Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Каникул құр өтпейді

Каникул құр өтпейді

Жаз – балалық шақтың ең жарқын мезгілі. Жыл бойы білім нәрімен сусындаған оқушы үшін жазғы демалыс – жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын, таным көкжиегін кеңейтетін ерекше кезең. Сондықтан да балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыру – қоғамның, мемлекеттің және білім саласының маңызды міндеттерінің бірі.
Биыл ауданда осы бағыттағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілмек. Аудан бойынша оқушыларды жазғы демалыспен түгелдей қамту жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш өткен оқу жылымен салыстырғанда айтарлықтай нәтижелі қадам деуге болады. Өткен жылы жазғы демалыспен 17 713 оқушы қамтылып, 76 пайызды құраған болса, биыл әрбір баланың демалысын тиімді ұйымдастыру басты мақсат ретінде белгіленген.

Лагерь – балалар қуанышының мекені
Жазғы сауықтыру жұмыстарының өзегі – балалар лагерлері. Осы ретте аудандық «Сыр ұланы» лагерінің атқарар рөлі ерекше. Биыл лагерьде 700 баланың тынығуы жоспарланған. Онда балалар бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етіліп, төрт топ бойынша ұйымдастырылған тәрбие жұмыстарына қатысады. Әр топқа жетекші мен тәрбиеші бекітілген.
Сонымен қатар мектеп жанындағы түрлі бағыттағы лагерлер де балалардың қызығушылығына сай ұйымдастырылмақ. Атап айтқанда, шатырлы және этно лагерьлер, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін лагерьлер, археологиялық бағыттағы демалыс алаңдары мен спорттық лагерьлер жұмыс жүргізеді. Нәтижесінде жалпы 4 880 бала сауықтыру және демалыс шараларымен қамтылады.
Бұл жерде ерекше назар аударатын мәселе – әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалардың демалысына басымдық берілуі. Білім бөлімі берген ақпаратқа сүйенсек, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылардың жазғы тынығуына мемлекетпен қатар кәсіподақ ұйымдары, демеушілер мен кәсіпкерлер де қолдау көрсетуде.

Жазғы еңбек – жауапкершілік мектебі
Бүгінгі таңда жас ұрпақты еңбекке баулу, табиғатты аялауға тәрбиелеу маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Осы мақсатта аудандық Жастар ресурстық орталығы арқылы «Жасыл ел» бағдарламасына жастар тартылмақ.
Сонымен қатар мектепішілік көгалдандыру бригадалары мен абаттандыру топтарында мыңдаған оқушы еңбек тәжірибесінен өтеді. Жалпы алғанда 5 605 бала жұмыспен қамтылып, еңбекке баулу шараларына қатысады. Мұндай бастамалар балалардың жазғы уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қабілетті шыңдайтын шығармашылық алаң
Әр баланың бойында ашылмаған талант бар. Сол талантты дер кезінде байқап, дамыту – ұстаздардың басты міндеттерінің бірі. Жазғы кезеңде лагерден бөлек ауданның 33 мектебінде шығармашылық үйірмелер, 31 мектепте шығармашылық клубтар, 27 мектепте аулалық клубтар жұмыс істейді. Бұл бағытта 2 095 оқушының бос уақыты мазмұнды ұйымдастырылады. Сурет салу, қолөнер, ән айту, би, театр өнері секілді үйірмелер балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Өйткені шығармашылықпен айналысқан бала өзін еркін танытады, ой-өрісі кеңейеді, өмірге деген көзқарасы қалыптасады.

Таным мен тәжірибені ұштастырған саяхаттар
Жазғы демалыстың ең қызықты бөлігі – саяхат. Биыл облыстық және республикалық бағыттағы туристік сапарларға 310 оқушының қатысуы жоспарланған. Тарихи орындарды аралау, табиғатпен етене танысу, жаңа өңірлерді көру – балалардың дүниетанымын байытып, елге деген сүйіспеншілігін арттырады. Осындай сапарлар арқылы оқушылар кітаптан алған білімді өмірлік тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алмақ.

Интеллектуалды жаз – табысты болашақ кепілі
Қазіргі қоғам білім мен бәсекеге қабілеттілікті талап етеді. Сондықтан жазғы кезеңде оқушылардың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Олимпиадалық резервтерге арналған жазғы мектептер, көшбасшылар лагерлері, «Жас Ұлан» және «Жас Қыран» ұйымдарының жазғы бағдарламалары, тілдік мектептер мен пікірсайыс лагерьлері жұмыс жүргізеді. Жалпы 3 289 оқушы интеллектуалды бағыттағы шараларға қатысып, білімін жетілдіреді. Сөйтіп дарынды балаларды қолдауға, олардың ғылыми және шығармашылық ізденістерін дамытуға ден қойылады.

«Жайдарлы жаз – 2026»: жаңа мүмкіндіктер алаңы
Жазғы демалыс кезеңінде аудандық Оқушылар үйі мен Өнер мектебінде арнайы «Жайдарлы жаз – 2026» бағдарламасы жүзеге асады. Бағдарлама аясында 15 түрлі үйірме жұмыс істеп, екі мыңнан астам оқушыны қамту көзделуде. Робототехника, шахмат, сән үлгілеу, би өнері, бейнелеу өнері секілді бағыттар балалардың қызығушылығына қарай ұйымдастырылмақ.
Сонымен бірге балалар табиғат аясындағы бір күндік саяхаттарға шығып, мәдени және спорттық шараларға қатысады. Оқушылар үйінің «Көркемсурет», «Киімді модельдеу және дизайн», «Жас шахматшылар», «Халық биі», «Теннис», «Робототехника» үйірмелері де лагерь жұмысына белсенді араласады.

Болашаққа бағытталған игі бастама
Жазғы демалыс – баланың тұлғалық қалыптасуындағы маңызды кезеңдердің бірі. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар ауданның білім саласындағы жауапты көзқарасын көрсетеді.
Биылғы жаздың басты ерекшелігі – әрбір баланың назардан тыс қалмауы. Әр баланың қуанышты жазға, жарқын әсерге және пайдалы демалысқа қол жеткізуі тиіс. Өйткені баланың шат күлкісі мен жарқын болашағынан асқан құндылық жоқ.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
15 маусым 2026 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№44 (9411).

13 маусым 2026 ж.

№43 (9410)

09 маусым 2026 ж.

№42 (9409).

06 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930