Нәтижелі даму: кәсіпкерлікте қарқын бар
Облыс бойынша 2019-2020 жылдар «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланды. Бұл жоба аясында аймақтағы шағын кәсіпкерліктің тынысы кеңейіп, көптеген жұмыссыз жандарға өз бизнесін бастау үшін мол мүмкіндік берілері сөзсіз.
Әлеуметтік сала – бүгінгі күні ең жауапты мәселенің бірі болып саналады. Сондықтан да, Үкімет тарапынан халықтың экономикалық ахуалын жақсарту мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2020» сияқты мемлекеттік бағдарламалар жарияланып, халыққа шапағатын тигізуде. Аталмыш бағдарламалар жарық көргелі ауыл тұрғындарына таныстыру, насихаттау жұмыстары жүргізіліп, оның бағыттарына жұмыссыз, өзін-өзі қамтыған азаматтар жұмылдырылды. Жұмыссыз азаматтарға, жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітіріп келген жас мамандарға, оқуға құштарлық танытқан азаматтарды және кәсіпорнын ашып, кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға кәсіпкерлік бөлімі мен жұмыспен қамту және азаматтық хал актілері бөлімі бағдарламаға қатысуға ықпал жасап, кеңес беріп келеді.
–Өткен жылдың өзінде ауданда 4517 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Яғни, олардың 2962-сі жеке кәсіпкер, 1020-сы шаруа қожалығы, 535-і заңды тұлға ретінде жұмыс жасайды. Жалпы, осының аясында 8 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып үлгерді. Одан бөлек жыл көлемінде аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субектілерінен 1 млрд.995 млн. теңге салықтық түсім түскен. Ал, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 250 азамат, «Бизнес кеңесші» жобасымен 151 адам оқу курстарын аяқтады. Бұған қоса, «Сыбаға», «Ырыс» бағдарламалары аясында 6 жоба 144,5 млн. теңгеге қаржыландырылды, – дейді, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы А. Ерназаров.
«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау бағыты бойынша ауданда жалпы құны 358,2 млн. теңгені құрайтын 15 жоба екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландырылса, ішінара кепілдендіру бағыты бойынша жалпы құны 29,2 млн. теңгеге 5 жоба мақұлданған. Бұл жобалар аясында 62 адам жұмыспен қамтылып отыр.
«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына «Гранттық қаржыландыру бойынша» ауданнан 100 жоба ұсынылып, комиссияның қорытындысымен 15 млн 300 мың. теңгені құрайтын 24 жоба қаржыландырылды.
Сондай-ақ, биылғы жылы Қ.Р Білім және ғылым министрлігімен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы келісім аясында жастар корпусын дамыту бағытында, «Zhasprojekt»жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жобаға 16 мен 29 жас аралығындағы жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі жасқа 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант қаражаты қарастырылған. Жоба аясында 121 жас жұмыспен қамтылды. Жалпы мемлекеттік бағдарламалар аясында өткен жылы жобалық құны 1 млрд. 572 млн. теңгені құрайтын 283 жоба қаржыландырылды.
Мақалада айтылған дерек, аудандағы кәсіпкерлік бағытында атқарылған жұмыстардың бір жылдық көрсеткіші. Алдағы уақытта кәсіпкерлік жылы аясында бұл көрсеткіш еселеп артатыны анық. Сондықтан, жұмыс жоқ деп жатпай, ізденіп, еңбек ету қажет. Әрекет түбі қашанда берекет болмақ.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ.