Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Айбынды ерлер ардақталды

Айбынды ерлер ардақталды

Шиеліде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ел қорғаны болған азаматтарға ерекше құрмет көрсетілді. Аудандық Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде өткен тағылымды кеш рух пен патриотизмді ұлықтаған мазмұнды мерекеге айналды.
Мерекелік шараға ардагерлер, әскери сала қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысып, ел тыныштығы жолында еңбек еткен азаматтарға ізгі тілектерін арнады.
Салтанатты жиында аудан әкімі Айтбай ­Жандарбеков жиналған жұртшылықты Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, бұл мерекенің елдік пен ерліктің символына айналғанын атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлыбек Нәлібаевтың Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалуын ерекше атап өтіп, бұл шешімнің аймақ үшін зор мәртебе екенін жеткізді.
Кеш барысында ел тәуелсіздігі мен тыныштығы жолында қызмет еткен азаматтардың ерлігі кеңінен дәріптелді. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, Ауған соғысы жауынгерлерінің және халықаралық бітімгершілік миссияларға қатысқан әскери қызметшілердің есімдері құрметпен аталып, олардың өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі ретінде насихатталды.
Шиелі өңірінен шыққан даңқты тұлғалар – Кеңес Одағының Батыры Георгий Ковтунов, генерал-лейтенант Құлахмет Қалменов, генерал ­Бекзатхан Асқаров, теміржол саласының генералдары Жақанша Ахметов пен Алтынбек Сейілхановтың есімдері мақтанышпен аталып өтті.
Сондай-ақ ауданның ел қорғанысын нығайтуға қосып отырған үлесі де ерекше айтылды. Биыл ауданнан 42 азамат әскер қатарына аттанса, қазіргі таңда 114 жас сарбаз Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жүр.
Мерекелік кеште Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысып, ерлік көрсеткен азаматтарға «Чернобыль ардагерінің ерлігі үшін» төсбелгісі табысталды. Аталған марапат Бейсенбай Тәжібайұлы, Бөрібай Бекмұрат, Әбдіманап Мұратов, Қанат Әлімбетов, Жолдасбек Сыздықов, Жарқынбай Рыспанбетов, Ғалымбек Төлегенов, Балтабай Райымбек және Еркін Төлегеновке берілді.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінен жасақталған бітімгершілік батальонының тәжік-ауған шекарасынан шығарылғанына 25 жыл» толуына орай «Қазбат» медалі Фархат Жұмабаев, Әлімжан Нұрмахан, Бекболат Әбуов, Қанат Бейісов, Ерғали Далабаев, Яхия Құлмышев және Бағжан Жасыбаевқа табысталды.
Шара аясында облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен бірқатар азаматтар марапатталып, олардың ел дамуына қосқан еңбектері жоғары бағаланды.
Кештің көркін патриоттық әндер мен рухты сахналық қойылымдар аша түсті. Жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың әсерлі өнері көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекенің маңызын айшықтай түсті.
Тағылымы мол шара елін қорғаған ерлерге деген құрметті арттырып қана қоймай, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рухты сіңірген рухани мазмұны терең кеш ретінде есте қалды.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
11 мамыр 2026 ж. 60 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (9402).

13 мамыр 2026 ж.

№34 (9401).

09 мамыр 2026 ж.

№33 (9400).

05 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031