Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекені бизнестен табамыз

Берекені бизнестен табамыз


Өндірісі өркен жайып, кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келе жатқан өңірде тілге тиек етер толымды істер жетерлік. Сан сала бойынша сапалы істердің көзайымына айналған киелі мекенде кәсіпкерлік саласы төңірегінде сөз етпекпіз.

Биыл облыс бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласы одан әрі дамып, негізгі сектордың біріне айналып отыр. Аудандағы кәсіпкерлік саласындағы оң істер ел экономикасын көтеруге бағытталған  мемлекеттік бағдарламалардың жемісі болып саналады. Алдағы уақытта шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы салалық және өңірлік тауарлар мен қызметтерді көбейтуге үлкен мүмкіндіктер жасалмақ. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы арқылы қоғамдық саяси-тұрақтылық қамтамасыз етіледі. Бұдан он жыл бұрынғы уақытпен салыстырсақ, қаншалықты ілгері дамығанымызды көруге болады.
Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде шағын несие беру аясын кеңейту жөнінде тапсырма берген еді. Мұндағы мақсат – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар арас­ында жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Мұндай мол мүмкіндікті тиімді пайдалануға талпынған аудан тұрғындары да кәсіп бастауға өтініш білдіріп, пайыздық үстемесі жеңілдетілген қаржыға қол жеткізуде. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы аудан көлемінде 200 АЕК, яғни, 505 000 теңге мөлшерінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бағытында мемлекеттік грант беру мақсатымен республикалық бюджеттен 252,5 млн. теңге қаржыны 200 жас кәсіпкерге, 200 көпбалалы отбасыға және 100 өзге санаттағы жұмыссыз азаматқа бөлу жос­парлануда.
Сондай-ақ, Өңірлік инвестициялық орталық жанындағы бақылау кеңесінде мал шаруашылығынан басқа жобаларға 60 млн теңге бөлінді. Яғни 14 жоба қолдау тауып, қазіргі таңда қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде. Солардың қатарында жылыжай құрылысы, құс шаруашылығы, наубайхана, автокөлікке сервистік қызмет көрсету орталығы бар. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 4 азамат 24 млн теңге несие қаражатын алып, оған 795 бас қой алынып, кәсібін дөңгелетіп, шырайын келтіріп  отыр.
– Биылғы жылға 300 адамды  «Бастау-Бизнес» жобасы аясында қосымша оқытуға ұсыныс берілді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында  пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бағыты бойынша ағымдағы жылы жобалық құны 26,3 млн. теңгені құрайтын 3 жоба қаржыландырылса, екінші деңгейлі банкпен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының қарауында жобалық құны 233 млн. теңгені құрайтын 4 жоба қаралуда. Аудандағы  жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін  несиелендіру мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры мен екінші деңгейлі банк өкілдерімен тиісті жұмыстар жүргізілуде, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Есімов.
Осы бағдарламалардың шарттары бойынша ауданда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлерге жадынама ақпараттар электронды мекенжайларына жолданып, облыс әкімдігімен өткізілген жиналысқа 30-ға жуық кәсіпкерлер селекторлық байланыс арқылы қатыстырылды. Бүгінгі күні, бағдарламаға қатысу үшін 29 жоба бойынша 3,2 млрд. теңгеге ұсыныс беріліпті. Сонымен қатар,  бағдарламаға қатысу үшін 5 жобаның  құжаттары екінші деңгейлі банк­терге тапсырылды. Алдағы уақытта жастардың кәсіпкерлікке ынтасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілмек.
Тәуелсіздік алған 28 жыл ішінде ауыл-аймақта игі қызметтер атқарылуда. Мемлекет тарапынан зор қолдау болмаса, кәсіпкерлердің де ісі өрге жүзбеген болар еді. Осының нәтижесінде кәсіпкерлер туған жерінің  гүлденуіне қол ұшын созып жүр. Есімі елімізге етене таныс спортшы бүгінде білдей кәсіпкер,  Жақсылық Үшкемпіров: «Ауыл-аймақтың өсуі жолында қолымыздан келгенінше көмегімізді аямауымыз қажет» – деген еді. Тағы бір сөзінде: «Елімізде 5 жарым мың ауыл бар деп естимін. Сол ауылдардан еліне қамқор болар 5500 азамат  шықса, Қазақстан гүлденіп кетер еді» – деген болатын. Барды бар кезінде  бағалайық. Біздің ауданда  да мұндай қайырымды шара жасап жатқан азаматтар аз емес. Мешіт, спорт-сауықтыру кешенін, балабақша салып жатыр. Бірақ, әлі де болса, осылардың қатары көбейсе екен деген арман-тілегіміз бар.

Жұлдызай НОҒАЙБАЙҚЫЗЫ.
27 сәуір 2019 ж. 976 0