АҚМАЯ АУЫЛЫНДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ!
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы 16 наурызда Ақмая ауылдық округінде кең көлемде аталып өтті. Әз-Наурыз тек табиғаттың жаңаруымен ғана емес, халқымыздың бірлігі мен татулығын, ізгілік пен берекесін айшықтайтын рухани құндылықтарға толы мереке болып саналады.Мерекелік шара барысында ауыл тұрғындары ұлттық киім киіп, ақ дастархан жайып, қонақжайлық дәстүрді паш етті. Ауыл өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, жыр мен термеден өрнек өрді. Ұлттық салт-дәстүрлер дәріптеліп, қазақы болмыс пен мәдениет кеңінен насихатталды.
Шараға Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, ауыл тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Аудан басшысы ел бірлігі мен ынтымағының маңыздылығына тоқталып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
Сонымен қатар «Наурызнама» онкүндігі аясында 21 наурыз – Ынтымақ күніне орай мерекелік мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары мерекелік көңіл-күйге бөленді. Балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық ойындар, ән-күй кештері және көрмелер халыққа мерекенің шынайы рухын сездіруге мүмкіндік берді.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі





