Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАТЫСТАН БАСТАУ АЛҒАН МЕРЕКЕ

БАТЫСТАН БАСТАУ АЛҒАН МЕРЕКЕ

Халықтың сөз қолданысында «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген тіркес бар. Біз бүгін тозығы жеткен емес, озығы асатын, салмағымен біраз жоралғыны басатын «Көрісу» салты туралы айтпақпыз. Көпшілікке соңғы жылдары «Амал мейрамы» деген атпен де таныс бола бастаған, бірақ, әлі де таңсық көрінетін бұл ерекше күн жыл сайын 14 наурызда тойланады. Бұл мереке өзінің бастауын еліміздің батыс аймақтарынан алған.
Осы күні бір-бірін танитын бүкіл адам, тіпті, әртүрлі себептерге байланысты жанжалдасып, бет көріспей кеткендер де көрісіп, қол алысуға міндетті. Ежелден келе жатқан салттың талабы осындай. Сөйтіп, біріне-бірі ақ тілегін айтқан адамдар бұдан кейін арадағы реніштерін жойып, табысады. Қалай болғанда да, көрісу күнінің имандылыққа, жақсылыққа негізделген мереке екені анық. Ол үлкен мен кіші арасында сыйластық, сыпайылық орнатады.
Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені, көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Қазіргі күні үлкенге бірінші болып сәлем берудің өзін ұмытып бара жатқанымыз рас. Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерінде бір-біріне сәлем берген екі адамға да сауап жазылатыны, соның ішінде бірінші сәлем берген адамға көбірек сауап тиетіні айтылады. Көрісу күні де сәлемдесудің сауапты іс екенін жастардың санасына сіңіруге септігін тигізетіні анық.
– Біздің аймақта нақ осы «Көрісу» деп аталмаса да, осы амалдың аясындағы жөн-жоралғылардың барлығы орындалады. Қазақтың Наурыз мейрамының негізгі салтының бірі – өкпе-ренішті ұмытып, кешірім сұрау, татуласу. Халқымыз үшін қыс мезгілі қашан да ауыр болған. Себебі, қыс қатты болып жатса мал ашығады, кейде көктемге қарай жаңбыр ерте жауып, не қар еріп барып қайта қатып жұт басталып кетеді. Көтерем мал қырыла бастайды. «Мал ашуы – жан ашуы» қыс-қамытта бір жерден екінші жерге көшіп, не малын алысқа айдап, жайылымға бола дау­­ласып, бір-бірімен араздасып елдің есі шығады. Оның үстіне малдың пайдасына бола қазақ шаруашылықтары бір-бірінен қыс кезінде алыстау оты­­рады, себебі, қыста да жайылым керек, ол уақытта қазақ қысқа деп шөп-азық қамдамайтыны да бар. Осындай қиындықтардан шыққаннан кейін Нау­­рызды қазақ қуанып қарсы алмағанда кім қарсы алады? Көрісу де осыған байланысты шыққан. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы», – дейді ақсақал Ағайдар Жұмағұлов.
Біздің қолданыста «көрісу» деген қазаға қатысты қаралы ұғым саналатын болғасын, құлаққа ерсі естілетіні бар. Әрине, диалектикаға келгенде даулы мәселелер көп. Бірақ, батыстан ауған «Хеллоуин», «Әулие Валентин күні» сияқты ұлтымызға жат мейрамдардан өз еліміздің батыс аймағынан бастау алған мереке біздің ділімізге әлдеқайда жақын екені сөзсіз. Мәселе атында емес, затында деп түсінетін халқымыздың «Көрісу» деген сөзге біртіндеп үйрене бастаған жөн сияқты. Болмаса, «Амал» мерекесі деген қосымша атауын айшықтай түскен абзал. Себебі, дәл осындай күнде біз бір-бірімізге мейірім, ізетімізді, кісілігіміз бен кішілігімізді, мәрттігімізді білдіріп жатамыз. Бұл күн пенденің аузы – аққа, мал аузы – көкке тиіп, адамның адаммен, жылдың жылмен көрісетін кезі. «Көрісу» күні – ресми бекітілген саяси маңызды күн емес, бірақ, әлеумет үшін ерекше мейрам. «Амал» мерекесінен кейін әз-Наурыз өзінің күшіне ене бастайды. Кейінгі жылдары Наурызды тойлау дәл осы «Көрісу» салтының салтанатымен басталып жүр. Ендеше, «Амал» мерекесі құтты болсын!

Гүлхан ЯХИЯ.
12 наурыз 2019 ж. 1 493 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031