ӨТКЕНІН ҰМЫТПАҒАННЫҢ БҮГІНІ БЕРЕКЕЛІ
Өткен ғасырдың бас кезінде Шиелі халқы Қызылқұмнан түйемен сексеуіл дайындап, Орта Азия мен Ресейге жіберсе, кейін тартабан теміржолдың салынуы нәтижесінде жұртшылық теміржол вагондарымен даңқты Сыр сексеуілін жан-жаққа жөнелте
бастады. «Таштоп», ЛЗУ деп атанған мекемелер осы қажырлы істердің қайнауында болды.
Шындығында, Шиелі халқы егіншілікке бейім, жеміс-жидек өсірумен шұғылданған жергілікті халық жоңышқа өсіруді кең көлемде қолға алып, Түркістан әскери округіне жоңышқа дайындаудың базасына айналған кездері де тарих болып қалды. Шиелі ауданының өткен ғасырдағы алғашқы адымы осылайша басталған-ды.
1929-1930 жылдары аудан мақта, күріш, арпа, сұлы егумен айналысып, төрт түлік малды көбейтті. Сауатсыздықты жою, білім мен ғылымға деген ұмтылыспен мектептер салынып, малшылар мен диқандардың балаларының білім алуына жағдай жасалынды. Халықтың денсаулығын сақтау жөнінде де жаңа бағыттағы міндеттер жүзеге асырыла бастады.
Шиелі өңірінде жанкешті еңбегімен елінің де, өзінің де даңқын шығарған даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев еді. 1940 жылы 14 мың кетпен қатысқан Шиелі каналының қазылуы шиеліліктердің тарихи ерлігі. Себебі, Сырдың жарты арнасындай болған осы бас канал қазіргі бүкіл Шиелі өңіріндегі су жүйелерінің бастауы. Халықтың қарны тойынып, қолының нанға жетуі шын мәнінде осы кезеңнен басталды. 1947 жылы Ыбырай Жақаевтың, мұнан соң Ким Ман Самның, кейіннен шиелілік 41 Еңбек Ерінің жоғары еңбек марапатына ие болуы аудан көлемінде ғана емес, жалпы Сыр бойына егіншілікке бет бұрудың нәтижесі еді.
Аудан өзінің даму тарихында еңбек пен ерліктің, ынтымақ пен бірліктің ұлы куәсіндей талай жеңістерге қол жеткізді. 2000 жылғы Сыр бойындағы он ғасыр адамдарының бесеуі – М.Шоқай, Ы.Жақаев, Ш.Есенов, Н.Бекежанов, Ә.Тәжібаев секілді тұлғалар Шиеліден шыққан.
Шиелі халқы осы тарихи дәстүрдің тінін үзбей, осы бүгінгі күні де еңбекті тірек, елдікті тілек қылып жатыр. Атап айтқанда, ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамыту, аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту бағытында ауқымды іс-шаралар қабылданып, айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. 2018 жылдың 1 мамырына дейінгі статистикалық мәліметтерге зер салсақ, ауданда 4658 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңмен салыстырғанда 12,8 пайызға артқаны туралы ақпарат беттерінде жарияланып жүр. Ондағы жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің саны 3456-ны құрап, 7686 адам жұмыспен қамтылған.
Аудан тұрғындарын жаппай кәсіпкерлікке тарту мақсатында аудан көлемінде 2018 жылға арналған кәсіпкерлікті дамытудың «Жол картасы» әзірленіп, бекітілген.
Әзірленген картаға сәйкес, кент және ауылдық округтерден жыл көлемінде барлығы 730 кәсіпкерлік субъектілерін ашу жоспарланса, мемлекеттік кірістер басқармасына қаңтар-мамыр айларында 381 кәсіпкер тіркеліп, бұл жоспар 52,1 пайызға орындалған. Кәсіпкерлердің тіркелімі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 10,1 пайызға артқан.
Сөз жоқ, мұның бәрі Елбасының өзі қолдап, халықтың тұрмысын жақсартудың бір кепілі деп санаған кәсіпкерлікке аудан басшылығының барынша байыппен қарауы арқасында келетін жетістіктер.
Аудан басшысы Ә.Оразбекұлы халықты кәсіпкерлікке тартып қана қоймай, олардың мол табыс тауып, пайдаға кенелуіне барынша жағдай жасауды қашан да естен шығармайды. Мәселен, биылғы жыл «Бастау бизнес» жобасы бойынша «Бизнес кеңесші» жобасына қатысты 120 адамға меже бекітілген. Оқу курстарынан өтетін азаматтардың кент, ауылдық округтер бойынша бөлінісі нақтыланған. Бүгінде «Бизнес кеңесші» жобасымен 163 шиелілік азамат оқу курстарын аяқтап отыр. Ал, «Бастау бизнес» жобасы бойынша I-топта 49 азамат оқуды бітіріп, 48 азамат өз жобаларын облыстық комиссия алдында сәтті қорғап шыққан. Сондай-ақ, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына «Бастау бизнес» оқу курсынан өтуге ниет білдірген 110 адам тіркеген.
Жыл басынан бері «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан ауылшаруашылығын дамыту үшін аудан бойынша 17 жобаға 48 млн. 500 мың теңге несие қаражаты берілсе, қазіргі таңда, жалпы құны 470 млн. теңге болатын 122 жоба аталған қаржы институтына ұсынылып, ауданға бөлінген қаржыға сәйкес 96 млн. теңгенің 23 жобасымен нақты несиелендіру бағытында құжаттардың қабылдану алға басқан іс емес пе?!
Бүгінгі күнге бұл жобалар бойынша жалпы құны 106 млн. теңге болатын 30 жоба толық қаржыландырылып, олардың басым бөлігі мал басын асылдандыру, көбейту, айналым қаражатын ұлғайту, тиісті құрал-жабдықтар мен қажетті техникаларды алу секілді мәселелерді қамтыған.
«Еңбек» бағдарламасының II бағыты аясында, үстіміздегі жылы «Стартап» жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында 50 азаматқа 240 мың 500 теңгеден барлығы 12 млн. теңге көлемінде мемлекеттік грант беру жоспарланып отырса, жылдың басынан мемлекеттік грант алуға үміткер ретінде 320 азамат тіркелген. Сонымен қатар, «Агробизнес» бағдарламасы арқылы құны 364 млн. теңге болатын 14 жоба қаржыландырылып, қосымша жобалық құны 336 млн. теңгені құрайтын 17 жобаның құжаттары несиелендіру үшін қаралымға берілген.
«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша Шиелі ауданында жалпы құны 111 млн. теңгені құрайтын 4 жоба екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландырылмақ. «Центркредит» банкісінің облыста бірінші болып Шиелі филиалының ашылуы бизнес жобаларды қаржыландыруға серпін бермек.
«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына «Гранттық қаржыландыру бойынша» ауданнан жалпы құны 163 млн. теңгені құрайтын 100 жоба ұсынылып, 15 млн. 300 мың теңгені құрайтын 24 жоба жеңімпаз атанған. Оның ішінде 5 жоба құс өсіру, 4 жоба тігін цехын ашуға, 5 жоба наубайхана ашу, 3 жоба шаштараз және сүт өнімдерін, пластмасса өнімдерін, жиҺаз жасау, тоқыма, қаптама тас, шлакоблок шығару мақсатында гранттар ұтып алып отыр.
Балық шаруашылығын дамыту мақсатында биылғы жылы «Сарыкөл» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Кооператив кұрамында 31 мүшесі бар. Бүгінгі күні балық өсіру жұмыстарымен айналысуда.
Ауданда тоған жасап балық өсірушілер, үйрек-қаз асыраушылар да көп.
Жыл басынан әзірленген картаға сәйкес, ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жалпы құны
2 млрд. 600 мың теңгені құрайтын 350 жоба нақтыланып, 800 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Бүгінгі күнге мемлекеттік бағдарламалар аясында, жалпы құны 265 млн. 500 теңгені құрайтын 51 жоба, мемлекеттік бағдарламадан тыс «Наурыз-Дем» несие серіктестігі арқылы 364 млн. теңгені құрайтын 14 жоба толық қаржыландырылған. Жуық арада жобалық құны 485 млн. 300 мың теңгені құрайтын 71 жоба қаржыландырылмақ. Осыған қоса, 307 азамат несие алу үшін құжаттарын қаржы институттарына ұсыныпты.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік және басқа да нысандарды мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобасы аясында салуға бағытталып келеді.
Жыл басынан бері ауылдық округтерде 2 спорт кешені пайдалануға беріліп, 22 адам жұмыспен қамтылса, аудан орталығынан арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылып, онда 54 жаңа жұмыс орны құрылған. Аудан бойынша мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобасы аясында барлығы 76 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, 2018 жылы 4 спорт кешендері, 3 амбулатория, 2 жабық жүзу бассейіні құрылыстары жүргізілуде, биылғы жылы толық аяқталады деп күтілуде. Міне, байқап отырғанымыздай, аймақ басшысының бастамасымен жарияланған жаппай кәсіпкерлікті дамыту, оның ішінде әр азаматқа тұрақты қолдау білдіру мәселесі әрдайым аудан әкімі Ә.Оразбекұлының басты назарында ұстап отырғанын көреміз.
Жүзбай ТАҢРЫҚБАЕВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.