Көкшоқыға көк күмбез керек-ақ
Шиелі кентінің бүгінгідей көркейіп, тынысының кеңеюіне Көкшоқы мөлтек ауданының қосқан үлесі орасан. Жұрт
«жастар қалашығы» деп атап кеткен бұл елді-мекенде шындығында жастардың салауатты өмір салтын сақтап, мәдени шаралардың куәсі болып, ойын-сауық құруына қолайлы орындар жеткілікті. Барлығы дерлік заманауи үлгіде соғылған сол орындарға барсаңыз адам жанына жылылық сыйлайтын аура барын сезіне аласыз.
Мәселен, кіре берістен орын тепкен «Демеу» спорт кешеніндегідей үлкен жасыл алаң мен жабық футзалды басқа өңірлердегі қалалардан таппайсыз. Оның бер жағында орналасқан екі қабатты «Айналайын» балабақшасында балаларға барлық жағдайдың жасалғанын көзімізбен көріп жүрміз. Ал, келешек ұрпаққа батыр бабаларымыздың ерлігін насихаттап, тарихтан хабар шертіп тұрған «Тағзым» алаңы біз сөз етіп отырған Көкшоқының мерейін көтеріп тұрған жоқ па? Одан бөлек аудан халқының басым көпшілігін жұмыспен қамтып, аймақтағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға атсалысып жатқан ірі мекемелер де осында орныққан. Иә, айта берсек, Көкшоқыда көңілге қонымды дүниелер көп-ақ. Дейтұрғанмен, 1620 шаңырақ, 7000 тұрғыны бар бұл елді-мекенде Құдайға құлшылық қылатын құтхананың жоқтығы көңілімізге қаяу түсіріп отыр. Халқының саны мен жерінің көлемі жағынан мешіт заңдылығына сәйкес келетін елді-мекенде осы уақытқа дейін мұсылмандар «жұма» оқитын орданың болмауы бізді шын ойландырып тастады.
Жалпы, біз мешітке тек намаз оқып, өлгендерге құран бағыштайтын орын деп қарамауымыз қажет. Сонымен қатар, қасиетті құтхананың – елді имандылыққа шақырып, жастарға патриоттық тәрбие беріп, оларды дұрыс бағытқа бейімдейтін киелі орда екенін ескергеніміз жөн. Ал, осы тұста жастар жиі шоғырланатын бұл мөлтек ауданға Алла үйі ауадай қажеті сезіліп тұр. Оның үстіне ауданға келген қонақтар бұрынғыдай «Самара-Ташкент» трассасымен емес, қазір «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» даңғылы арқылы кіретін болған. Осы ретте, айналма көпірмен кентке кірген мейман Көкшоқыдағы көк күмбезді, менмұндалаған әсем мешітке көзі түсіп жатса керемет емес пе?
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла Тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттері. Ал, қаланың өте жаман орындары – базарлары», – десе. Тағы бір хадисінде мешіт салған адамдарға қатысты былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды». Ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс болған. Аталған хадистерге амал жасап, пайғамбар сүннетін жалғап келе жатқан ауданда атымтай жомарттарымыз баршылық. Бүгінгі күнге дейін, кент пен ауылдардағы іргетасы қаланған қандай да бір құтхана болса, сол елжанды азаматтардың жасаған игілікті істерінің дәлелі. Ендігі жерде, меценант, атымтай жомарт кәсіпкерлеріміз Көкшоқыға көк күмбезді мешіт салудың қамын жасаса, көкшоқылықтар үшін үлкен қуаныш болар еді.
Елдос Жүсіп.