АМАЛ КЕЛДІ, ЖЫЛ КЕЛДІ!

Шежірелі Шиелі өңірі де Көрісу күнін ерекше тойлап өтті. Ұлттық нақышта киінген, жүздерінде жарқын күлкі мен қуаныштың нышаны байқалған аудан жұртшылығы кеше «Руханият орталығында» жиналды. Ерекше салтанатпен, ұлттық үлгіде безендірілген киіз үйдің ішінде бір-бірімен бір-бірімен төс қағыстырып, ыстық ықыластарын білдіріп, өзара амандық тілесті. Төрде түрлі дәмнен жайылған мол дастарқан, ыстық бауырсақ, ағарған – қазақы рухтың көрінісі болды. Бұл жерде талай ғасырлық дәстүр мен нағыз тәрбиенің іздері анық байқалды. Сонымен, көненің ізін жалғаған көнермес салт-дәстүрдің көрінісі дәл осы жерде қайта жаңғырды. Амал мерекесі айнала гүлденіп, көгалдана түссін деген ниетте жерге ағаш отырғызудан басталды. Жер-Анадан нәр алған жас шыбық рухани орданың алдында бой көтерді. Бұл табиғаттың мәңгілік жаңаруы мен келешектің жарқын болашағына деген үмітті білдірді. Қазақтың қара домбырасымен орындалған жарапазанның әуенімен мереке ашылып, өнерпаздар жұртшылықтың көңілін көтеріп, тойдың ерекше сәнін әрмен қарай қыздырды. Мерекелік жиынның алғы сөзін аудан әкімі Айтбай Жандарбеков ашып, қонақтарды Көрісу күнімен құттықтады. – Ұлт ойшылы Мәшһүр Жүсіптің өзі 14-ші наурызды көктемнің алғашқы күні деп, «Наурызнама» мейрамының тойлануын жазған. Бізде де биылғы жылы еліміз бойынша 14-23 наурыз аралығында Наурызнаманың онкүндігі аталып өтіледі. Осы уақыт аралығында әр күнге ерекше атау беріліп, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз жан-жақты дәріптеледі және ол дәстүрге айналады. Міне, бүгін сол дүбірлі тойдың беташар сәті» – дей келе, «Оразамыз қабыл болып, Амалдан амалға аман-есен жете берейік!», – деп аудан әкімі сөзін аяқтады.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил нақ осы күннің маңыздылығын түсіндіріп, жүрекжарды лебізін жеткізді. – Құрметті ағайын! Алдымен, Рамазан айы құтты болсын, ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Мемлекет басшысының ұсынысы қазақы салтдәстүрлердің жаңғыруына жаңа жол ашты. Осы он күн ішінде бірлігіміз бен ынтымағымыз артып, өзара сыйластық пен құрмет орнайды деп сенемін. Наурыз тойының алғашқы мерекесі – бүгінгі Амал күні. Бұл – адамдардың бір-біріне рақмет айтып, төс қағысып, рухани жақындасатын күні. Төле би айтқандай, «Өмірдің ең тәттісі – сыйластық». Егер арамызда сыйластық болса, бәрі де оң болады. Сондықтан аудан мен ел үшін еңбек етіп, бір-бірімізді бауырдай көріп, әрқашан қолдау көрсете жүрейік, – деп қонақтарға ақ батасын берді. Қазыналы қарияның берекелі батасы жиналған жұрттың жүрегін жылытты. Шара мерекелік концертке ұласып, қонақтар әжелер ансамблінің әсем әуендеріне құлақ салды, қазақы салт-дәстүрлердің үлгісіне куә болды. Әсіресе, халық арасында әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан қол күрес, арқан тартыс сияқты спорттық ойындар көрермендерді ерекше тәнті етті. Бұл шаралар Наурыз мейрамы мен Көрісу күнінің әсем атмосферасын, көңіл-күйін одан әрі арттыра түсті. Мінекей, шиеліліктер үшін Наурыз тойы осылай басталды. Иә, Әз Наурыз мерекесі – тарихи тамырлары тереңде жатқан ұлы мейрам. Биыл да өзінің ұлы мәртебесін сақтап, жаңаша түрмен жалғасын табары анық. Бұл күн – тек бір күндік мереке емес, халықтың рухани жаңғыруы, ұлттық болмыстың жарқын көрінісі, жаңа дәуірге қадам басып, бабалар дәстүріне адал болудың нышаны.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ