Агросаланың алты айдағы асуы
Қазіргі уақытта ел экономикасын сауықтырып, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында әр салада ауқымды жобалар жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Сол саланың бірегейі – ауыл шаруашылығы саласы. Ауыл шаруашылығы ұлттық экономикамыздың негізін құрайды. Ауыл шаруашылығы еліміздің экономикалық, әлеуметтік өмірінде айрықша орын алатыны баршымызға белгілі.
Осы ретте, аудандық ауыл шаруашылығы саласында өткен алты айда қандай жұмыстар жасалды және қандай өзекті мәселелер шешімін табуы тиіс екендігін сөз етпекпіз.
Сонымен, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбековтың бізге ұсынылған мәліметіне сүйенсек, 2018 жылы аудан бойынша 29062 гектар жерге егін егіліпті. Атап айтсақ, негізгі дақыл болып саналатын күріш – 12500 гектар жерге орналастырылса, күздік бидай – 936 гектар, жаздық бидай – 257 гектар, жүгері – 250 гектар, тары – 65 гектар, мақсары – 1014 гектар, жаңа жоңышқа – 3035, ескі жоңышқа – 6588 гектар, мал жемдік асқабақ – 89 гектар, картоп – 1050, көкөніс – 1285, бақша – 1993 гектарды құрапты. Мұнымен қоса Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты «Сыр Игілігі» ЖШС 200 га. жайлымдық жерден егістік алқабына ауыстырылып, айналымға қосылған.
Алайда, биылғы жылы диқандарды мазалаған мәселе – «су тапшылығы болуы мүмкін» деген ескерту еді. Мемлекетаралық келісім бойынша, маусым айында Қызылорда облысы аумағынан секундына 400 текше метр су өтуі тиіс болатын. Ал, қазір Шардара су қоймасынан төменге қарай секундына 102 текше метр ғана су құйылған. Яғни, бұл болжанған көлемнен 4 есе аз, ал былтыр дәл осы уақытпен салыстырғанда 6 есеге төмен. Ы.Жақаев ауылындағы «Алтын дән-Шиелі» шаруа қожалығы биыл 900 гектар жерге күріш еккен. Қожалық негізінен 1000 гектар жерді жоспарлапты. Ал, «Төңкеріс-К» шаруа қожалығы 1000 гектар егіп, танаптарды кезекпен суғару үстінде екен. Қожалықтың төрағасы Б.Көпеевтің айтуынша, канал-жаптарды тазалағанымен, су өз деңгейінен төмен екен.
Дегенмен, қожалық төрағалары аудан әкімдігі мен сала мамандарының назарында екендігін де тілге тиек етті. Сөзіміз жалаң болмас үшін аудан әкімімен бекітілген іс шара жоспарына сәйкес егілген егісті сусыз қалдырмау мақсатында Ақмая және Бестам ауылдық округтерінде 8 насос құрылғысы жұмыс жасап тұрғандығын айта кету керек.
Мал шаруашылығы бойынша мемлекеттік қолдаудың арқасында асыл тұқымды ірі қара 602 басқа, асыл тұқымды қой 8272 басқа, жылқы 144 басқа, түйе 380 басқа жетті. Бүгінде 5 шаруа қожалықтарда мал бордақылау алаңдары іске қосылып, мал бордақылануда. Ауданда 16 қолдан ұрықтандыру пункттері жұмыс істейді. Қызылорда қаласындағы «Асыл Тұқым» ЖШС-мен және «Жаңақорған-Асыл түлік» ЖШС-мен келісім шартқа отырып, жеке қосалқы шаруашылықтағы малдарды қолдан ұрықтандыру жұмыстары жалғасуда көрінеді. Жыл басынан бері мүйізді ірі қара малдарын қолдан ұрықтандыру жұмыстары бойынша 2593 бас аналық сиыр қолдан ұрықтандырылған.
Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бойынша жүргізілген нәтижелі жұмыстың есебіне үңілсек, бүгінгі таңда жүргізілген насихаттау жұмыстарының арқасында 197 майда қожалықтар мен 309 дара кәсіпкерлердің бірігуімен, 36 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Оның ішінде 6 кооператив егін шаруашылығы бағытында болса, 6 кооператив мал шаруашылығы, 21 кооператив аралас бағытта, 1-і бал арасы бағытында, 1-і балық шаруашылығы және 1-і сүт өңдеу бағытында жұмыс жасайды екен. Өздеріңізге белгілі Елбасының тапсырмасымен «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» әзірленіп, бекітілген болатын. Осы бағдарламаның бірінші кезектегі міндеті агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін майда шаруашылықтармен жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалана отырып, біріншіден өндіріс көлемі мен экспортты арттыру, екіншіден жаппай нәтижелі жұмыспен қамтуды ұйымдастыру болып табылады. Осыған сәйкес, ауданымызда «Ырыс» бағдарламасы аясында 50 ауыл концепциясы бойынша аудандағы 4 ауыл шаруашылығы кооперативінің 118 мүшесі 398,6 млн.теңге қаржы алса, «Шиелі ырысындағы» 70 адам – 253 млн.теңге, «Шиелі - Береке-Агроның» 19 адамы – 63,8 млн.теңге, «Бәйтерек Агродағы» 9 адам – 20,8 млн.теңге, «Шиелі төрт-түлігі» құрамындағы - 20 адам – 61 млн.теңге және «Жөлек Ырыс» кооперативі 15 млн. қаржы алып, 60 бас мүйізді ірі қараға қол жеткізген көрінеді.
Сала бойынша әңгімені одан әрі жалғар болсақ, ендігі кезек су және балық шаруашылығына тиесілі. Халықаралық қаржылық ұйымдарының есебінен қаржыландырылатын қажетті суармалы жерлердің су шаруашылығы және ирригация инфрақұрлымдарын қалпына келтіруге аудан бойынша ұсынылған 1772,2 гектар жердің канал, қашыртқылары иесіз екендігі анықталып, «Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің меншігіне алу жұмыстары жүргізілген. Ауданда тауарлы балық өндіруге қолайлы иесі бар 20 көл, иесіз 19 көл, барлығы 39 көл тіркеуде көрінеді.
Қорыта айтқанда, жоғарыда аталған іс шаралардың нәтижесі ауылдағы ең басты сала болып табылатын ауыл шаруашылығының өнімдерін молайту және мал шаруашылығын дамыту, оның сапасын арттыру, жерді тоздырмай, ұтымды пайдалану, суландыру көздерін реттеу, жердің меншік иесін толық анықтау арқылы несие жүйесін азаматтарға қызмет етуіне қол жеткізу, шаруаларды қажетті мерзімде қаржыландыру, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру – еліміздің басты міндетіне айналып отыр. Ел болашағы үшін ауыл шаруашылығын дамыту маңыздылығын қоғам санасымен сезінсе, жалпымыз болып, ауылды жандандырудың стратегиялық міндеттерін жүзеге асыру жолында мақсатты қызмет етсек, осы мақсатқа жету тек уақыт мәселесі ғана болар еді.
Дина ЖҮСІПОВА