Мал-жан аман ба?
Жайма шуақ көктемнің алғашқы айы наурыз келді. Әсілі, Наурыз мерекесі қазақ халқының сенімінде қыстан аман-есен шығып, малдың ауызы көкке ілініп, арқа кеңіп, күн жылыған кезде жаңа жыл ретінде тойланады. Қыстан аман-есен шыққан халық бір-бірінен амандық-саулық сұрасып, көрісетін болған. Яғни, 14 наурыз көрісу немесе амал күні деп аталады. 14 Наурыз күні халық «қыс жұлдызы бітіп, жаз жұлдызы туды» деп есептейді. Бұл, қазақтың әрбір жаңа жылы жақсылықпен басталсын дегені болар...
Таң атысымен «Көрісу» мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарқанын қазақтың құрт, бауырсақ, ақ ірімшік, қызыл ірімшік, сары май, уыз сынды дәстүрлі тағамдарымен көмкеріп, наурыз көжесін дайындап, табалдырығын аттаған әр қонағын жылы жүзбен қарсы алады. Оларға ерекше ілтипат көрсетіп, төріне шығарады, ас ұсынады. Дәл осы күні әр адам өзінен жасы үлкен кісілердің шаңырағына кіріп, амандасып, көріседі. Барған үйіне «Бір жасыңызбен!», «Қыстан аман өтуіңізбен» деп еніп, жаңа жылға аман-есен аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқандарын құттықтайды. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса, кешіріседі, амандық-саулық тілеседі. Сондай-ақ, «алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» деген қазақ көршілерімен көрісіп, дәм татады.
Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. Ал, «Наурыз» сөзі парсының «жаңа күн» деген сөзінен шыққаны белгілі. Ертеде біздің қазақ осы күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. «Көрісудің» екінші атауы «Амал» болуының сыры осында жатса керек. Ал, «Көрісу» деп аталып кетуі осы «Амал» мерекесінде жасалатын басты салт – көптен көрмеген бір-біріне жақын адамдардың кездесіп, көрісуі, өкпе-ренішке байланысты бет көріспей жүрген кісілердің кешірісіп, жүздесуінен туған болса керек. Сонымен қатар, бұл мерекені көршілес Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор өлкесіндегі қазақтар да, Қарақалпақстанның қазақтар көп қоныстанған өңірлері де тойлайды екен.
Өкпе-ренішті өткен жылдың еншісіне қалдырып, татулық пен бірлікке шақыратын қазақтың жаңа жыл мерекесіне дайындықты наурыз айы кірген сәттен бастауға болады. Желтоқсан айы басталғаннан-ақ «новый год» деп білек сыбана кірісетін әдетімізді тағы бір көрсететін уақыт жеткен сыңайлы. Күн мен түн теңеліп, тіршілік біткеннің бәрі ұйқыдан оянатын, ұлттық дәстүрлеріміз жандана түсетін Әз-Наурызға басымдық беріп, ұлттық дәстүрімізді ұлықтай түскеніміз жөн-ақ. Орталық алаңның ортасынан ойып орын алатын шыршаның өзіне қаншама қаржы жұмсалады. Ал, наурыз мерекесі тек наурыз көже ішумен ғана шектеліп қала бермек пе? Қазақы бейнемізді айшықтай түсетін ақшаңқан киіз үйлердің өзі 21-22 наурыз күндері құрылып, ертесіне орны да қалмайды. Ұлттық мерекемізді ұлықтап, Аяз атаның орнына Қыдыр ата бейнесін қалыптастыруды, Әз-Наурыздың өзіндік ерекшеліктеріне басымдық беретін уақыт жетті емес ре?
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ