
АСТАНА. KAZINFORM — Швеция алдағы қыста электр энергиясының айтарлықтай жетіспеушілігіне ұшырауы мүмкін. Бұған стратегиялық резервтің болмауы себеп — мемлекеттік Svenska Kraftnät компаниясы резервтік қуат көздерін сатып алуды тоқтатуға мәжбүр болған. АЗЕРТАДЖ мәліметінше, бұған дейін резервтік қуатты Карлсхамн қаласындағы маймен жұмыс істейтін электр станциясы қамтамасыз еткен, алайда оның келісімшартының мерзімі аяқталған. Еуропа Одағының мемлекеттік қолдауға қатысты жаңа ережелері келісімшарттар құнын шектеген, ал берілген барлық ұсыныстар осы шекті бағадан асып кеткен. Svenska Kraftnät өкілдері егер қатты аяз болып, электр энергиясының импорты азайса, уақытша жарықты сөндіруге тура келуі мүмкін екенін ескертті. Атом электр станцияларында ақаулар немесе электр желілерінде бұзылулар анықталса, жағдай тіпті күрделене түсуі мүмкін. Энергетика министрі Эбба Буш бұл мәселе бойынша Svenska Kraftnät компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатқанын және қажет болған жағдайда Еурокомиссиямен де талқылайтынын айтты. Социал-демократтар бұл жағдайға үкіметті кінәлап, Э. Буштың парламент комитетіне есеп беруін талап етті. Соңғы рет резервтік қуат нақты 2012 жылы қолданылған болатын, ал елде әлі күнге дейін мәжбүрлі электр сөндіру жағдайлары болмаған. Бұдан бұрын Швецияда ауыр қылмыс жасаған балаларды жазалау мәселесі талқыланды.