ЖАҚСЫЛЫҚҚА БАРАР ЖОЛ
Адам баласы бойындағы асыл қасиеттердің бірі – қайырымдылық. Ізгілік жолында із қалдырып, қайырымдылық жасап, қамқор болып жүрген жандар бүгінгі күннің идеалы болды. Олай дейтініміз, жүректерде жылулық азайып барады. Адам баласын жер бетіне
баяндатып тұрған бірден-бір күш – мейірім мен рақым. Осы түсініктің саналарға сәуле шашуына сеп болған сондай шараның бірі – №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясында өткен «Жақсылыққа барар жол» акциясы.
Мектептің әлеуметтік қызметкерлері Ә.Күлкеева, Б.Балжігітова, З.Кеншібаева, М.Мубаракова, А.Ахатовалар өткізген шараға «Қоғамдық келісім» КММ этносаралық қатынастар жөніндегі эксперті Ж.Жақсылықова, «Ұлт бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Т.Нуштаева, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мамандарымен қоса кәсіпкерлер қатысты. Үйінен оқытылатын мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамнан алшақтатпай, мүсіркеп емес, мейірімге бөлеген шарада 16 балаға «ARZAN MARKET» сауда орталығының өкілдері азық-түлік толтырылған қалта үлестірсе, «Ақсәуле» компьютер орталығынан келгендер оқу-жазу құралдарын табыстады. Адамзат бойындағы асыл қасиет хақында ғибратты әңгіме өрбіп, қайырымдылық көрініс тапқан жиында бас көрсеткен кәсіпкерлер мектеп оқушылары дайындаған әуезді ән мен ырғақты биді тамашалады.
«Шын мұқтаждың алғысынан асқан разылық жоқ» дей-тұғын бабамыз «оң қолының бергенін сол қолым көрмесін» деді. Гүл берген қолда гүлдің иісі қалады дейтін болсақ, қайырымдылығымен мұқтаждың ақ алғысын алғандарды үлгі етіп, үйрену артық болмас деп білеміз.
Нұршуақ ЖОЛАМАН.