Аман тұр, ұстаз, алтын ұя – мектебім
Міне, тағы бір оқу жылы аяқталып, соңғы қоңырау үні де сыңғырлады. Дәл осы күні жүректері дүрсілдеген жеткіншектер қияға қанат қақты. Оқушылар үшін соңғы қоңырау рәсімінің маңызы айрықша. Жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде өтетін бұл шара көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлайтыны да рас. Бұл күні ақ бантик таққан арулар мен ақжейделі ұлдар өңірдің сәні мен мәнін келістіретіні сөзсіз. Енді санаулы күннен соң емтихан науқаны мәресіне жетіп, мұғалімдер мен оқушылардың асыға күткен жазғы демалысы да басталады.
Биыл ауданда 33 мектептен орта білім алып шыққан 593 мектеп бітіруші үлкен өмірге қадам басты. Олардың арманы биік, көңілі алаң. Өйткені қорытынды аттестаттау, одан кейін ұлттық бірыңғай тестілеу, мамандық таңдау сияқты жауапты кезең күтіп тұр. Соңғы қоңырау үнімен тебіреніп, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» алтын ұя – мектептерімен қимай қоштасар сәті түлектердің жадында мәңгі жатталатын шақ. Сондықтан олар мектеп табалдырығымен қоштасу сәтін ерекше өткізуге барын салады.
Салтанатты мерекелік шара №46 А.Пушкин атындағы мектеп-лицейінде ерекше тойланды.«Құлақтан үнің кетпестей, Сыңғырла, соңғы қоңырау» деп аталған жиынға аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Жаниязов пен аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Айнұр Байхожина арнайы қатысып, мектеп ұжымын биылғы оқу жылын сәтті аяқтауымен құттықтады.Аудан бойынша оқушылар санымен салыстырғанда өзге мектептерден оқ бойы озық тұрған бұл білім ордасында 1500-ге жуық шәкірт тәрбиеленуде. Оқу жылының басында 187 оқушы бірінші сыныпқа қабылданса, мектептен 42 түлек түлеп ұшқалы тұр. Олардың екеуі алтын белгіге, төртеуі үздік аттестатқа үміткер оқушылар.
Салтанатты сапта мектеп партасымен қоштасқан түлектер алтын ұяларымен қоштасып, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына шексіз алғыстарын білдірді.Дәстүр бойынша мектеп бітірушілер білімнің алтын кілті мен спорт кубогын 10 сынып оқушыларына аманаттады. Жыл бойы түрлі жетістіктерге жетіп білім ордасының абыройын асқақтатқан оқушыларды мектеп-лицейдің директоры Айжан Қарекеева марапаттап, алғыс хаттарын табыстады. 11 сынып оқушылары «46 түлектері» атты ән шырқап, мектеп табалдырығымен қимастықпен қоштасты.
Дәл осындай шара кенттегі №244 Ы.Жақаев атындағы қазақ орта мектебінде жалғасты. Шараға аталмыш мектептің алғашқы түлектері, аудан әкімінің орынбасары Тұрмағанбет Жағыпбаров пен білім бөлімінің бас маманы Рабиға Тәжібаева арнайы қатысып, мерекелік ізгі тілектерін жеткізді. Сонымен қатар жиында ардагер ұстаздар Сапар Таңатаров пен Алтынай Абдуллаева да бой көрсетіп, кейінгі буынға сәттілік тіледі. Соңғы қоңырау шымылдығы мектеп директоры Мария Елшібекованың құттықтау сөзімен түрілді. Ол мектептегі облыстық, республикалық, халықаралық білім бәсекелерінде оза шауып жүрген ұстаздар мен оқушыларды құттықтап, мектеп мақтаныштарының мерейін үстем етіп, өзі де марапаттан құр қалмады. «Білім жанашыры» медалі мен «Жеті өнер» граммотасын, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректорынан арнайы құттықтауын аудан әкімінің орынбасары салтанатты түрде табыстады. Шара барысында 11 сынып оқушылары өздерінен кейінгі өсіп келе жатқан буынға білімді шәкірт болуларын тілеп, үлкен үмітпен білім кілтін табыстаса, 10 сынып оқушылары да сәттілік тілеп нық сеніммен, қабылалды. Мектеп бітірушілер кішігірім концерттік бағдарлама тарту етіп, әсем әндер мен қоштасу вальсін орындап, көрерменді тәнті етті. Мерекелік жиынға осыдан 10, 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер де ерекше дайындықпен келген. Айта кетейік, аталған мектепті биылғы оқу жылында 31 түлек аяқтаса, оның 4-еуі алтын белгіге үміткер. Салтанатты шарада мектеп оқушылары бір-бірін оқу жылының аяқталуымен құттықтап, бітіруші түлектер білім ордасымен қимай қоштасты.
Соңғы қоңырау сыңғыры №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы мектеп-лицейінде де ерекше естілді. «Сыңғырла, соңғы қоңырау» атты салтанатты жиынға мектеп оқушылары, мұғалімдер, ардагер ұстаздар және «Нұр Отан»партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Патима Маханбет білім бөлімінің басшысы Болат Сейілханов пен мектептің 1999 жылы бітірген түлегі, Шиелі аудандық сот төрағасы Марат Күздеубаев қатысты.Мерекелік жиында «Жастар жылы – жаңғыру жолы» атты мектеп мақтаныштарының жұлдыздар шеруі ұйымдастырылды. Айта кетейік, аталған мектептен биыл 19 түлек түлеп ұшқалы тұр.
№47 мектеп-лицейінің ұжымы да оқу жылын сәтті аяқтады. Шарада оқу ордасының басшысы С.Апбасова мен аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Ақпанбетов құттықтау сөз сөйлеп, үздіктерді марапаттады. Жиналғандар білім ордасының үздік оқушылар шеруін тамашалады. Онда халықаралық ғылыми жоба жеңімпаздары, республикалық, облыстық олимпиада жүлдегерлері, спорттық сайыстардың шеберлері бой көрсетті. Салтанатты жиында мектеп бітіруші 35 оқушы тілек шарын ұшырып, ән мен биден шашу шашты. Олардың 3-еуі алтын белгіге, 1-еуі үздік аттестатқа үміткерлер қатарында.
Әрине, мектеп бітірушілердің кешін айтпағанда, соңғы қоңыраудың соғылар күні де ата-аналар мен мұғалімдерді әжептеуір әбігерге салатыны бар. Ең бастысы, аяулы алтын ұядан қанаттанып шыққан жас түлектің өмірдің өз қазанында қайнап, ел мен жерге қызмет етер азаматқа айналуы болса керек!Абай хәкім айтқандай, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан!..»
Гүлхан ЯХИЯ.