Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІДЕ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ ТОЙЛАНДЫ!

ШИЕЛІДЕ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ ТОЙЛАНДЫ!

Бүгін Мұстафа Шоқай атындағы орталық алаңда облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың қатысуымен «Құт-береке бастауы – Наурыз» атты Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесіне арналған ауқымды мерекелік шара өтті.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет барша жұртшылықты әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, бұл күннің халқымыз үшін маңызы зор екенін атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде елімізде өткен республикалық референдумға Қызылорда облысының тұрғындары жоғары белсенділік танытып, 93,04 пайыз дауыс бергенін атап өтті. Бұл – ел азаматтарының бірлігі мен мемлекет болашағына деген жауапкершілігінің айқын көрінісі екенін жеткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтып, барша аудан тұрғындарың татулық пен бірліктің, жаңару мен жасампаздықтың символы – әз-Наурыз мерекесімен құттықтады.
Өз кезегінде аудан әкімі Айтбай Жандарбеков та жиналған қауымды мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысының, Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауымен, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Сондай-ақ,мерекелік шара барысында ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мерекесі 14-23 наурыз аралығында «Наурызнама» онкүндігі аясында кең көлемде аталып өтуде. Осы игі дәстүр аясында Шиелі ауданында да ұлттық нақыштағы киіз үйлер тігіліп, тұрғындар мен қонақтарға арналған мазмұнды мәдени-рухани бағдарлама ұйымдастырылды.

Киіз үйлерде халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлері кеңінен насихатталып, көрініс тапты. Атап айтқанда, бесікке салу, тұсаукесер, беташар сынды ұлттық рәсімдер көрсетіліп, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, қолөнершілердің көрмесі мен фестивалі өтті. Театрландырылған қойылымдар арқылы халқымыздың бай мұрасы дәріптелді. Шара барысында ел ағалары кішкентай бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, олардың өмір жолына ақ тілек пен баталарын берді. Бұл – ұрпақ сабақтастығын айшықтайтын тағылымды сәттердің бірі болды. Мерекелік іс-шара аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен әсем ән мен күйге толы концерттік бағдарламаға ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі 

22 наурыз 2026 ж. 42 0