ТАШТОП ТУРАЛЫ БІЛЕСІЗ БЕ?
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деген болатын. Әрбір қыры мен сайы тарихтан сыр шертетін киелі Сыр өңірінде тарихи орындар мен бүгінгі күнге дейін толық зерттелмеген орындар баршылық. Сондай-ақ, тарихта болса да, бүгінгі күні көп айтылмай, ұмыт бола бастаған оқиғалар тек көне көздердің естелігінде қалып жатқаны да жасырын емес. Бүгін алысқа ұзамай, шежірелі Шиелі мекеніндегі «Таштоп» елді мекеніне тоқталсақ.
«Төрт жыл бойы елдің төбесіне қара бұлтша төнген сұрапыл соғыс 1945 жылы сейіле берді дегенде жапондықтармен шайқас жалғасып кеткен еді. Қуанышымызға орай, бұл соғыс көпке созылмай, айналасы 3 айдың ішінде жаудың бетін қайтарып, жеңісіміз жеңіске жалғасқан болатын. Осы ұрыстың нәтижесінде тұтқындалғандардың бірқатары «Тартоғай» жеріне жеткізіліп, оларға кесек құйдырды, енді бір бөлігін «Таштоп» деген жерге алып келіп, сексеуіл бұтарлатты. Олар Қызылқұмның ішіндегі «Нарөлген», «Бәйтел», «Бабақұдық» деген жерлерде «Таштопқа» сексеуіл дайындады. Қызылқұмда жұмысқа жегілгендердің ішінде, ауыр жұмысқа шыдамағандар да болған. Бірлі-жарым тұтқындар қашып, «Жүзбай», «Қарақуыс», «Сарыкөл» деген жерлерде адасып, аштан өлді деседі. Сол Сарыкөлдің аяқ жағында «Қытай кеткен» деген жер бар», – дейді аталмыш елді мекеннің тұрғыны Несіпбай Райымбеков ақсақал өз естеліктерінде.
«Таштоп» сөзінің шығу төркіні – «Ташкентское топливо» деген мағына екен. Сол жылдары Өзбекстанға қарайтын көрінеді. «Таштоп» мекемесі негізінен сексеуіл қабылдап, оны пойыздың көмегімен Шиелі теміржолына жеткізіп тұрған.
Бас бостандығынан айырылған тұтқындар «Таштопқа» сексеуіл дайындаса, қалған жұмысшылар оны вагондарға артады. Бұл жерде 100-ге тарта отбасы жұмыс жасады. Мекемеде 30 урал машинасы, 2 трактор жұмыс істеді. Содан дарияға паром салынады. Қызылқұмнан жеткізілген сексеуіл паром арқылы дарияны асып өтетін. Осы тұста аудан орталығында отын базасы жұмыс жасады. Осыған арнайы Ташкенттен вагондар келіп, жиналған сексеуілді жүктеп кетіп жататын. «Таштоптың» кеңсесі қазіргі «Әдемі» тіс емханасының жанында болатын дейді көз көргендер. Құмда машиналар жүре алмайтындықтан, тұтқындар жиған сексеуілді арнайы түйемен тасып, оны машинаға артатын. Мұнан өзге 30 өгіз болыпты. Оларды Клара дейтін неміс әйелі қарап, бабын жасапты. Ал, бұл өгіздердің жағдайы жақсы болғаны соншалық, құмға кіріп кеткен арбаларды сүйреп кете береді екен делінеді ақсақалдардан жазылып алынған естеліктерде.
«Ташкентское топливо» мекемесі тек қана отын дайындап қана қойған жоқ, сексеуілден көмір дайындаумен де айналысты. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Агабян деген армян ұлтының өкілі келіп зауытты іске қосады. Агабянды жергілікті халық қазақшалап «Ағажан» деп атап кеткен екен.
Зауыт сексеуілді шала өртеу арқылы көмір жасап, «Шоңбас» деген жердегі орталық пунктке түйелер арқылы жеткізіп, вагондарға тиеп, Шиеліге тасымалданып отырған. Бұл зауыттың орны бүгінгі күнге дейін сақталған екен.
«Ташкентское топливо» мекемесі 1958 жылдары жұмысын тәмамдап, оның ізін суытпай, артынша ЛЗУ (Лесозаготовительное управление) деген мекеме бой көтеріп, орталығы Бәйгеқұм станциясы болды.
Осы уақытқа дейін сексеуілді түйемен, вагонмен тасыса, енді машинамен таситын болды. ЛЗУ-ға батпақта, құмда жүретін Америкадан алып келінген көліктер беріліп, жұмыс жеңілдейді. Қызылқұмда отын дайындайтын топтар құрылып, отын дайындап, машиналарға артып беру жұмыстарымен айналысты. Бұл жұмыс 1963 жылдарға дейін жалғасты. Бұл тарихи оқиға туралы көп жерде жазылып, талай жанның қолына қалам ұстауына себепші болды. Мысалы, «Он бірінші сынып» облыстық газетінің 2006 жылғы №1 санында жария еткен Г.Айдарованың «Таштоп табиғаты» атты мақаласы, аталмыш газеттің 2006 жылғы №7 санында жарияланған Н.Ахетованың «Сексеуіл» мақаласы, «Қазақстан тарихы» әдістемелік журналының 2005 жылғы №1 санында жарық көрген Г.Дүйсенбиева «Тарих сабағын жергілікті жер материалдарымен байланыстыра оқыту» мақаласында, сондай-ақ, №241 Қ.Әбдіқадыров атындағы орта мектептің мұғалімі Асылай Мәмбетованың «Жергілікті жер атаулары сыр шертеді» атты еңбектері куә.
«Таштоп» туралы қанша жазылса да, аздық етіп, әлі де зерттеуді талап ететіні белгілі. Бірақ, оны алдағы уақыт еншісіне тапсырсақ.
Ерұлан ДАТКЕНОВ.
(Сурет аудандық «Өлкетану» музейі қорынан алынды).