Бағдарламаларға басымдық беріледі
Биыл 1 қаңтардан бастап ауданда 4517 шағын және орта кәсіпкерлік орындар тіркеліп, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,2 пайызды құрап отыр. Яғни, 7786 адам жұмыспен қамтылған екен. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Болат Ысмағұлов жуырда өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев халықтың осал топтарын нәтижелі жұмысқа тарту үшін олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау бағытында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын қабылдаған болатын. Ауданда осы бағдарламаның жүзеге асуына үлкен мән беріліп келеді. Нәтижесінде былтыр 2018 жылы жұмыс іздеуші 2203 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, оның 1489 адамы жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылып отыр. Сондай-ақ, өңірде 1169 жаңа жұмыс орындары құрылып, тұрақты және маусымдық жұмыс орындарын ашу артығымен орындалды. 2018 жылы аудандағы шағын және орта кәсіпкерліктен 1 млрд. 995 млн теңгенің салықтық түсімдері түсіп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 158,5 пайызға артығымен орындалып, нәтижеге қол жеткізуде. Ал, 2017 жылы бұл көрсеткіш 1 млрд.258 млн. теңгені құраған.
Сонымен қатар, брифинг барысында кәсіпкерлік саласы бойынша биыл атқарылатын бірнеше міндеттерге аудан орынбасары тоқтала кетті. «Жыл қорытындысымен жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің 92 пайызға, жаңадан ашылатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 730-ға, айналым қаражаты 2 млн. теңгеден асатын кәсіпкерлердің үлесін 25 пайызға арттыруды үстіміздегі жылға жоспарлап отырмыз. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының 2 бағыты шеңберінде 180 жобаға шағын несие қаражат алу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетін болады» – дейді аудан әкімінің орынбасары Б.Әбдулхайысұлы.
Мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтарды азайту мақсатында 2018 жылдың басында «Шиелі ауданының мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, жұмыс жасап келеді. Бұл бөлімнің бағыты мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша жұмыстар атқару негізгі міндеті болып саналады. Осы мекеменің құрылу нәтижесінде жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік сатып алудың ашық конкурс тәсілімен 2 502 517,4 мың теңгеге 196 сатып алу өткізіліп, нәтижесінде 365 107,3 мың теңге қаржы үнемделген.
Ж.Ноғайбайқызы.