Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» Ұлағатты іске ұйыған ұрпақ

Ұлағатты іске ұйыған ұрпақ

Мешіт – мұсылман баласының қажетті дұға-тілектерін бір Алла Тағаладан ғана сұрайтын, пенделік қателіктері үшін кешірім сұрап, тәубеге келер мекені. Оның сыртында, мешіт табалдырығын аттаған жан қадамына сауап жазылады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылғандай мешітке келушілердің оң аяғына сауап жазылып, дәрежесі артатын болса, әрбір басқан сол аяғының күнә-кемшіліктері кешіріледі.
Мешітке келген жамағат – Алланың қонағы. Алла Тағаланың пендесіне дұғада тілегенін беріп, құр қол қайтармайтынын ескерсек, мешіт жамағатының Жаратушы нұрына бөленері сөзсіз. Алла үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» делінген.
Міне, сауапты істің сағасынан табылғысы келген жанның бірі – Құрманәлі Сақтағанұлы. Сөзімізді нақтылар болсақ, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Үш қоңыр ауылдық округіне қарасты «Үш терек» ауылында «Сақтаған ата» мешіті ашылды. Бұл сауапты іс Құрманәлі Сақтағанұлының балалары Нұржан мен Ержанның игі бастамалары болатын. Кәсіпкер қос азаматтың түп тамыры кие қонған Шиелі топырағынан тамыр тартады. Яғни, аталары Сақтаған Майлыбаев Шиеліде 1918 жылы туылып, елге абыройлы қызмет атқарып, «№1 Автобаза» мекемесінен зейнетке шыққан. Ұрпақ тәрбиесін де назардан тыс қалдырмаған Сақтаған Әбдіраманұлы мен Тұрғын Майлыбаеваның шаттыққа толы шаңырағында 9 ұл, 3 қыз өмірге келеді. Алайда, 1988 жылы Сақтаған Майлыбаев өмірден өткен соң әкенің тәлімді тәрбиесін алған ұрпақ өнеге жолынан жаңылмады. Шамалғаннан қоныс тепкен Құрманәлі Сақтағанұлының мақсатты ісінің бірегейі жамағаттың басын қосып, біріктіретін «Алланың үйін» салып, оған әкесінің атын беру еді. Осынау сауапты істің сәті қасиетті рамазан айына тура келіп, жуырда пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына ауылдан ат арытып барған ағайындар ұлағатты іске ұмтылып, имандылыққа үйірілген ұрпақтың әрекетінен үлкен әсермен оралды.
Дина ӘБІЛАСАН.
---
30 мамыр 2018 ж. 1 038 0