Тынығу жайы талқыланды
Оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары жазғы сауықтыру лагеріне асығады. Аудан сыртындағы және мектеп жанындағы лагерлерде балалардың демалыстарын тиімді өткізуге білім бөлімі және лагерь басшылары мен тәлімгерлер ерекше дайындық үстінде.
Елбасы Н.Назарбаев Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге жыл сайын жаз мезгілінде балалар мен жасөспірімдердің демалысын, оларды сауықтыру шараларын тиімді ұйымдастыру бойынша бағдарламалар әзірлеп, жүзеге асыруды тапсырған болатын.
Осы мәселе төңірегінде аудан әкімдігінің мәжіліс залында Ә.Оразбекұлының төрағалығымен жиын болып өтті. Жиында «Жазғы тынығу лагерлерінің жай-күйі және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру» мәселелері қаралды. Шараға облыстық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім мен мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары, кент және ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары, кәсіпорын басшылары, жеке кәсіпкерлер қатысты.
Ауданда балаларды тәрбиелеу мен бос уақыттарын тиімді пайдалану бағытында 1 маусым – 25 тамыз аралығында бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес біршама жұмыстарға нақтылай тоқталып, атқарылу барысы пысықталды. Аудан бойынша жазғы тынығу лагерлерінің жай-күйі және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, олардың жазғы сауықтыру маусымына дайындығы туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов хабарлама жасады. Өткен оқу жылында аудан бойынша 1-10 сынып оқушылары яғни, 15348 бала лагерьде демалған. Бұл көрсеткіш 82,7%-ды құрап отыр. Ал, үстіміздегі жылы 1-10 сынып аралығында 15626 бала демалысын қызықты өткізеді деп жоспарлануда. Бұл аудан оқушыларының 93%-ын құрап отыр.
Өткен оқу жылында аудандағы «Сыр ұланы» лагерінде 700 балаға жергілікті бюджеттен 12 205,0 мың теңге бөлініп, оқушылар демалысын тиімді өткізді. Үстіміздегі жылы міндетті оқу қоры есебінен 100 балаға Астана қаласының көрікті жерлерін көрсетіп, саяхатқа баратын болады. Арал, Жаңақорған аудандарына, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Машат» лагерінде 410 бала тынығады. «Сыр ұланы» лагерінде 700 бала сауығып демалатын болады.
Сондай-ақ, жазғы тынығу лагерінде балалардың қызығушылықтарын арттырып, методикалық әдістерді қолдана отырып, білім мен біліктілігін жетілдіруге күш жұмсалады. Елбасы: «Егер қоғам бала болашағын бағаламаса, ондай қоғамның да болашағы жоқ» дегенді алға тарта
отырып, әлеуметтік-экономиканың дамуына өзіндік үлес қоса алатын білімді де білікті тұлғаны дайындап тәрбиелеу қоғамдық міндет. Бүгінгі таңда балаларға мемлекет тарапынан барлық тиісті қамқорлықты жасап келеді.
Жұлдызай
НОҒАЙБАЙҚЫЗЫ.