Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСҚА ӘЗІРЛІК ҚАЛАЙ?

ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСҚА ӘЗІРЛІК ҚАЛАЙ?

Тағы бір оқу жылы тәмамдалып, оқушылар жазғы демалысқа шығуға дайын отыр. Бұл уақыт – тоғыз ай бойы мектеп қабырғасында жүріп, біліммен шыңдалған жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуге берілетін мүмкіндік. Сондықтан олардың толыққанды демалып, жаңа оқу жылына тың күшпен, сергек серпінмен келуі маңызды. Әлбетте, бұл – білім саласы үшін де күн тәртібіндегі мәселенің бірі.
Соңғы қоңырау соғылып, оқушылар үшін үш айдан тұратын демалыс уақыты басталған кезде әр ата-ана «Баламның жазғы демалысын қалай тиімді ұйымдастырсам болады?» деген сұраққа жауап іздейтіні белгілі. Бұл мәселені түрлі сауықтыру орталықтары мен демалыс лагерьлері шеше алады. Бүгінде балалардың белсенді демалысын ұйымдастыру мақсатында кент, қала сыртынан немесе мектеп жанынан ашылған жазғы сауықтыру лагерьлері, тынықтыру ауысымдары, спорт кешендері мен шипажайлар жұмыс істейді. Аталған орындарда демалушылардың денсаулығын нығайтуға, шығармашылық және танымдық қабілетін арттыруға басымдық беріліп отыр.
Осы тақырып аясында облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналиновтің «Қызылорда облысында 2024-2026 жылдардағы жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтырылуын, демалысын, бос уақытын өткізуге бағытталған ісшаралар жоспарын» орындау мақсатында Шиелі ауданы бойынша демалыс кезеңінде оқушыларды сауықтыру жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын атап өту керек. Өткен оқу жылында аудан бойынша 1-10 сынып аралығында 17 713 бала жазғы демалыспен қамтылып, оның көрсеткіші 76%-ды құраған болатын. Ал биыл 1-10 сынып аралығындағы 17 510 баланы 100% жазғы демалыспен және саяхатпен қамту жоспарлануда.
ЛАГЕРЬЛЕР ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Балалардың белсенді әрі пайдалы демалысын ұйымдастыру бағытында жалпы 180 балаға арналған аудандық «Сыр ұланы» лагері жұмыс істейді. Биыл аталған демалыс орнына 654 бала барса, ауданның 91 жасөспірімі өзге ауданда демалдырылатын болады. Сондай-ақ мектеп жанындағы бір мезгіл тамақпен 32 мектепте 2 338 бала сауығып демалатын болса, бір мезгіл тамақсыз 38 мектепте 3395 бала тынығатын болады.
Бұдан бөлек, 7 мектеп жанынан құрылған шатырлы лагерьлерге 361 бала тартылса, 6 мектеп жанынан ашылған этнолагерьге 543 бала, ұлттық құндылықтар бойынша мектеп жанындағы 6 лагерьге 390 бала, 6 археологиялық лагерьге 257 бала, спортқа бейімделген 27 мектеп жанындағы лагерьлерге 1 318 бала қамтылады деп жоспарлануда.
Білім қызметкерлерінің аудандық кәсіподақ комитеті есебінен 60 бала өзге облыстардың лагерьлерінде демалса, кәсіпорындар есебінен 135 бала, демеушілік есебінен 153 бала, ата-анасының қатысуымен 350 бала сауықтырылады. Жалпы сауықтыру жұмыстары бойынша 10 045 бала қамтылмақ.
Айта кету керек, жазғы каникул кезінде мектептен тыс мекемелерде «Жайдары жаз – 2024» бағдарламасы бойынша арнайы 15 үйірме жұмыс істейтін болады. Ал спорттық және мәдени іс-шаралар «Арман» мәдениет үйі мен спорт кешенінде өткізілмек.
Сондай-ақ әр ауысым бойынша лагерь тынығушылары 1 күндік табиғат аясына саяхатқа шығып демалатын болса, аудандық «Оқушылар үйінен» «Көркемсурет», «Киімді модельдеу және дизайн», «Жас шахматшылар», «Халық биі», «Теннис», «Робототехника» үйірмелері лагерь ұжымымен бірлесіп жұмыс атқаратын болады.
Қазіргі таңда лагерь ғимаратын жай жөндеуден өткізіп, спорт ойын алаңдарына тазалық жұмыстары жүргізілуде.
ОҚУШЫЛАР ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛАДЫ
Мектеп оқушыларының бос уақытын ұйымдастыру саламатты өмір салтын қалыптастырып, олардың шығармашылық тұрғыдан тәжірибе жинап, жеке қабілеттерінің шыңдалуына жағдай жасайды. Осы тұста жазғы демалыс кезінде оқушыларды еңбекпен қамту жоспары қарастырылған. Биыл аудандық жастар ресурстық орталығы арқылы «Жасыл ел» бағдарламасымен 20 бала жұмысқа тартылса, мектепішілік көгалдандыру бригадаларына 18 бала, көгалдандыру топтарына 610 бала, өндірістік кәсіпорындағы жұмыс, жазғы кезеңге арналған шарт бойынша 30 бала, жөндеу-құрылыс бригадаларына 203 бала, кәсібі бар жұмыс (отбасы ісі) орындарымен 235 бала, жалпы 1 353 бала қамтылады деп жоспарланды.
Ал шығармашылық жұмыстар бойынша қызушылығына қарай 33 мектепте шығармашылық үйірмелерге 706 бала, 31 мектепте шығармашылық клубтарға 763 бала, аулалық клубтарға 27 мектепте 625 бала тартылса, жалпы 2 094 бала шығармашылық бағытта жұмыс істейтін болады.
Туристік бағыттағы жұмыстар бойынша 7 мектепте жорықтарға 179, 9 мектепте экскурсияларға 215 бала, облыс және республика бойынша 9 мектепте туристік танысу сапарларына 256 бала, көшпелі спорттық жиындарға 79 бала тартылып, жалпы 729 бала туристік бағытта жұмыс атқармақ.
Интеллектуалды бағыттағы жұмыстар бойынша олимпиадалық резервтің 16 жазғы мектепке 455 бала, көшбасшылар активінің, «Жас Ұлан», «Жас қыран» мүшелерінің 29 жазғы мектепке 1 859 бала, жазғы тілдік 19 мектепке 464 бала, 25 пікірсайыс лагерлеріне 511 бала қамтылса, жалпы 3 289 бала интеллектуалды бағыттағы жұмыстарға қатысады.
Күн күлімдеп, жаз шыққан мерзімде балалар демалысын осылайша жоғары деңгейде ұйымдастыру жоспарлануда. Бүгінде оқушылардың жайлы жағдайы үшін қажетті барлық жағдайлар жасалып жатыр. Жаз мезгілінің қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері аталған жазғы демалыс лагерьлерінен бастау алары сөзсіз. Себебі бұл кезең олардың жалпы физиологиялық, дүниетанымдық тұрғыда жетіліп, дамуына әсер етеді. Ол үшін ұстаздар мен ата-аналар қауымы балалардың тынығу лагеріне баруына жағдай жасаса, нұр үстіне нұр болар еді.

Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ

15 мамыр 2024 ж. 228 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930