Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ жеріндегі корей ауылы

Қазақ жеріндегі корей ауылы


Қойнауы құт, топырағы құнарлы Шиелі ауданының құрылғанына биыл 90 жыл толса, Ақмая ауылдық округіне 80 жыл. Ғасырға жуық уақытты артқа тастап, түрлі кезеңнен өткен туған жердің тарихы баршамызды қызықтырмай қоймайды. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтқандай, туған жердің тау-тасы мен әрбір қырқасы тұнып тұрған қазына.
Бір кездері кәріс ұлтының диаспорасына мекен болған Ақмая ауылының тарихы сонау 1853-55 жылдар тарих бетінде Ресей генералы В.Перовскийдің Сырдария өзені бойы­­мен саяхат жасап, қазақтың әлі дүре тимеген жерлеріне шолу жасаумен басталады. 1887 жылы Мәскеуден бері қарай теміржол тартылып, әр шақырым сайын бекеттер орналастырған. Сол тартылған теміржол 1904 жылы Шиелінің үстінен өтіп, 22-бекет «Ақмая» атаныпты. Әйгілі сталиндік қуғын-сүргіннің әлегімен 1937 жылы Қиыр Шығыстың Хабаровск өлкесінің Вяземек ауданынан Шиелі өңіріне көшіп келген корей халқы «Авангард» ауылының негізін қалаған еді. Қалың сексеуіл, жыңғыл, ағаштың түр-түрі өскен қалың тоғайды еңбекқор кәріс ұлтының өкілдерімен бірлесе жүріп егіс даласына айналдырады.
Бүгінде әлеуеті артып, жаңара түскен Ақмая ауылдық округінің келбеті ерек. Ажары айшықталған ауылдың кіре берісінде орналасқан жаңа төлқұжаты көздің жауын алса, заманауи спорт кешені, жаңа әкімшілік ғимарат, амбулаториясы мен клуб үйінің де сәні мен сымбаты келісіп тұр. Түрлі ұлт өкілдерімен бірлігі жарасып, қаймағы бұзылмастан ауқымды істердің де басын қайырып келеді. Жыл сайын қырманды қызылға толтырып, күріші мен дәнді-дақылын жиып теретін диқан қауымы басымырақ. Өйткені, 16 Еңбек Ері шыққан топырақтан егіс даласына жақын еңбеккерлердің бой көрсетпеуі мүмкін емес-ті. 80 жасқа келген қариядай өткенге көз тастап, болашақты бағамдасақ, әлі де ұзақ жасай беретініне сеніміміз кәміл. Жыл сайын жаңару мен жаңғыруға бейімделген ауылдың бүгіні осындай. Ал, ертеңгі күні бәрі де басқаша болмақ.

Майгүл КЕНЕБЕКОВА,
Ақмая ауылдық кітапханасының кітапханашысы.
03 қараша 2018 ж. 1 950 0