ЕҢБЕКШІДЕ МАЛ БАСЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Қазанатын баптаған, қазақы дәстүрді сақтаған ауылдағы негізгі кәсіп – егін және мал шаруашылығы. Нарық заманына бейімделген ауыл халқы нәпақасын әр саладан тауып жүр. Мұнда жұрт кәсіпкерліктің де көзін табуға бейілді. Қазіргі таңда ауылдық округ бойынша 117 кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның ішінде 14-і заңды тұлға, 64-і шаруа
қожалық, 40 жеке кәсіпкер және 1 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген.
– Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі мал шаруашылығы. Осы жылы мал басы едәуір артты. Атап айтар болсам, мүйізді ірі қара – 5230 (3905 бас), уақ мал – 27776 (22587 бас), жылқы малы 1219 (1058 бас), түйе – 434 бас. Осы жылы 2 кәсіпкеріміз «Наурыз-Дем» кредиттік ұйымы арқылы құны 115 млн теңге болатын жоба ұсынып, оң шешімін тапты. 1 кәсіпкеріміз «Қызылорда ӨИО» микроқаржылық ұйымы арқылы құны 4 млн теңге және 3 кәсіпкеріміз аргарлық корпорациясы арқылы 80 млн 150 мың теңге несие алып, жұмыстарын жандандыруда. Бүгінге күнге барлығы 200 млн 375 мың теңге көлемінде несие және грант алынып, жұмыстар жасауда, – дейді ауыл әкімі Бағдат Серікбайұлы
Ауыл әкімінің сөзінен аңғарғанымыздай, Еңбекші ауылы жатып қалып бір тоқты, жайылып мың қой болатын ырысты өлке. Сары далада отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы, келе-келе түйенің саны артқан. Ауылдың берекесін кіргізіп отырған да күйірсіген қи иісі. Ауыл халқы төрт түліктің тұяғын тең ұстап, пайдасын көруде.
Дейтұрғанмен, атам қазақ ежелден «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп, қой шаруашылығына ерекше маңыз берген. Сондықтан, қиыншылығы мол болса да, ата-баба кәсібенен қол үзбей, оны өркендетіп келе жатқан азаматтар баршылық. Осындай күрмеуі қиын түйіндерге де қарамастан, аудан көлеміндегі мал өсірушілер ата кәсіпті табыс көзіне айналдырып отыр. Өйткені, сай-салалы, қыратты өңірдің мал жайылымдары кең, өрісі шұрайлы, ауа райы қолайлы болып келгендіктен, бұл кәсіпті әрмен қарай ілгерілете беруге әбден болады.