Ұлыстың ұлы күніне дайындық: мәдени шаралар легі
Көктемнің шуақты мезгілімен бірге келетін Ұлыстың ұлы күні – халқымыздың ең қастерлі әрі көне мерекелерінің бірі. Табиғат түлеп, күн мен түн теңесетін мезет адам баласының да рухани жаңарып, жаңа бастамаларға бет бұратын шағын білдіреді. Сондықтан Наурыз – тек табиғаттың жаңаруын бейнелейтін мереке ғана емес, адамдар арасындағы сыйластықты арттырып, береке мен бірлікті дәріптейтін ерекше мейрам.Елімізде жыл сайын Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтіледі. Биыл да мерекені жоғары деңгейде қарсы алу мақсатында республика көлемінде Наурыздың онкүндігі ұйымдастырылып отыр. Мерекелік кезең ұлттық мәдениетті насихаттайтын, салт-дәстүрді жаңғыртатын және қоғамдағы ізгілік пен татулықты дәріптейтін көптеген бастамалармен ерекшеленеді.
Осыған орай аудан әкімдігінің баспасөз орталығында брифинг өтті. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аруна Өркенқызы алдағы мерекелік бағдарламалар туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, Наурыздың онкүндігі – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, халықтың рухани өміріне серпін беретін маңызды кезең.
– Наурыз – халқымыздың сан ғасырлық тарихымен сабақтасып жатқан ерекше мейрам. Осындай мерекелік кезеңде адамдар бір-біріне ізгі тілектерін айтып, татулық пен достықты нығайтады. Сондықтан аудан көлемінде мәдени және қоғамдық бағдарламалар кеңінен ұйымдастырылып жатыр, – деді бөлім басшысы.
Мерекелік онкүндік 12 наурыздан бастау алып, 23 наурызға дейін жалғасады. Әрбір дата белгілі бір мазмұнға ие болып, қоғамдағы маңызды құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Онкүндіктің алғашқы күні – 12 наурыз Жаңару мен ұлттық құндылықтар мерекесі. Аталған дата ұлттық мұраны дәріптеуге арналмақ. Мәдени кездесулер, көрмелер мен танымдық бағдарламалар арқылы тұрғындарға қазақ халқының дәстүрлері мен рухани құндылықтарының мәні кеңінен түсіндіріледі.
13 наурыз – Самарқанның көк тасы еріген күн. Халық танымында бұл мезет адамдардың жүрегі жұмсарып, бір-біріне кешіріммен қарап, татулыққа ұмтылатын кезең ретінде сипатталады. Осыған байланысты қоғамдағы келісім мен өзара сыйластықты насихаттайтын шаралар өткізіледі.
14 наурыз – Көрісу күні немесе Амал мерекесі. Қазақ халқының ежелгі дәстүріне сай тұрғындар бір-бірімен қауышып, амандық сұрасып, үлкендерге құрмет көрсетеді. Аталмыш дәстүр халықтың бауырмалдық қасиетін айқын танытады.
15 наурыз – Қайырымдылық күні. Мейірімділік пен жанашырлықты дәріптейтін бұл кезеңде әлеуметтік тұрғыда қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсету, үлкен буын өкілдеріне қамқорлық таныту бағытында қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Ұлттық өнер мен мәдени мұраны насихаттайтын концерттік бағдарламалар, көрмелер және шығармашылық кездесулер өтеді.
17 наурыз – Шаңырақ күні. Отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған аталмыш мереке аясында ата-анаға құрмет, ұрпақ тәрбиесі, отбасының қоғамдағы орны туралы тәрбиелік кездесулер ұйымдастырылады.
18 наурыз – Ұлттық киім күні. Қазақ халқының дәстүрлі киім үлгілерін кеңінен таныстыру мақсатында тұрғындар ұлттық нақыштағы киімдер киіп, сән көрсетілімдері мен арнайы көрмелер өткізіледі.
19 наурыз – Жаңару күні. Табиғатпен үндес бұл кезеңде қоршаған ортаны қорғау, абаттандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу сияқты бастамалар жүзеге асырылады.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Қазақтың дәстүрлі спорт түрлері кеңінен насихатталып, түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, қазақша күрес, асық ату, арқан тарту және басқа да ұлттық ойындар өткізіледі.
21 наурыз – Ынтымақ күні. Қоғамдағы татулық пен достықты нығайтуға бағытталған мәдени бағдарламалар ұйымдастырылып, ел ішіндегі бірлік пен келісімнің маңызы кеңінен насихатталады.
Ал 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні, яғни Наурыз мейрамы. Аудан орталығында кең көлемді мерекелік бағдарламалар, театрландырылған көріністер, концерттер мен халықтық серуендер ұйымдастырылып, тұрғындарға наурыз көже ұсынылады.
Онкүндіктің қорытындысы 23 наурыз – Тазару күнімен түйінделеді. Осы кезеңде елді мекендерді абаттандыру, қоршаған ортаны тазарту және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
Аруна Өркенқызының айтуынша, мерекелік бағдарламалардың басты мақсаты – ұлттық дәстүрлерді дәріптеу арқылы жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру.
– Наурыз – халықты бірлікке, татулыққа үндейтін ерекше мейрам. Сол себептен ұйымдастырылып отырған мәдени бағдарламалар тек мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған, – деді ол.
Сонымен қатар бөлім басшысы аудан тұрғындарын мерекелік онкүндік аясында өтетін барлық шараларға белсенді қатысуға шақырды. Осылайша, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында аудан көлемінде ұйымдастырылып жатқан мәдени бағдарламалар легі тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, ұлттық дәстүрлердің маңызын кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Айнұр ИБРАШЕВА







