Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдың ұлы

Сырдың ұлы

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Әбдiлда Тәжiбаевтың 110 жылдығына орай
Сұлу Сырдың бойында дүниеге келген сыршыл ақынның жақұттай жарқын жырлары жаныңа жайлы, жүрекке жылы. Қасым Аманжолов дүниеден өткен соң бiр жылдан соң Әбдiлда Тәжiбаев «Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы» деп еске алу мақаласын жазған екен. Осы терең толғаныстан, риясыз көңiлден шыққан сөздi бүгiн ақынның өзiне қаратып айтар болсақ, қазақ поэзиясындағы тағы да бiр үлкен жүректiң тоқтағанына 21 жыл толды.
«Мұңдымын деп шағынбаймын қашан да,
Қорқам бірақ, мүлде мұңсыз жасауға.
Мүмкін бе екен шексіз сүйіп өмірді,
Сол өмірдің мұңдарынан босауға...» деген философияға толы жалғыз шумақпен замандасын сабасына түсірген, өзін мойындауға мәжбүр еткен абыз ақын Әбділда Тәжібаев талай тамаша дас­тандар мен балладаларды, драмалық шығармаларды, әдебиет теориясына қатысты ғылыми еңбектерді Қазақ әдебиетінің алтын қорына қосқан сыршыл, өршіл, пәлсапашыл ақынның нағыз өзі.
Әбділда ақын туған жердi сүюдiң, Отанды қастерлеудiң үздiк үлгiсiн танытты. Ол өзiнiң шаңы бұрқыраған Сырын шүйгiнi мол Сарыарқаға айырбастамайтынын, айырбастау былай тұрсын, бiр жылына бiр айын қимайтынын шынайы етiп жырлады:
«Бiр жылына бермес ем
Мен Сырымның бiр айын.
Сағынамын көрмесем –
Шаңы менен лайын!» – дедi.
Әбдiлда Тәжiбаев сан қырлы талант иесi. Ол – драматург, ол – ғалым, ол – фольклоршы, ол – әдебиет сыншысы. Осы салалардың барлығында да оның мәртебесi биiк болды. Ал Әбекеңнiң поэзиясы тiптi бөлек, тым ерекше. Адамның iшкi жан дүниесiн тебiрентетiн, толғанысқа салатын күш-қуат оның өлеңдерiнде өрiлiп жататын. Оқып көрелiк:
«Көп жылдармен өткiзгесiн арасын.
Туған жерге оралып бiр барасың.
Бала кезгi сәби құрбыларыңды
Кәрiлерден iздеп әзер табасың.
Әне бiрi келе жатыр қарсы алып,
Қарап тұрмын мен де оған тамсанып.
Осы менiң бала кезгi құрдасым,
Осы менiң жiгiт кезгi сырласым.
Әрі қарай:
Сүрт көзiңдi деймiн оған суланған,
Кiсi дей-ақ болып өзiм қуланған.
Өз көңiлiмдi қайтсем екен қиналған,
Өз көзiмдi қайтсем екен буланған...»
Әбдiлда жырлары шындықтың көрiнiсi. Адамның iшкi сезiмi, көңiл-күйi, тiптi қасiретi осы шумақтарда көрiнiс берiп тұрған жоқ па? Пенденiң өсетiнi, құлпыратыны, қартаятыны, бәрi-бәрi табиғи заңдылық. Көрнектi ақынның азаматтық үнiн, қоғамға деген құрметiн, туған ел мен жерге деген сүйiспеншiлiгiн, бiр сөзбен айтқанда ақындық және азаматтық бет-бейнесiн анық аңғарамыз.
Абыз ақынға арналған бір басқосуда академик-жазушы Серiк Қирабаев Әбдiлда Тәжiбаевтың бiрнеше өлеңiн жатқа оқи отырып, әдебиеттiң алыбы туралы естелiк айтты.
– Әбекең қазақ болсын, өссiн, өркендесiн деген ақ тiлеулi азаматтардың бiрi де бiрегейi болатын. Әсiресе өнерпаздарды жақсы көретiн. Өлең дегенде байыздап отыра алмаушы едi. Газет-журналдардан жақсы өлең көзiне түссе дереу жора-жолдастарына, әдебиетшiлерге телефон шалатын. «Сендер мынандай өлеңдi оқыдыңдар ма? Не деген керемет. Мұның авторын тауып сөйлесу керек. Қажет болса қол ұшын беру керек» деушi едi.
«Айтсын ендi, Тұманбайлар асырып,
Мен тұрайын өлеңiне бас ұрып» – деп жырлайтын. Өзiнен кейiнгi ақындарға үлкен сенiммен, iлтипатпен қарайтын.
Орыстың белгiлi ақыны Константин Симоновтың «Жди меня» деген кiтабы көп тиражбен шыққанда, И.Сталин «Бұл кiтапты неге соншама көп данамен шығардыңдар? Екi-ақ кiтап шығарып, бiреуiн Симоновқа, екiншiсiн әлгi ғашық әйелiне бермедiңдер ме?» деген екен. Бұл әңгiмеден кеңестiк дәуiрдегi, әсiресе сонау отты жылдардағы махаббат тақырыбын жырлауға деген тосқауылды аңғарамыз. Сол тосқауылға Әбдiлда ақын да тап келдi. Дегенмен жаңбырдың арасынан саңлау тапқан жолаушыдай ретiн келтiрiп, лирикалық өлеңдердi жазуды тоқтатқан жоқ. Әбекеңнiң бiр ерекшелiгi не нәрсенi де ашып айтатын. Тиiстi адамның бетiне басып айтатын. Жалтаруды, жалтақтауды бiлмейтiн. Ол тағдырдан әдiлдiктi, азабы мол болса да шындықты талап ететiн. Бақ-берекенiң де, киындық пен қасiреттiң де бүтiн болғанын қалады.
«Мен жартылай махаббатты да алмаймын,
Мен жарты дос шақырса да бармаймын.
Маған тұтас жүрек керек берiлген,
Сұрайтыным осы ғана өмiрден...» деп жырлады. Бұл ақынның имандай шыны едi.
Ұзақ жыл партия, кеңес жұмыстарында қызмет атқарған қаламгер Сейдәлiм Тәнекеев өз естелiгiн былайша бастады:
– Әбдiлда ағамыз өз басын емес, өзгенiң, көптiң қамын ойлап жүретiн едi. Әдебиетте болсын, қоғамдық өмiрде болсын шалағай тiрлiктi, жат әрекеттi байқай қалса, төзбейтiн. Анық-қанығына жеткенше тоқтамайтын. Жазушылардың пәтерге қолжеткiзуiнде де Әбекеңнiң үлесi болды.
Сексеннiң сеңгiрiндегi қарт қаламгер Тәжiбаевтiң бiр-екi өлеңiн жатқа оқыды. Замандастарының жырларын жатқа оқуы, көптеген өлеңдерiн бiлуi үлкен құрметтiң белгiсi. Бұл Әбекеңнiң өз кезiнде замандастарын сендiре алғандығы, иландыра бiлгендiгi, ақындық рухын өз ортасына мойындата алғандығы.
Әбділдә Тәжібаев 1979 жылы 70 жасқа толып, туған жері Сыр бойында аунап-қунап қайтқаны бар. Сол сапарында өзін, өлеңдерін ерекше қастерлейтін туған ауылындай болып кеткен Шиелі ауданына атбасын бұрған еді. Қасында қазақтың көрнекті әдебиет сыншысы Мұхамеджан Қаратаев, зайыбы Сара апамыз,т.б. кісілер болды. Аудандық «Өскен өңір» газетінің ұжымы абыз ақынның келуін үлкен дайындықпен қарсы алды. Газеттің бір нөмірін көрнекті қаламгердің шығармашылығына арнады. Аудандық мәдениет бөлімі сан қырлы талант иесінің өлеңдерін мәнерлеп оқып, пьесаларынан шағын қойылым көрсетті.
Сырдан шыққан сыршыл ақынға мен де жүрекжарды жырымды арнадым. «Сыр бейнесі» деп аталды.
«Туған жердің шаңы менен лайын,
Жырға қостың шығарып дүр шырайын.
Сарыарқада сайран салған бір жылдан
Артық дедің Сырда өткізген бір айым.

Сан қақтаған, сан баптаған күн нұры,
Өңірімнің шеңгелі мен жыңғылы
Өзек болды өлеңіңе мәңгілік,
Дәл өзіңдей жырлар еді кім мұны.
Сал самалдай әр сөзінен жырыңның
Ел мен жердің қасиетін ұғындым.
Атамекен абыройын паш еткен
Гейнесі сен, бейнесі сен Сырымның!» – деп шама-шарқым жеткенінше толғадым. Сазгер Өркен Исмаил әнін жазды. Нотасымен газетке басылды. Ақынның 70 жылдығына арналып аудандық мәдениет үйінде өткен үлкен жиында әніміз орындалды. Кездесу соңында Әбділда ақын өлең оқыды.
«...Мен бүгін аппақ шашы бар
Әбділда деген атамын.
Күн сайын саған,Отаным,
Ақ тілеу тілеп жатамын...» – деген жолдары әлі күнге жадымда сақталыпты.
Сол кезде Өркен де, мен де тура 30 жас­та болатынбыз. Міне, біз де бүгін абыз ақын айтқан Отанға ақ тілеу тілейтін – 70-ке келдік.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын
АЛМАТЫ

01 қазан 2019 ж. 1 079 0