Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Соңғы қоңырау сыңғыры

Соңғы қоңырау сыңғыры

Мамырдың 25-і күні аудандағы барлық мектепте соңғы қоңырау салтанаты өтті. Бұл – оқушылар үшін бір жылдық ізденіс пен талаптанудың нәтижесі, жаңа белеске қадам басудың айқын белгісі. Мектеп оқушылары ұстазының үнін сағынатынын сезсе де, жазғы демалыстан кейін кездесетініне үмітпен, уақытша қоштасты. Ал үлкен өмір жолына қадам басқалы отырған түлектердің тұла бойын алтын ұя мектебіне, ұстаздары мен достарына деген қимастық сезімі билегені анық.
Мереке күні аудан әкімі Нариман Мақұлбеков іргелі білім ордасы №127 Ш.Уалиханов атындағы мектеп-лицейінде өткен «Сыңғырла соңғы қоңырау» атты салтанатты шараға қатысты. Жиынға білім саласының ардагерлері, ұстаздар қауымы мен ата-аналар оқушыларға қолдау көрсетіп келді. Шара барысында аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, мектеп бітіруші түлектерге және мектеп табалдырығын жаңадан аттаған жас жеткіншектерге сәттілік тіледі.
Құшағы гүлге толған түлектердің көңілі толқып тұрды. Өйткені бұл жеткіншектерді енді мектеп партасы күтпейді, керісінше үлкен өмір жолына қадам басқалы тұр. Арман арқалаған жастар енді әр қиырға аттанбақ. Тек одан бұрын 11 жыл алған білімді қорытындылар сын ұлттық бірыңғай тестілеу бар. Бұл сынға аудандағы 939 мектеп бітірушінің 778-і қатысқалы отыр. Олардың 32-сі «Алтын белгі» иегерлері.
Соңғы қоңырау салтанаты мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласып, қоңырау соғу рәсімімен және мектеп түлектерінің вальсімен аяқталды.
Дәл осы күні Ақмая ауылындағы №49 мектеп те 27-түлегін қанаттандырып, ұшырды. Салтанатты шара барысында жиынға қатысушылар мектеп бітіруші түлектер мен бірінші сынып оқушыларын арнайы құрметпен қарсы алды. Одан кейін, мектептің 2002 жылы бітірген түлектері алаңға шақырылды.
ҚР Мемлекеттік Туы көтеріліп, Әнұран орындалғаннан кейін, алғаш болып сөз сөйлеген мектеп директорының міндетін атқарушы Ғалымжан Абдраманов мектептің жетістіктері мен білім беру саласына үлес қосқан ұстаздардың еңбегіне ерекше тоқталып өтті. Оқу жылын үздік аяқтаған оқушыларға мақтау қағазын тапсырып, келер жылға сәттілік тіледі.
Одан әрі мектеп түлектерін құттықтау, бастауыш сынып бүлдіршіндерінің өлең шумақтарымен жалғасын тапты. Әр бүлдіршіннің жеке-жеке құттықтауынан кейін мектеп түлектері оларға өз алғысын білдірді.
Сонымен қатар, осыдан 20 жыл бұрын мектеп бітірген құрдастар да ортаға шығып, алтын ұя мектебі мен ұстаздарға ризашылығын білдірді. Шара соңында соңғы рет күміс қоңырау соғылып, түлектер 11 жыл бойы оқыған алтын ұяларымен қоштасты.

Гүлхан ЯХИЯ
28 мамыр 2022 ж. 1 214 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930