Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бауды баптаған ғұмыр

Бауды баптаған ғұмыр

Еңбек ердің атын шығарып қана қоймайды, елдің экономикалық әлеуетін жақсартады. Сондай еңбек иесінің бірі Қайырбек Абдуллаев Шиелі ауданы, қазіргі Жақаев ауылының тумасы. Ол, 1961-1966 жылдары Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтының жеміс-жидек, көкөніс, жүзім және өсімдіктерді қорғау факультетінде білім алып, агроном мамандығын иеленеді. Сол жылдары жаңадан құрылып жатқан Шиелі «Жеміс-жидек» совхозында (қазіргі Алмалы ауылы) агроном, бас агроном және бас экономист, бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметтерін абыройлы атқарады. Сондай-ақ, 1977-1982 жылдары Сырдария ауданындағы «Талды-Арал» жеміс-жидек, орман шаруашылығының директоры қызметін атқарса, 1983-1987 жылдар аралығында Алматыдағы Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығының ғылыми-зерттеу мекемесінің меңгерушісі болып біршама істің басын қайырады.
Тынымсыз тірлік жасап, қолы қалт ете қалса есік алдына көшет отырғызатын Қайырбек ағаның еңбекқорлығы бау-бақшасынан-ақ байқалып тұрады. Кеңес үкіметі ыдырап, совхоз бірнеше майда шаруашылыққа бөлініп, ұсақталып кеткен кезде, ОҚО-нан жеміс және жүзім көшеттерінің әр түрін әкеліп, есігінің алдына жерсіндіру жұмыстарымен де айналысқан екен. Өз ісіне адал әрі ерекше ықыласпен кірісетін бағбанның қолы тиген жер гүлдеп, көктеп, жайқалып шыға келеді. Оның бір ғана дәлелі деп, Қызылорда қаласы, Құмкөл көлік қызметі жабық акционер қоғамына қарасты «Шопан-Ата» денсаулық орталығындағы санаторияда кеңесші агроном бола жүріп, алма мен алмұрт, жүзім, өрік, шие және түрлі-түсті гүлдер мен газондар, саялы ағаштар егіп, 3-4 жылдың ішінде қараусыз қалған санаториді көркейтіп, көріктендіруін айтуға болады.
Қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді. Тіпті ағаш өсіруді бала тәрбиелегенмен пара-пар дегенді де айтады. Ендеше, баланы туылғанынан өмірдің ызғарлы желіне төтеп беретін бекем, берік қылып өсіруді мақсат тұтатындай ағашты да табиғаттың алапат күшінен аман қалдырып, тамырын қаққан қазықтай мығым ету үшін күтімі күпті, бабы мықты болу керек. Бұл жайында да ағамыз бізді біраз сырдан қанық етті.
Бейнеттің зейнетін көрер жасқа жеткен Қайырбек Яхияұлы қазіргі таңда көп жылдық тәжірибесін жұбайы Алмаш екеуі туған-туыстарына, балалары мен немерелеріне үйретіп, жеміс ағашын баптап күту туралы ақыл-кеңестерін көпшілікпен бөлісіп жүр. Оның «Победитель социалистического соревнования 1974 года», облыстық атқару комитетінің «Ударник девятой пятилетки» төсбелгісімен және Шиелі ауданының дамуына үлес қосқаны үшін «Шиелі ауданына-80 жыл» медалімен марапатталғанын да айта кеткенді жөн көрдік. Сондай-ақ, аудан тұрғындарын 1000 түп жүзім, 100 түп алма, 100 түп өрік көшетімен қамтамасыз етіп, көркейту-көгалдандыруға қосқан үлесі үшін «Озат бағбан» номинациясын иеленуінің өзі бір төбе.
Өңіріміз күн санап көркейіп, әр сала бойынша іргелі істер қолға алынуда. Соның бірі кәсіпкерлік саласы. Оның ішінде атап айтар болсақ, қарқынды бақ өсіру қолға алынып келеді. Ол туралы «Өскен өңір» газетінің өткен сандарында алма бағын өсіруді қолға алып жатқан Ақтоған, Тартоғай сынды елді мекендердегі кәсіпкерлердің игі бас­тамасын жазған еді. Сондай-ақ, киелі Шиелінің топырағын жерсініп анар ағашы да жеміс берген болатын. Демек, еңбекпен тер төккен адамға жомарт жер ризығын беруден жалықпайды. Өтпелі өмірін ауданды жасыл-желекке, иран баққа айналдыру мақсатындағы жұмыстармен өрнектеген Қайырбек ағаның еңбегі еш кетпеді. Осы кісінің арқасында қаншама үйде жеміс ағашы егіліп, жүзім көшеттері отырғызылды. Басқа өңірлерден жыл сайын мыңдаған жеміс көшеттерін, біздің жерге төзімді жаңа сорттарын әкеліп жерсіндірген бағбанның қолы алтын десе де болады. Аудан халқын жеміс-жидекпен қамтамасыз етіп, бүкіл өмірін ел игілігіне сарп еткен Қайырбек Абдуллаевты Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағына лайық көріп, көпшілік қолдаған соң газет бетіне осы ойымызды жариялап отырмыз. Еңбегі елеусіз қалмасына сенеміз.

Әлияр Сейітов,
су саласының ардагері.
24 желтоқсан 2017 ж. 1 373 0

Қоғам

Мен өмірді қалаймын!
07 қараша 2024 ж. 60

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (9252)

05 қараша 2024 ж.

№87 (9251)

02 қараша 2024 ж.

№86 (9250)

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930