Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мың қосшыға бір басшы, әлеуметтік желіде өз үніңді қосшы!

Мың қосшыға бір басшы, әлеуметтік желіде өз үніңді қосшы!

Ауыл әкімдерінің онлайн байланысы міне осымен 3 апта бойы жалғасып келеді. 9 ақпан күні Талаптан ауылдық округі әкімінің баяндамасынан кейін 22 ауылдық округ әкімдерінің жаңаша есебі түгелдей қорытындыланады.
Осыған дейін газетімізде кент әкімі мен 6 ауылдық округ әкімінің тікелей қосылымын сөз етіппіз. Сондай-ақ, ауыл халқы белсенділік танытқан ауылдарға ғана басымдылық беруді жөн санадық. Мұндағы мақсат біз тоқталмаған ауыл тұрғындарына қозғау салып, алдағы айларда белсенділік танытуға шақыру болатын.

Ортақшылда мәдениет үйі бой көтермек
Биыл ортақшылдықтар түрлі мәдени шараларын жаңа мәдениет үйінде өткізуі мүмкін. Ауыл әкімінің айтуы солай. Сондай-ақ, ауылдағы 5 көшеге асфальт төсеу, Достық және Бейбітшілік көшелеріне жай жөндеу жұмыстарын жүргізу және түнгі жарық шамдарын орнату секілді ағымдағы жұмыстарда өз ретімен жүре бермек.
Ал ауылға аса қажетті мәдениет үйінің жайына келер болсақ, ауыл­да мәдениет үйі атымен жоқ болатын. Оның қызметкерлері болса ескі әкімдік ғимаратындағы шағын бөлмеге орналастырылған. Ауыл әкімінің сөзіне сенсек, былтырғы жылы мәдениет үйінің құрылысына қажетті жердің құжаттары рәсімделіп, «мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне» жобалық сметалық құжаттар жіберілген. Жоспар ­бойын­­ша оның құрылысы биыл басталуы керек.

Бәйгеқұмда 80 процент жолға асфальт төселген
Өткен жылы Бәйгеқұм ауылында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы ­бойынша Асан-ата, Бала би, Желтоқсан көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Бала би, М.Әуезов, Асан-ата көшелеріне түнгі жарық шамдар орнатылған.Ауылға кіре беріс аумаққа жаңа төлқұжат жасалынып, ауыл-аймақтың көркін арттырған.
Ал биылғы жылы жастар аллеясына және балалар ойын алаңын салу үшін тиісті құжаттар дайындалып, қаражат бөлінуін күтуде. Ауылда бас аяғы 11 көше болса, соның ішінде 9 көше толықтай асфальтталған. Сондай-ақ, ұзындығы 644 метр болатын Абай көшесінің бұрын 3/1 бөлігі ғана асфальтталған болса, биыл соның қалған бөлігіне асфальт жабындысын төсеу үшін тиісті қаражат сұралуда. Ауыл әкімі болса, «Бюджеттен сұралған қаражаттар толықтай бөлінген жағдайда ауыл көшелерін 100 процент асфальттауға ­дайынбыз», – дейді. Ауылда көшелер тақтайдай тегіс болып, жаяу жүргіншілер жолы салынса, ол әрине ауылдың туристік әлеуетінің артып, келуішлер ағынының көбеюіне сеп болары сөзсіз.

Алмалының алда жоспары көп
Алмалы ауылында 450 отбасы немесе 2096 халық тұрады. Оның ішінде 938-і экономикалық белсенді азаматтар қатарында. Ауылдық округте «көркейту-көгалдандыру айлығы» ұйымдастырылып, ауыл аумағындағы жасыл белдеулерге, мектеп ауласына 330-дан астам саялы ағаштар отырғызылған. «Өңірлерді экономикалық дамыту» бағдарламасы шеңберінде ауылдық округке қарасты 21 бекеттегі Ш.Құдайбергенов көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балалар ойын алаңы мен шағын спорт алаңы пайдалануға берілген. Алмалы елді-мекеніндегі М.Мәметова, А.Иманов көшелеріне асфальт төселіп, А.Байтұрсынов, А.Иманов көшелеріне көше жарығы жүргізілген.
Ал биыл мынадай жұмыстар атқару жоспарланып отыр:
1. Кәсіпкерлік саласын дамыту; 2. Алмалы ауылына жаңа дәрігерлік амбулатория салу 3. Көшелерді жөндеу жұмыстарын жалғастыру 4. Жаңадан берілген жер телімдеріне инфроқұрылым тарту 5. Алмалы ауылдық клубы құрылысын бас­тау 6. Ауылдық округке қарасты Тоғайлы елді-мекеніндегі көшелерді құжаттандырып, инфрақұрылым тарту 7. Ауылдық округке көгілдір отын әкелу. Ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелер қатарында қоғамдық көлік жұмысын ұйымдастыру, ауылды қаңғыбас иттерден тазарту, М.Жұмабаев көшесіндегі түнгі жарық шамдарды жөндеу, ауылға кіре беріс аумаққа арка орнату секілді өзекті мәселелер бар.

Ақтоған ауылдық округінде қоғамдық көлік жұмысы қалпына келтіріледі
Ақтоған ауылдық округі, ­Досбол датқа елді-мекенінде 205 отбасы, 1117 адам тұрады. Елді-мекенде жалпы 7 көше болса, оның жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайды. Сондай-ақ, былтыр кіре беріс аумаққа арка мен төлқұжат соғылған.
Ал өткен айдың желтоқсан айына дейін үздіксіз қатынап отырған қоғамдық көліктер Ә.Тәжібаев ауылындағы көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланыс­ты тоқтап қалған. Тұрғындардың ұсынысымен алдағы апталардың бірінде күніне 3 мезгіл қоғамдық көліктердің қозғалысы ұйымдастырылады. 2022 жылы 3 көшеге асфальттау жұмыстары және бірнеше көшеге жарық шамдар орнату жоспарланған. Ең ауқымды жобалардың қатарында ауылдық амбулаторияның құрылысы, қосымша трансформатор орнату мәселелері бар.

Бестам ауылында 150 орындық мәдениет үйі соғылады
Бестам ауылдық округінде бүгінгі таңда 346 отбасы, 2056 адам тұрады. Білім саласы бойынша ауылда орта мектеп пен жеке балабақша жұмыс істейді. Денсаулық саласы бойынша ауылдағы дәрігерлік амбулатория арқылы вакцинация алуға құқылы тұрғындардың 100 проценті вакцина қабылдаған. Алайда, ауылдық амбулатория ғимаратының стандарттарға сай еместігі анықталып, тиісті орындарға хат жолданған. Сонымен бірге ауылдағы мәдениет үйінің де апатты жағдайда екендігі анықталып, биыл жаңа 150 орындық мәдениет үйі бой көтермек. Спорт саласына келер болсақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында соғылған спорт кешенінде күрес, таэквондо спорты түрлерімен 45 бала айналысуда. Биылғы жылға жоспарланған жұмыстардың қатарында газ жүйесін тарту, көшелерді асфальттау жұмыстары да бар.

Рамазан Әнәпия
08 ақпан 2022 ж. 508 0