Тірлігі жанданған Тартоғай
Ауыл – ұлттың ұйытқысы. Бар береке осында. Етек-жеңін жиып, айрандай ұйып отырған елді-мекендердің еңсесі биік. Түтіні түзу шыққан ауылдардың тірлігіне қызығасың. Сондай тіршілігі тындырымды ауыл – Тартоғай ауылы. Негізгі тіршілігі ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы. Біле білгенге ауыл тұнған береке. Бау-бақша егесің, мал ұстайсың. Міне, сондай еңбекқор азаматтары бар Тартоғай ауылында «Әлібай» шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Алма бағы үшін алынған 10 га. жер телімінің 5 гектарына «Ренат Симиренко» сортынан 5000 түп, «Голден Делишес» сортынан 5000 түп алма егілген. Қожалық төрағасы Сейтқазы Әлібаев тамшылатып суғару әдісін пайдаланып 2017 жылы 5 млн. теңге, «Қызылорда» аймақтық инвестициялық орталығынан 2018 жылы 10 млн. теңге несие алып, 5 гектар жер телімін игеру жұмыстарын жалғастыруда. Яғни, ауылда қимыл қозғалыс бар, қозғалыс болса тіршілік бар.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты бойынша ауылдың 5 азаматы «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқу оқып, сертификат алған. Ал, аталған бағдарламаның үшінші бағыты бойынша, ауыл тұрғыны Бекзат Жолдыбаева «Қызылорда» аймақтық инвестициялық орталығынан 1 млн. көлемінде шағын несие алып, «Шлакоблок» жобасы бойынша қайтарымсыз негізде 500 мың теңге грант ұтып алды. Бұл ауыл тұрғыны үшін зор қуаныш. Осыдан-ақ, ауыл азаматтарының еңбекке деген ықыласы, кәсіпкерлікке бетбұруы байқалады.
Сонымен қатар, мұнда белсенді жастар жетерлік. Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасы аясында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, ауыл тұрғыны Рауан Сейдахметов 1 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып, ешкі сүтін өндіру фермасын ашты. Қазіргі таңда 9 бас «Зааненская» асыл тұқымды ешкіден күніне 4-5 литр сүт алып, ферма жұмысын одан әрі дамыту бойынша қарқынды жұмыс жасауда.
Елді-мекен халқы үшін ең басты қуанышты жаңалық, облыстық бюджеттен 148 млн. теңге қаражат бөлініп, Тартоғай ауылдық мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Еліміз экономикалық, қаржылық қиындықтарға төтеп беру үшін кәсіпкерлік саласы мықты болуы керек. Шағын және орта бизнесі дамыған мемлекеттер кез келген дағдарысқа қарсы тұра алады. Сондықтан да, біздің елде жеке кәсіпкерліктің қанатын кеңге жаюына бар жағдай жасалуда. Алайда, жалпы ішкі өнімде шағын және орта бизнестің алар үлесі әлі де көп емес. Сол үшін де мемлекеттің ендігі мақсаты – жеке кәсіпкерлер санын арттыру болып отыр. Өйткені, кәсібін ашқан азаматтар көбейсе, бюджетке салық есебінде түсетін кірістер де молая түседі. Ал, мемлекет қазынасы қомақты болса, әлеуметтік мәселелерді шешуге қаржы тапшылығы қолбайлау болмайды.
Тіршілігі тындырымды Тартоғайда кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтардың жұмысына, береке берсін деген тілегіміз ғана бар.
Айнұр НАЗАРОВА.