Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАНАТЫМДЫ ҚАТАЙТҚАН ҚАНЕКЕҢ

ҚАНАТЫМДЫ ҚАТАЙТҚАН ҚАНЕКЕҢ

1967 жылы орта мектептi бiтiрiсiмен «Өскен өңiрге» корректор болып жұмысқа қабылдандым. Газет редакторы Минер Арысбаев едi. Қаламы жүрдек журналист әрi жазушылығы да бар-ды. Ауданның оқу жүйесiндегi бюрократтық әрекеттердi әжуалаған «Қоңырау» деген сықақ әңгiмесi республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналына шығып, ауданды бiр дүрлiктiрген. Ақ көңiл, қамқоршы жан. Таланттыларды ерекше құрметтейтiн.
Қанекең өмiрде сәл-пәл шәлкем шалыс болғанымен өлеңге адал болатын. Мұндайда:
«Біреулер көреді,
Жеңімнің жыртығын.
Біреулер тереді,
Сөзімнің жылтырын.
Ақынның мінезі...
Болады артық, кем...
Күллі адам жүрегі,
Соқпайды тәртіппен» – деп «ақталатын». Өлеңдi қиялдан тудырмайтын, өмiрден алатын. Қарт Қаратауды, Майшыны, Дарбазаны, Сауысқандықты, тағы басқа ауданның көрiктi жерлерiн өлеңiне өзек еттi.
«Шиелiнi бiлгiң келсе, бауырым,
Көзге елестет революция дауылын.
Жанған отқа жанашырын қалдырып,
Сақтап қалған Қаратаудай ауылын».
Немесе:
«Мейлiң оны таныстыр ма, таныстыр,
Нан иесiн құрметтейдi халық бұл.
Бiр Жақаев жұлдыз болып жүздеген
Қазақстан аспанында жанып тұр...».
Осылайша Шиелiнiң өнер және еңбек адамдары туралы қаншама жыр, дастан жазды.
Қанапия Дәрiбаев оқырман жүрегiнен орын алған оншақты жыр жинағының авторы. 1961 жылы республикалық жас ақындардың «Жас дәурен» атты ұжымдық жинағына өлеңдері енді. «Светофор оттары», «Серт», «Шилі өзен», «Сыр перзенті», «Көк күмбезі», «Ана жүрек» атты өлеңдер мен балладалардан және поэмалардан тұратын жыр жинақтары әр кездері «Жазушы» баспасынан жарық көрді.
Қанапия Дәрібаевтың өлеңдері тақырып жағынан алуан түрлі. Жоғарыда аттары аталған жинақтары кезінде әдеби ортаны елең еткізген туындылар. Ақын өлеңдері жауыздық, мейірімділік, сараңдық, жомарттық сияқты адами қасиеттерді кеңінен толғап, оқырманды жақсы іске баулып, жат әрекеттерден сақтандырып отырады. Ұлы Отан соғысы кезіндегі күйзелген елдің тұрмысы мен қан майданда опат болған боздақтардың өксік өмірін, қилы тағдырын оқырман жүрегін егілте жырлайды.
Қанапия Дәрібаев 1931 жылы 27 желтоқсанда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында туған. 1956 жылы Қызылорда пединститутының тіл және әдебиет факультетін бітірген. 1956–1958 жылдары орта мектепте мұғалім, 1958–1963 жылдары республикалық «Балдырған», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарында әдеби қызметкер, 1963–1981 жылдары Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы «Өскен өңір» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, 1981–1983 жылдары республикалық «Ара» журналында хат бөлімінің меңгерушісі болып істеген.
«Жырлау үшін күріш деген дақылды,
Ыбырайды тану керек асылы.
Онсыз өлең өлең емес, жырта бер,
Сен жыртпасаң ел жыртады ақыры...» – деген өлеңі бар Қанекеңнің. Бір ғасырға жуық жасап келе жатқан Сырдың маржаны, ақ күріштің отаны атанған, 41 Социалистік Еңбек Ерін шығарған, күріш өсіріп одан, мол өнім алудың тұңғыш дүниежүзілік рекорды өмірге келген киелі мекен Шиелінің тарихын білгісі келген әрбір адам алдымен осы өңірдің тамаша тарихын кетпенмен, еңбекпен жазған ерлерін және сол ерен жүйріктерді өлеңімен, өнерімен әлемге танытқан ақын-жазушыларын, әнші-сазгерлерін танып білуі керек. Қанапия Дәрібаев сондай жыр саңлақтарының бірі де бірегейі.
Бұл шағын ғана естелік мақалада Дәрібаевтың дариядай арнасынан асып төгілген жырын, Шиелі халқына 20 жылға жуық сіңірген рухани еңбегін айтып тау­­ысу мүмкін емес, ондай мақсат та жоқ. Бұл:
«Шиеліні көрем десең келіңдер,
Ақ күріштен тау тұрғызған өнімді ел.
Тауына шық тұнып тұрған шежіре,
Дүниенің жұмағындай жерін көр...» – деп тебіренген Қанапия ақынды шиеліліктердің есіне салу ғана. Биыл арқалы ақынның туғанына 90 жыл толады (27 желтоқсанда). Ел, жұртшылық біле берсін деген ниет.
«Ешкімге мұздаған жоқ әзір ішім,
Жанымның жұртқа ұсындым қадірлісін.
Достар мені қалайша ұмытады,
Өмірден жоғалмаса адресім» – деп Қанекең өткен ғасырдың 60-шы жылдары жырлаған екен. Ақынның адресі, мекен-жайы жоғалған жоқ.
«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,
Өлмейтұғын соңында сөз қалдырған» – деп ұлы Абай айтқандай, соңында оншақты жыр кітабы қалған шайырды елі ұмыта ма?

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Михаил Шолохов» алтын медалінің иегері, Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»
20 ақпан 2021 ж. 664 0