Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІДЕ ҚЫЗ ӨССІН АҚ ШЫНАРДАЙ, ЖІГІТ ӨССІН МҰЗБАЛАҚ ЖАС ҚЫРАНДАЙ...

ШИЕЛІДЕ ҚЫЗ ӨССІН АҚ ШЫНАРДАЙ, ЖІГІТ ӨССІН МҰЗБАЛАҚ ЖАС ҚЫРАНДАЙ...

«Шиеліні білгің келсе, бауырым, Көзге елестет революция дауылын. Жанған отқа жанашырын қалдырып, Сақтап қалған Қаратаудай ауылын...» Жаңа құрылған аудан туралы алғашқы жырлар осылай басталатын еді (Қанапия Дәрібаев). 1929-1930 жылдары аудан мақта, күріш, арпа, сұлы егумен және төрт түлік малды өсірумен айналысты. Шиелі өңірінде сауатсыздықты жою, білім мен ғылымға деген ұмтылыс көрініс тапты. Жаңадан мектептер салынып, малшы мен диқан балаларының білім алуына, халықтың денсаулығына бағытталған жаңа бағдарламалар жүзеге асырыла бастады... Соңғы жылдары аудан басшылық іскерлігінің нәтижесінде өте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Шиелі өзінің бұрынғы дәстүрлі даңқына қайта оралуда. Қазіргі әкім Айтбай Насриддинұлы Жандарбеков алдыңғы іскер басшылардың игілікті істерін жалғастыра білді. Шиелінің бүгінгі көркіне қарасаң, көз тоймайды. Кенттен көрі қалаға көбірек ұқсайды. Оқушылар үйі мен Өнер мектебі, тағы да басқа халыққа қажетті салалар бойынша қызмет көрсететін ғимараттар бой көрсетті. Аудан тұрғындарының арасында «Шиеліні көрсең, қала дерсін, ал әкімін көрсең дана дерсін» деген қанатты сөз қалыптасқан. Еңбек күні қарсаңында өткізілген «Адал азамат, адал еңбек» атты облыстық салтанатты шарада Шиелі ауданы мен кенті «Үлгілі аудан» номинациясын жеңіп алып, бірінші орынды иеленді. Ауданға 4 коммуналдық техника табысталды. Ауданда қазір күріш жинау науқаны аяқталу қарсаңында. Биыл да жұбы жазылмай келе жатқан табыс пен жетістік жылдары қатарының жалғаса беретініне сенім мол. «Шиелі де қыз өссін ақ шынардай, Жігіт өссін мұзбалақ жас қырандай. Қаратаудай мәңгілік қарт жасасын, Ай мен Күнің әмәнда, жақсы болғай!» Алпысыншы жылдардың ортасында осындай ғажайып өлең жолдары (жыр-тілек) аудандық газеттің бетінен оқта-текте көрініс беріп тұрушы еді. Құттықтау сөзімді құлаққа жағымды, жүрекке жылы осы жыр-тілекпен аяқтағым келеді...

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Шиелі ауданының құрметті азаматы
25 қазан 2025 ж. 29 0