Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҮРЕГІ МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ ЖАН ЕДІ

ЖҮРЕГІ МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ ЖАН ЕДІ


Жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін бұл жалғанда ізгілікке ұмтылатын, саналы ғұмырын парасаттылыққа арнайтындар болады. Олардың өздері дүниеден өтсе де, есімдері ескірмей, халық жадында сақталады.
Ел игілігі үшін еңбек еткен жанның бірі – ақын, журналист, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Мәрия Жұматқызы. Асыл ана өмірінің соңына дейін келешек ұрпақтың жарқын болашағын ойлау­мен өтті. Бұрынғылар осындай қасиетке ие адамдарды «сүйегі асыл, түбі текті» дейтін. Ал, ел анасы атанған Мәрия апайдың бойында қазаққа тән асыл қасиеттердің барлығы бар еді. Ол кісі мәдени-қоғамдық шаралардың да басы-қасында жүрді. Еске алу кештері мен жыр-мүшәйраларының құрметті қонағы болды. Тіпті, онсыз салтанатты кештер өтпейтін. Сондай шараларда сәлем бере қалсаң, аналық алғысын білдіріп жататын. Кейде жазған мақаламызды үзбей оқитынын және кемшін түсіп жатқан тұстарымызды айтатын. Үнемі сөз соңында: «Жаз, жаза түс. Жазған сайын ширайсың. Сөздік қорың да молаяды. Сонда ғана дамисың» деп кеңесін береді.
...Ұмытпасам, 2012 жылдың тамыз айы болатын. Ол кезде Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде тілшілік қызметтемін. Кенет жұмыс бөлмедегі телефон шылдырады. Тұтқаны бас редактордың орынбасары Әшім Молдақараев көтерді. «Амансыз ба, апа! Қал-жағдайыңыз қалай?» деп сөйлесті де, телефон тұтқасын маған берді. «Кім дегенімше» болған жоқ, Мәрия Жұматова апайың ғой, саған айтар сөзі бар көрінеді, – деді.
– Алло?
– Амансыз ба, апа!
– Шүкір, жақсымын. Сенің мақа­лаларыңды оқып, бір сүйсініп отырмын. Ана қасыңда отыратын Тұрар Тоққұлов бар ғой, содан үйрене бер. Ол көп біледі. Оның үстіне жақсы жазады. Сен де машықтанып, төселіп қалыпсың. Енді қоғамдық мәселелерге де көңіл бөл, – деп мені қанаттандырып қойды.
Мақала жазу барысында білмейтін дүниелер кездессе, осы кісіден сұрайтын­быз. Әсіресе, ауданның қарт адамдары, шежіре-тарихы жайлы қалам тербегенде қажетіңе жарайтын кеңес айтатын.
Өткен жылы газеттің қазіргі редакторы Нұрболат Сәдуақасұлының бастамасымен Қазан төңкерісінің 50 жылдығына арналып тұрғызылған ескерткіш-обелискі туралы мақала жаздым. Бұл ескерткіштің басқалардан ерекшелігі оның жоғарғы жағында 2017 жылы ашылсын (открыть в 2017 году) деп жазып, арнайы материалмен бекітіп қойған. Журналистер қауымын қызықтырғаны да осы болатын. Өйткені, әңгіме етіп отырған ескерткіш 1967 жылы салынған. Бізді аға буын өкілдерінің осы бір тұғыртасқа қандай аманатты сақтағаны қызықтырды. Мақаланы жазу барысында Мәрия Жұматқызына хабарласқан болатынбыз.
– Шырақтарым, «Өскен өңірдің» 7 наурыздағы санында жарияланған Нұрболат Сәдуақасұлының «50 жыл бұрын айтылған аманат» деген мақаласын оқыдым. Оқыдым да бір сәт өткен күндерге көз жүгірттім. Бұл 1967 жылдың қараша айы болатын. Мен ол кезде «Өскен өңір» газетінің тілшісімін. Ескерткіш-обелискінің ашылуын өз көзіммен көрдім. Аудандық газеттің редакторы Дүйсенбі Смайлов еді. Ұйымдастыру шараларының басында сол кісі жүрді. Ол тұста аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ғафур Мұхамеджанов болатын. Ұмытпасам, басшылық құрамда Перуза Жүсіпова да бар еді, – деді қарт журналист.
Осыдан кейін-ақ, Мәрия апайдың қандай қазыналы кісі болғанын аңғара беріңіз. Құдды бір жазылмаған кітап, ақылы таусылмайтын кен дерсің. 2014 жылы «Өскен өңір» газетінің 75 жылдығы мерекеленді. Сол кезде Шиеліден шыққан қаламгерлер туралы жазғанда көбіне осы апамыздың пікірін негізге алатынбыз. Менің «Өскен өңірде өрілген өмірлер» деген мақалам шықты. Онда аудандық басылымда еңбек еткен, тағылымдамадан өткен әріптестеріміз жайында сөз қозғадық. Әрісі Қалмақан Әбдіқадыров, Тілеген Шопашев, Сейітқасым Сейтенов, Оразбек Бодықов, Дүйсенбі Смайлов, Зәкім Жайлыбаевтай аға буын өкілдерін, берісі әлі де редакцияда қызмет атқаратын басқа да әріптестеріміз туралы әңгіме өрбіттік. Артынша «Баспагер» деген мақала жазып, аудандық баспахананың қызметкерлерін де тілге тиек еттік. Бұл тақырыпта менен басқа да журналистер қалам тербеді. Қайсысымыз жазсақ та, Мәрия апайдан қосымша ақпарат алмай, мақаланы редакторға өткізбейтінбіз. Ал, ол кісі болса біз хабарласқан сайын жадырап қуанып қалады. Қазір байқап
отырсам, жарқын жүзді апамыздың жүрегі де мейірімге толы екен ғой...
Бір көргеннен адам жанын баурап алатын апамыздың тағдыры қиындыққа толы болса да, ел анасы дәрежесіне дейін көтерілді. Ол өмірден өткенде республикамыздың түкпір-түкпірінен Шиелі жұртшылығының қайғысына ортақтасып, көңіл-қосын білдірушілер келді. Сыр халқы 87 жасында жүрегі тоқтаған аяулы перзентін ақтық сапарға қимастықпен шығарып салды.
Мәрия апай жайлы бұған дейін де көптеген мақалалар жазылды, бұдан кейін де жазыла береді. Себебі, Сейітқасым Сейтеновтей ақынның аяулы жары өмірден өтсе де, оның ізгілікке толы ғұмыры, артына қалдырған мол мұрасы жас буынға рухани азық болып қала бермек.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.
29 сәуір 2018 ж. 1 761 0