Темірден тұлпар мінді еңбеккерлер

Ақмаяның төрінде өткен салтанатты шараның алғы сөзі ауыл әкімі Б.Сағындықовқа берілді. Одан әрі аудандық мәслихаттың депутаты, Ақмая шаруа қожалығының төрағасы Д.Жұмбеков жыл басынан бері атқарған жұмыстар легімен таныстырды.
– «Ақмая ауылы «Авангард» күріш совхозымен танымал. Мұқым елге белгілі, тәуелсіздік жылдары осы ауылдағы шаруашылық қана талан-таражға түспей, қабырғасы сөгілмей, өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Енді міне, арада сан жылдар өтсе де, ауылдың адуынды өмірі тоқтаусыз тың серпінмен жалғасуда. Биылғы жылы ақмаялық диқандар 1300 гектар жерге күріш дақылын егіп, одан 53 центнерден жоғары өнім келтірді. Ал бидай 330 гектар жер аумағына егіліп, 25 центнерден өнім жиналды. Сондай-ақ жоңышқа 805 гектар жерді алса, одан 24 мың орам шөп әзірленді», – деді ол. Ақмаядағы шаруа қожалығы жыл сайын алтын дәнді егіп, оны халық игіліне жұмсағаннан бөлек қайырымдылық шаралармен де айналысады. Әрі ауыл тұрғындарына бақша өнімдерін егу үшін жер телімін беріп, мерзімінде үйді-үйге жоңышқа, күріш таратылады. Биылғы жылы да 14 мың орама шөп үлестіріп бергенін айтты шаруа қожалықтың басшысы Д.Жұмбеков.
Дала қосындағы бейнетке толы тірліктің нәтижесі қорытындыланған салтанатты шарада Ақмая шаруа қожалығының еңбеккерлері марапат биігінен көрінді. 160-қа тарта адам жұмыс істейтін шаруа қожалықтың бірлігі мығым. Қамбаны дәнге толтыру үшін аянбай еңбек еткен диқаншылар қауымы, яғни жүргізуші-механизаторлар мен звено жетекшілері, сушыларға 50 мың мен 1 млн теңге арасында қаржылай сыйақы беріп, сертификатын табыстады. Ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан С.Сенбеков, С.Әлтай, С.Тастанбек, Б.Жұмаевқа Жаңақорған ауданындағы шипажайға жолдама берді. Сонымен қатар звено жетекшілері Н.Байжанов пен Б.Есмұратовқа 500 мың теңге, Г.Пакқа 1 млн теңге көлеміндегі сыйақыны тапсырды. Еңбекке етін өлтіріп, жомарт жерден ризығын жиып, жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген озат механизатор Н.Абдраманов пен бейнеттің зейнетіне жеткен С.Көбегенге жеңіл автокөліктің кілтін табыстады. Сондай-ақ Шиелі ауданында тракторды тізгіндеп, егіс даласында бел жазбай еңбек еткен З.Ержанова, Ш.Қазанбаева, Ұ.Алтайбаева сынды шынарлардың ізін жалғап, «Дала гүлі» атанған №1 бригада бригадирі Г.Дәрібаеваға да темір тұлпардың кілтін ұсынды. Ұзақ жылдар бойы осы қожалықта жұмыс істеп, шаруалардың жай-күйін жасайтын озат электрик Е.Шілдебаев пен озат аспазшы Г.Ермұхамедованың да еңбгі елеусіз қалмады. Оларға да 50-60 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы ұсынды. Жұлдызы жанған Ақмаяның төріндегі марапаттың соңы мерекелік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар жырдан шашу шашты. Ауылдық клубтың меңгерушісі А.Қалекеев пен Мұқамедәлі Бекпейісов домбырамен халықты тербетті. Бастысы жыл бойғы еңбектің еленгені шаруалардың еңсесін көтеріп, келер жылға ерекше ықыласпен қадам басуға сеп болмақ.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ