Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Амал – аман-саулықтан басталады

Амал – аман-саулықтан басталады

Бүгін, 14 наурыз – Көрісу күні. Адамдар бұл күні бір-біріне деген бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, араздықты ұмытып, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көктемге аман есен жеттік деп, дастарқан жайып, үлкендерге сәлем беріп, құттықтап жатады. Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды.

Көрісу күні – Наурыз мейрамының бастауы деп айтуға болады. Бұл дәстүрдің шығу тарихына үңілсек, қатынайтын көлік құралы ат пен арба болған заманда алды үш ай, арты алты ай қыста бір-бірінен байланыс үзген жұрт қар еріп, күн жылынғанда қайта қауышып, көріседі екен, ол күн наурыз айының ортасына тұспа-тұс келген. Сол уақыттан бері көрісу дәстүр ретінде сақталып қалған.
Бүгінгі күні аталған дәстүр Қазақстанның батыс аймағына берік орныққан. Ол өңірде біздегідей емес, қысы ызғарлы, боранды, қалың қарлы болады. Бәлкім көрісу мейрам ретінде сақталып қалуына түрткі болған да осы табиғат ерекшелігі шығар. Дегенмен амал мерекесі – әр өңір мен әрбір шаңырақ асыға күтіп ерекше тойлауға лайық дәстүрдің бірі.
Бұл күні адамдар бір-бірімен «жас құтты болсын» деп амандасады. Кәде-сыйларымен де барып жатады. Ал шаруамен өзге жаққа кетіп қалғандар тіпті жазға дейін келіп амандасса, соның өзі көрісуге жата береді, себебі, жыл толғаннан кейін бірін-бірі көрмеді.
«Жас құтты болсын» деген не сөз?
Бұл көшпелілердің туған күн тойламайтынының айғағы болса керек. Бәрі жасына жас қосқандықтан, осы күні ғана «жас құтты болсын» деген тілекті айтады. Осыдан-ақ көшпелілерде жеке адамның туған күнін тойлау дегеннің болмағанын біле аламыз.
Мерекеде жасы кішілер қала мен ауылдарда ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерге барып, қос қолын беріп, көріседі. Бұл күні жасы үлкендер кішілерді күтіп, келгендерге «Бір жасыңмен! Жас қайырлы болсын, өмір жасың ұзақ болсын!» деп ерекше мейіріммен батасын береді. Біреуге реніші бар адамдар бұл күні өкпесін ұмытып, ренжіскен адамына кіріп көріседі. Сөйтіп арадағы суық қарым-қатынастың жібі үзіліп, көрісу күні адамдар бір-бірімен қайта табысады. Бұл күні кіріп-шықпаған жасы кіші туған-туысқан, көрші-қолаңға жасы үлкендер «Көрісіп шықпады» деп ренжиді. Сондықтан әр адам мүмкіндігі болса, бүкіл ауылдың табалдырығын аттап шығуға тырысады. Татулыққа бас­тайтын бұл дәстүр ислам қағидаттарына да жақын.
Кейбір тарихи мәліметтерге сүйенсек, Ұлыс күнін тойлайтын қазақ көрісу күнін 1918 жылдан бастап тойлайтын болған. Бұл мерекенің ерекшелігі тек бір күнмен шектелмеуінде, ол наурыздың 14-нен басталып, айдың соңына дейін жалғаса берген.
Таң атысымен қазанда бұрқырап пісіп жатқан бауырсақтың иісі Көрісу күнінің белгісі іспетті. Әр үйдің үлкендері оянып, дастарқанын толтырып, көрісіп шығатын бала-шағаны күтіп отырады. 14 наурыз күні күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмайды. Бәрінің есігі ашық, үйі жинаулы, дастарқаны мол болып тұруы керек. Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы бұл мерекеде мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен жаңа жыл – 22 наурыз мерекесін қарсы алады.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ

14 наурыз 2020 ж. 405 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031