Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңатұрмыста жаңалық көп

Жаңатұрмыста жаңалық көп

Ауыл десе, елең етпейтін қазақ кемде-кем. Қазақы тәрбиенің қайнар көзі осы ­ауылдан бастау алады. Әнебір жылдары ауыл тұрғындарының қалалық жерлерге үдере көшуі байқалған еді. Қазір бұл көш сиреді. Себебі елімізде ауыл шаруашылығын өркендету бағытында мемлекеттік бағдарламалар жүргізіліп келеді. Онымен қоса, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы артып, ауылішілік жолдарға асфальт төселіп, инфрақұрылым жаңғыруда. Сондай ауылдардың бірі – Жаңатұрмыс ауылдық округі. Бүгінде бұл мекен гүлденген, әлеуеті зор, ауыл шаруашылығы жанданған берекелі елді мекенге айналған.
Жаңатұрмыс ауылдық округі – Шиелі ауданы орталығынан 4-5 шақырым ғана қашықтықта орналасқан. Қазіргі таңда 185 үй мен 1068 адам тұратын ауылдық округте осыдан 4 жыл бұрын жеке кәсіпкерлер саны 20-дан әзер асса, бүгінде оның саны 46-ға жеткен. Ел-жұрттың айтуы бойынша биыл ­ауылда атқарылған істер мен тындырымды тірліктер жетерлік.

Тіршілігі түрленіп келеді
Ауыл үшін бүгінгі таңда ең қажеттісі – жұмыс орындарын ашу. Бұл да шешілмейтін мәселе емес. Көзін табуға болады. Әкімнің қабілет-қарымы байқалатын тұс та – осы жер. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, ауылда екі қолға бір күрек табылса, ешкімнің де қалаға беттегісі келмейтіні анық. Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Балдәурен Шәкіртаевтың айтуынша, ауылдағы ағайынның қазіргі кәсібі – мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы.
Ауылдық округ бойынша 21 шаруа қожалығы тіркелген. Олардың 4 егін және мал шаруашылығымен, қалған 17 бірыңғай мал шаруашылығымен айналысады.
Ауыл шаруашылығы саласының негізін ­«Байсын» шаруақожалығы құрайды. Шаруашылық мал және егін егумен айналысады. Биыл су тапшылығына қарай, 500 гектар жерге күріш ексе, шаруа қожалық және жеке тұрғындар есебінен 452 га жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырып, қазіргі таңда егілген дақыл түрлерінен жоғары өнім алды. Сонымен қатар мал шаруашылығы саласында мүйізді ірі қара 2998 бас, қой-ешкі 1929 бас, жылқы 560 басқа көбейді, – дейді ауыл әкімі.
Ауылда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың негізгі бағдарламалары жүзеге асуда. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту үш маңызды мәселені: салық базасының ұлғаюын, жаңа жұмыс орындарының құрылуы және қоғамдық-саяси ахуал тұрақтылығының жақсаруын қамтамасыз ететінін атап өткен абзал. Жұмыспен қамту – кез келген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Ал азаматтарды жұмыспен қамтудың баламасы ол – кәсіпкерлік. Есепті кезеңде ауылдық округ бойынша тіркелген субъектілер саны 77-ге жеткен. Оның 10-ы заңды тұлғалар, 21-і шаруа қожалықтар, 46-сы жеке кәсіпкерлер. Ауылдық округте шағын және орта бизнесті, кәсіпкерлікті дамытудың іс-шара жоспарына сәйкес «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 3 ауыл тұрғыны 3 675 600 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алса, 4 ауыл тұрғыны жеңілдетілген төмен пайызбен несие алуға құжаттарын өткізіпті. Бұған дейін ауылда монша, шаштараз, мал бордақылау алаңы сынды кәсіп түрлері ашылып, ауыл халқының аудан орталығына келіп-кету машақаты азайған болатын. Ендігі жерде тағы да кәсіпкерлер қолдау тапса, жаңа кәсіп көздері ашылып, тұрғындар жұмыспен қамтылмақ.

Ауыл абаттанса, халық қанаттанады
Ауыл әкімі Б.Шәкіртаев мемлекеттік бағдарламалар аясында бүгінгі таңда бірқатар жоба толық іске асырылғанын атап көрсетті. Оның қатарында ауылішілік көшелерін орташа жөндеу, көше бойын жарықтандыру жобалары бар. Сонымен қатар қолға алынған құрылыстарды да тілге тиек етті. Оның ішінде ауыл халқына қуаныш сыйлағаны 250 орындық жаңа мектептің кірпіші қаланып басталды. Тұрғындардың көптен бері тілеген тілегі қабыл болып, жаңа мектеп құрылысын жүргізіп жатқан мердігер ЖШС «Авангард ПГС» мекемесі Байсын ауылына балалар ойын алаңын соғуға келісім беріп, қазіргі таңда жаттықтыру алаңы бар балалар ойын алаңының құрылыс аяқталыпты. Сонымен қатар былтыр С.Асанов көшесі мен Б.Әбдімомынов көшесінің тұйығына асфальт жұмыстары жүргізілсе, биыл А.Қазыбаев пен Т.Нәлібаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 20 млн 571 мың теңге бөлініп, 2 көше пайдалануға берілгенін де аңғардық.

Мәселе де жоқ емес
Жаңатұрмыс ауылдық округі көгілдір отынға алғашқылардың бірі болып қол жеткізген ауыл. Сонымен қатар ауыз су, аяқ су мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Ендігі жерде жел үп етсе жылп етіп сөніп қалатын жарық мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Ауыл халқы жарық мәселесі жанымызға батып тұр десті. Ал ауыл әкімі Б.Шәкіртаев аудан әкімінің тікелей қолдауымен жаңадан қуаттылығы жоғары ­трансформатор орнатуға аудандық бюджеттен 3,600 мың теңге қаржы бөлінгенін алға тартты. Қазіргі таңда ауыл әкімдігі тарапынан арнайы жер белгіленіп, тиісті құжаттары жасалуда және сатып алу жұмыстары бітіп, ұтып алған мердігер өз жұмысын кіріскенін айтты. Демек бұл мәселе де биылғы жылы шешімін табады деп үміт етеміз.

Г.ДҮЙСЕБАЙ
24 қараша 2022 ж. 433 0