Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Лагерді лайықты жерден салу керек

Лагерді лайықты жерден салу керек

Есептен естіген тағы бір жағымды жаңалығымыз ол – алдағы жылы аудан әкімдігі жергілікті жерден мектеп оқушыларының демалыстарын өткізуге арналған жазғы тынығу лагерін соғуды қолға алып отыр екен. Заманауи үлгіде бой көтеретін демалыс орнында балалардың жатын бөлмесінен бөлек, медициналық қабылдау пункті, асхана, ашық спорт алаңы, суға жүзу бассейнін салу жоспарланған. Ал, қыс мезгілінде лагердің босап қалмауы үшін ардагерлер демалатын орталыққа айналуы бек мүмкін. Аталған құрылыс нысаны бойынша әкімдік жобалық смета құжаттарын дайындауға аудандық бюджеттен қаражат бөліп, бұйырса қаржы мүмкіндіктеріне қарай құрылыстың нақты қай уақытта басталатыны белгілі болмақ. Иә, қазақ көрінген таудың алыстығы жоқ деген емес пе? Бастысы жергілікті биліктің ауданда орны тұрмақ, аты жоқ мұндай лагердің іргесін қалауды қолға алғандығы қуантып отыр.
Осыған орай газетіміздің 23 қаңтар күні жарық көрген санында аудандық білім бөлімінің «Оқушылардың жазғы тынығу лагерін салу үшін қолайлы орынды ұсыныңыздар» деген хабарламасы жарық көрген еді. Өткенге зер салып, көршілес аудандардың бұл бағытта жасаған жұмыстары мен тәжірибесін ой елегінен өткізе отырып, құлдан да болса бір ұсыныс деген ниетпен жаңа лагердің қабырғасын қайдан тұрғызып, бой көтеру керектігі жөнінде бірер ой айтуды жөн санадық.
90 жылдық тарихы бар Шиелі жерінде балалар демалатын лагерь болмады емес, болды. Иә, қарт Қаратаудың қойнауындағы «Ақбұлақ» лагерін аудан тұрғындары әлі күнге ұмыта қойған жоқ. 1987 жылы ең алғаш балаларды қабылдаған демалыс орыны сол кеңес үкіметі кезінде, Майшының табанында отырып-ақ, жарық, су, радио хабарламамен жабдықталып, оқушылардың жазғы демалысын жайлы өткізуге барлық жағдай жасаған болатын. Сол кездегі 13 ауылдық округ салған 13 үйден бөлек, лагердің асхана, монша, ойын алаңдары жыл сайын 1500-ге жуық баланың бақытты шақтарының куәсі еді. Бірақ, кешегі тоқсаныншы жылдары елімізде орын алған тоқырау «Ақбұлақты» айналып өтпеді. Ондағы қолданысқа жарамды талай дүние талан-таражға түсіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Жә, жарар, өткенге салауат дейік. Ендігі жерде жоғалтқанымызды жоқтап, кінәліні іздеп отырғанымыз жөн болмас.
Сол ескі лагердің шаңырағы құлағанмен жері, табиғаты, суы сол қалпында сақталып тұр. Оны көзімізбен көріп, малшылардың аузынан естіп те жүрміз. Тіпті, аудан халқы көктем айларындағы демалысын бұрынғыдай «Дарбазада» емес, осы Ақбұлақтың басына барып өткізуді әдетке айналдырған. Осы тұста айтпағымыз игі бастаманың іргетасы әуелгі өзінің орны «Ақбұлақтан» қаланғаны дұрыс секілді. Өйткені, біз солай жасау арқылы біріншіден, жоғалғанымызды қайта жаңғыртатын боламыз. Одан бөлек, смартфонды сипалап, асфальтта өсіп жатқан балаларымызды табиғатпен тереңірек таныстырып, таудың саф ауасын жұтқызып, таза бұлақтың суымен сусындатқан болар едік. Малшылармен арнайы келісім-шартқа отырып лагерді қымыз, қымыранмен қамтамасыз етіп, оқушыларға бір мезгіл аттың үстінде отыруды үйретсек, болашақ ұрпақтың бойында ұлттық сана қалыптасар еді.
Тынығу лагерін қыс мезгілінде де тиімді пайдалануға болады. Мәселен, Жаңақорған ауданындағы балалардың жазғы демалысын өткізуге арналған «Талдысу» лагері тек жаз айларында ғана емес, қақаған қаңтарда да өз жұмысын тоқтатпайды. Арнайы Алматы, Қызылорда қалаларынан ұстаздар мен ғалымдар келіп ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайтын бұл орталықтың соңғы кездегі көрсеткіші де жаман емес. Тура осы тәжірибені бізге де енгізіп, ұлдарды бөлек, қыз балаларды бөлек осында білікті ұстаздардың алдына отырғызатын болсақ, алдағы уақытта аудан білімінің алдыңғы қатардан көрінуіне зор мүмкіндік болады. Ал, олардың тәрбиесі мен лагердегі түрлі келеңсіздіктің орын алмауына жауапты етіп, аудан ардагерлерінен бірнешеуін оқушылармен бірге жіберіп тұру қажет. Сонда біз жастарымыздың білімін жетілдіріп қана қоймай, үлкендердің өнегелік тәрбиесін алуға, ақсақал аталарымыз бен ақжаулықты аналарымыздың бір уақыт демалуына жағдай жасаған боламыз.
Елдос Жүсіп.
30 қаңтар 2018 ж. 1 083 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (9253)

09 қараша 2024 ж.

№88 (9252)

05 қараша 2024 ж.

№87 (9251)

02 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930