Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі концерті туралы деректі фильм дайындап жатыр

«Мыңдаған жүрек. Бір дем. Бұл түн тарихта да, менің жүрегімде де мәңгі қалады.Осы арманды менімен бөліскен менің командама, музыканттарға, көрермендер мен осы сапарға сенім артқан әрбір жанға алғысым шексіз. Музыка бізді біріктіріп, соның нәтижесінде Қазақстаннан Америкаға дейін, жүректен жүрекке, жаннан жанға жетеледі», деп жазды Димаш Нью-Йорктегі концерттен кейін өзінің Instagram парақшасында.
Кеш соңында әнші үш жылдан астам уақыт бойы жазылған авторлық туындысын орындап, тыңдарманға ерекше әсер сыйлады. Бұл шығарма алғаш рет 2022 жылдың қыркүйегінде Алматыда өткен «Stranger» турының ашылу концертінде шырқалып, Димаштың тұрақты репертуарына енген.
Концерттен кейін Димаш жанкүйерлеріне арнаған үндеуінде бұл тарихи кеш жайлы «Армандардың тарихқа айналған сәті» атты деректі фильм дайындап жатқанын мәлімдеді.