Балалық шақтан – болашаққа
Бүгін мектеп бітіруші түлектердің мерекесі. Бұл мереке ата-аналар үшін қуанышты күн болса, түлектер үшін қимас балалық шақпен қоштасу күні. Осылайша оқу жылы өз мәресіне жетіп, ауданның барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Соңғы қоңырау үнi сыңғырлап, жаңадан жауапты өмiрге аяқ басқан түлектер алтын ұя мектептерiн аяқтайды.
Соңғы қоңырау үнінің өзіндік сыры бар. Бұл – балалық балдәуреннің бір белесі. Енді аз кем күннен соң емтихан науқаны аяқталып, мұғалімдер мен оқушылардың асыға күткен жазғы демалысы да басталады. Ал он бір жыл бойы білім нәрімен сусындап, бір отбасының балаларындай болған оқушылар бір-бірімен қоштасып, өмірдің үлкен жолына бет алады. Дәл осы күні соңғы қоңыраудың сыңғыры ерекше есте қалып, жасөспірімдер толғаныста болады. Үлкен армандарының асқар шыңына жетелейтін алғашқы баспалдақты баса отырып, түлектер алтын ұяларынан біржола түлеп ұшады. Олар үшін сыңғырлаған жез қоңыраудың үні соңғы рет соғылады. Биыл аудан бойынша 593 түлек мектеппен қош айтысады. Оның 31-і «Алтын белгіге» үміткер қатарында. Алдағы ҰБТ сынағына 448 мектеп бітіруші қатысуға ниет білдіріп отыр.
– «Тағы бір оқу жылын аяқтадық. Түлектер үшін мектеп қабырғасында соғылған соңғы қоңыраудың сыңғыры, балалық бал дәуренмен қоштасар сәт. Ұстаздар он бір жыл бойы тәрбиесін шыңдаған, білімін жетілдіріп, қанаттандырған өрендерін ешқашан ұмытпай, жетістіктеріне қуана бермек. Сондықтан жас түлектерге сәттілік тілеп, өмірдің қазанында қайнап, ел мен жерге қызмет ете берсін», – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов.
Әрине, мектеп бітірушілердің кеші де, түлектердің таң шапағын қарсы алуы да ата-аналарды, оқушылар мен мұғалімдерді әжептәуір әбігерге салғанымен әп-сәтте өте шығады. Ең бастысы, аяулы алтын ұядан қанаттанып шыққан жас түлектердің өмірге деген қадамы сәтті болсын. Алтын ұямен қоштасар сәт таяп, кешегі тұлымды ұл атжалын тартып, азамат болғанын, бұрымды қыз бой жеткенін бүгін ғана сезінгендей, көңілдері толқып, жүректері лүпілдейді. Алғаш әріп танытқан, бойларына жақсылықты дарытқан, балалығы мен шалалығын кешірген аяулы ұстаздарын қимаса да, қияға құлаш сермейді, аңсауға толы арманға қол созады.
Ж.Қауғанбаева.