Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЙСЫНДАҒЫ БАЙЫПТЫ БАСТАМА

БАЙСЫНДАҒЫ БАЙЫПТЫ БАСТАМА

Жаңатұрмыс ауылдық округі – Шиелі ауданы орталығынан 4-5 шақырым ғана қашықтықта орналасқан. Қазіргі таңда 185 үй мен 1068 адам тұратын ауылдық округте осыдан 4 жыл бұрын жеке кәсіпкерлер саны 20-дан әзер асса, бүгінде оның саны 46-ға жеткен. Ел-жұрттың айтуы бойынша биыл ауылда атқарылған істер мен тындырымды тірліктер жетерлік.
Осы кезге дейін аталған ауылда көшелерге жөндеу жұмыстары, балалар ойын алаңы, жаңа мектеп салу сынды мәселелер тұрғындар тарапынан айтылған болатын. Нәтижесінде ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын А.Қазыбаев пен Т.Нәлібаев көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 21,0 млн теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары қараша айында толық аяқталады. Сонымен қатар ауылда балалар спорт ойын алаңын «Авангард ППС» ЖШС салуда. Көлемі 900 шаршы метрді құрайды. Рас, Жаңатұрмыстағы мектептің тозығы жеткен. Себебі ол 1965 жылы салынған. 100 орындық мектепте бүгінгі таңда 226 бала білім алуда. Мектепте спорт зал, асхана, акт зал атымен жоқ. Бір сөзбен айтқанда мектеп санитарлық нормаға сәйкес келмейді. Соған байланысты елді мекеннен 250 орындық №207 мектептің құрылысына 762 млн теңге қаржы қаралды. Осы жылы оның 180 млн теңгесі бөлініп, құрылыс жұмыстары басталыпты. Сонымен қатар ауылдағы медициналық пунктке дәрігер бөлу штаты шешіліп, арнайы білікті санаттағы дәрігер жұмыс істеуде.
Ал бүгінгі күні мұндағы негізгі мәселе – жер. Аудан басшысы жер заңнамасы аясында бұл мәселе шешіліп, Президент тапсырмасы бойынша пайдаланылмай жатқан жерді ауыл тұрғындарының пайдалануына беру үшін мемлекет меншігіне алынатынын жеткізді. «Естеріңізде болса, 3 ай бұрын біршама мәселе көтерілген болатын. Олардың барлығы дерлік бірізділікпен шешімін тауып жатыр. Ауыл шаруашылығы жерлердің басымдығы негізге алына отырып, жыл басынан бері 15 тұлғадан жалпы көлемі 7520 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Ауданда Еңбекші, Жаңатұрмыс, Ақтоған ауылдық округтерінде егістік және жайылымдық жер мәселелері бар. Туындаған мәселелерге қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда Еңбекші ауылдық округіндегі орналасқан көлемі 500 гектар жайылымдық жер учаскесі жыл соңына дейін елді мекеннің жайылымына қайтарылатын болады» деді аудан әкімі.

«Өскен өңір» ақпарат
18 қараша 2022 ж. 165 0