы апаттар – кездейсоқтық емес, жүйелік дағдарыстың көрінісі. Инфрақұрылым тозған, бақылау бар, бірақ сана өзгермеген. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полицияның ғана емес, әр азаматтың борышы. Ондағы ережені сақтау – заңға бағыну емес, адам өміріне құрмет білдіру. Өйткені рөлге отырған әрбір жүргізуші – бір сәтке қоғам тағдырының күзетшісі.
Сұлушаш МАДИЯРОВА