ҚҰЛАҚТАН ҮНІҢ КЕТПЕСТЕЙ, СЫҢҒЫРЛА, күміс ҚОҢЫРАУ
Мектеп ауласын ерекше көңіл-күй тербеді. Қолына гүл ұстаған түлектер, ақ бантик таққан бүлдіршіндер, толқынысын жасыра алмаған ата-аналар… Ал көктемгі самалмен бірге сыңғырлаған соңғы қоңырау үні балалық шақтың соңғы парағын баяу ғана жапқандай әсер қалдырды. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер бүгінде үлкен өмірге қанат қаққан жас түлекке айналды.25 мамыр күні Шиелі ауданындағы барлық білім беру ұйымында «Соңғы қоңырау» салтанаты ұйымдастырылды. Мектеп қабырғасымен қоштасқан жас түлектер үшін мереке қуаныш пен қимастық қатар өрілген ерекше күн болды.
Аудандағы іргелі білім ошағының бірі – Ыбырай Алтынсарин №219 атындағы орта мектепте өткен салтанатты шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, бітіруші түлектерге жүрекжарды тілегін жеткізді. Мерекелік жиынға білім саласының ардагерлері, ұстаздар қауымы, ата-аналар мен аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты рәсім барысында аудан басшысы мектеп бітіруші түлектер мен алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге сәттілік тіледі.
– Мектеп – білім мен тәрбиенің киелі ордасы. Бүгінгі жас түлектер – еліміздің ертеңі. Әрқайсыңыздан елге қызмет ететін білімді, еңбекқор, отаншыл азамат шығады деп сенемін, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласына айрықша көңіл бөліп отырғанын айтып, өңірде жүзеге асқан маңызды жобаларға тоқталды.
Соңғы жылдары Сыр өңірінде білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Облыс көлемінде 200-ден астам әлеуметтік нысан салынып, оның ішінде 45 жаңа білім беру ұйымы пайдалануға берілген. Президент бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептер бой көтеріп, оқушылар сарайы, «Сыр жұлдыздары» академиясы мен музыкалық колледж секілді маңызды нысандар ел игілігіне табысталды.
Шиелі ауданында да білім саласын дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі жалғасуда. 2023 жылы Байсын ауылында №207 Жаңатұрмыс орта мектебі пайдалануға берілсе, 2024 жылы Жансейіт ауылындағы №133 негізгі мектеп ел игілігіне тапсырылды. Сонымен бірге №252 Г.Ковтунов атындағы мектеп-гимназиясында қосымша бастауыш сынып ғимараты іске қосылды.
Өткен жылы аудан орталығында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» ашылып, өскелең ұрпақтың сапалы білім мен өнерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік жасалды. Ал №219 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңғыртылды.
Кеште аудан абыройын асқақтатқан дарынды жастар да ерекше аталды. №127 Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-лицейінің егіз түлектері Кәусар және Гауһар Алтынсары Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Кәусар 140 балл жинаса, Гауһар 139 балл иеленіп, үздік білімнің үлгісін көрсетті.
Аудан әкімі ұстаздардың еңбегіне де ерекше тоқталып өтті.
– «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы». Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолындағы педагогтердің еңбегі әрдайым құрметке лайық, – деді.
Қазіргі таңда Шиелі ауданында 37 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Ауданда үш ауысымды әрі апатты мектептердің болмауы – білім саласына көрсетіліп отырған нақты қолдаудың айқын дәлелі.
Биыл аудан бойынша 1118 оқушы мектеп бітірді. Оның 938-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуда. Сонымен қатар, 93 оқушы «Алтын белгіге», ал 108 түлек «Үздік аттестатқа» ұсынылған.
Мерекелік шара мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасып, соңғы қоңырау үнімен және түлектердің әсерлі вальсімен қорытындыланды.
Сыңғырлаған қоңырау үні мектеппен қоштасқан сәтті жүректерге мәңгілік естелік етіп қалдырды. Ал жас түлектер үшін ендігі жол – үлкен өмірге бастар жаңа белес.
Айнұр Махсұтқызы,
сурет Бақытжан Бәйімбет
сурет Бақытжан Бәйімбет








