Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құшақ ашып, қол алысқан қауышу

Құшақ ашып, қол алысқан қауышу


Араздасқан достасып, салқын сезімнен қоштасатын қауышу күні биыл аудан орталығында ерекше аталып өтті. М.Шоқай атындағы алаңға жиылған жұрт құшағын айқара ашып, бір-бірін жаңа жасымен құттықтады.
Амал – ескіше жыл санау бойынша жаңа жылдың кірер күні. Бұл күні халық ертемен тұрып, бір-бірімен қауышып, көріседі. Жасы кішілер үлкендердің батасын алады. Бірін-бірі құттықтап, кешіріп арқа-жарқа болатын нағыз халықтық мереке. Қыстың қытымыр ызғырығы басылып, қара жер аппақ жамылғысынан айырылған көктемнің алғашқы амалы қауышу дәстүрі. Аталмыш мерекеде айтылған ізгі тілектер мен үлкендердің ақ батасы жаңа жылды игі ниетпен бастауға мұрындық болады.
14-наурыз күні орталық алаңда аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов: ««Амал» мерекесінде жасалатын басты салт – көптен көрмеген бір-біріне жақын адамдардың кездесіп, көрісуі, өкпе-ренішке байланысты бет көріспей жүрген кісілердің кешірісіп, жүздесетін күні. Яғни, бұл күні барлық өкпе-ренішімізді өткеннің еншісіне тастап, бір-бірімізбен қол алысып, төс түйістіргеніміз абзал. Себебі, қар еріп, жер жіби бастағанда, шеті мен шегі жоқ сайын далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен сағына көрісетін болған. Сол дәстүр қайта жаңғырып, республика көлемінде тойланып келеді. Жаңа жастарыңыз, жаңа жылдарыңыз құтты болсын!» – деп, тұрғындарды дәстүрлі мерекемен құттықтады. Аталмыш шара түрлі қойылымдардан бастау алып, ән шырқап, би билеумен жалғасын тапты.
Бұл мереке Қазақстанның Батыс аймағына тән көрісу күні. Көрісу (Маңғыстау өңірінде Амал мерекесі деп аталады) Қазақстанның Батыс өңірі және Ресеймен шектесетін аймақтарда сақталған көне дәстүр. Бүгінгі таңда қайта жанданып келе жатқан қауышу мерекесі қазақтың ұлт болып, мемлекет болып сақталып қалуының бірден-бір кепілі. Сондай-ақ, ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды сақтап, ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақтың санасына сіңіріп, бауырмалдықты арттыра түседі. Сондықтан, ел бірлігіне, ынтымаққа бастайтын Көрісу мейрамын тойлау рухани жаңғырудың бір парасы іспеттес.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
17 наурыз 2018 ж. 1 341 0