Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Амалдың ақ таңында – ағайынның амандығы

Амалдың ақ таңында – ағайынның амандығы

Көктемнің шуағы сезіліп, табиғат жаңарып, тіршілік қайта түлейтін шақта халқымыз үшін ерекше мәнге ие Амал мерекесі де өз сән-салтанатымен аталып өтеді. Қыстың қытымыр күндері артта қалып, жұртшылық бір-бірімен қауышып, ақжарма тілектерін арнайтын бұл күн – береке мен бірліктің, ізгілік пен татулықтың айқын көрінісі. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көрісу дәстүрі адамдарды жақындастырып, ағайын-туыс пен көрші-қолаңның арасындағы сыйластықты арттыра түседі. Осындай мазмұны терең, тағылымы мол мереке – халықтың рухани өмірінде айрықша орын алатын құндылықтардың бірі.
Жақында Мұстафа Шоқай атындағы орталық алаңда көктемнің жарқын ­бастауы саналатын Амал мерекесіне орай кең көлемді мерекелік іс-шара өтті. Ұлттық дәстүр мен халықтық құндылықтарды ұлықтаған басқосуға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады.
Шара барысында аудан әкімі Наурыз мейрамының халқымыз үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Табиғат түлеп, тіршілік жаңаратын кезең қазақ халқының рухани өмірінде де маңызды орын алады. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрлер қайта жаңғырып, халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтатын игі кезең саналады.
– Баршаңызды көктемнің шуақты ­бастауы – Амал мерекесімен, Көрісу күнімен шын жүректен құттықтаймын! Амал – ата-бабамыздан жеткен тағылымы терең, мағынасы зор мереке. Қыстың қытымыр күндерін аман өткізіп, көктеммен қауышқан халық бір-бірімен көрісіп, ақ тілегін арнайды. Қазақ халқы ежелден «Бір жасыңмен!» деп амандық сұрасып, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет танытқан. Мұндай дәстүрлер халқымыздың бауырмалдық пен татулыққа негізделген өмір салтын айқындайды. Елімізде 14-23 ­наурыз аралығында Наурызнаманың онкүндігі аталып өтеді. Әр күннің өзіндік мазмұны бар. Ұлттық мәдениетті жаңғыртып, жас ұрпақтың санасына рухани құндылықтарды сіңіруге арналған маңызды кезең, – деді аудан әкімі.
Мерекелік шарада жиналған қауым бір-бірімен төс қағыстырып көрісіп, ақжарма тілектерін білдірді. Алаңда ұлттық салт-дәстүрлерден көріністер көрсетіліп, қазақы рәсімдер көпшілік назарына ұсынылды.
Мерекелік бағдарламаның жалғасы аудан өнерпаздарының концерттік қойылымымен өрбіді. Әсем ән мен күмбірлеген күй көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар ұлттық ойындар ұйымдастырылып, қол күрес, асық ату секілді дәстүрлі спорт түрлерінен жарыстар өтті.
Осындай игі шаралар ұлттық рухты көтеріп, ел ішіндегі татулық пен бірлікті арттыра түседі. Жастардың ата-дәстүрге деген қызығушылығын оятып, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге үндейді.
Айта кетейік, Наурызнаманың онкүндігі аясында аудан көлемінде мәдени-рухани және спорттық бағыттағы көптеген іс-шара өткізіліп, ұлттық мұраны дәріптеу жалғасын табады.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
суретті түсірген Бақытжан БӘЙІМБЕТ
17 наурыз 2026 ж. 32 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№20 (9387)

17 наурыз 2026 ж.

№19 (9386)

14 наурыз 2026 ж.

№18 (9385)

07 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031