Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Су ресурстарын тиімді басқару – уақыт талабы

Су ресурстарын тиімді басқару – уақыт талабы

Су – адамзат баласының ғана емес, бүкіл тіршілік атаулының өмір сүруінің басты кепілі. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласы үшін судың орны ерекше. Өйткені жердің құнарын арттырып, мол өнім алудың негізгі алғышарты – су ресурстарын тиімді пайдалану. Бүгінде әлемнің көптеген елі секілді Қазақстан да су тапшылығы мәселесін өткір сезініп отыр. Климаттың өзгеруі, трансшекаралық өзендер ағынының азаюы және су ресурстарына түсетін жүктеменің артуы ауыл шаруашылығы саласына жаңа талаптар қойды. Осындай жағдайда суды үнемдеу, қолда бар ресурсты ұтымды пайдалану және заманауи технологияларды енгізу күн тәртібіндегі ең маңызды мәселенің біріне айналды.
Осы өзекті мәселе аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кеңейтілген мәжілісте жан-жақты талқыланды. Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің төрағалығымен өткен жиында егін шаруашылығының қазіргі жай-күйі, суармалы суды тиімді пайдалану, егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету және су тапшылығының алдын алу бағытындағы жұмыстар сараланды.
Ауқымды жиынға Су ресурстары және ирригация министрлігінің Тарифтік саясатты реттеу департаментінің директоры Дархан Қайынбердиев, Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаменті директорының орынбасары Жәнібек Қайшыбекұлы, Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің Ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу технологияларын енгізу басқармасының сарапшысы Гүлнұр Махамбет, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының орынбасары Ербол Салихбаев, Экономика және қаржы департаментінің директоры Айгүл Сұлтанова, кәсіпорынның Қызылорда филиалы директорының міндетін атқарушы Нәжмадин Шамұратов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары ­Даулетбек Абдирасулов, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал – Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Зейнолла Қазтоғанов, сондай-ақ шаруа қожалықтарының жетекшілері мен жауапты сала басшылары қатысты.
Жиында аудандағы егін шаруашылығының қазіргі ахуалын кеңінен талқылап, суармалы суды тиімді пайдалану, егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету және су тапшылығының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Сонымен қатар алдағы кезеңге арналған міндеттер мен жоспарлар нақтыланды.
Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында аграрлық секторды дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді.
Президент ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу және су ресурстарын тиімді басқару бағытында нақты міндеттер жүктеді. Себебі ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуы ең алдымен су ресурстарының жеткілікті әрі тиімді пайдаланылуы­на байланысты.
Соңғы жылдары өңірдегі вегетациялық кезең күрделі жағдайда өтуде. Су көлемінің азаюы мен табиғи-климаттық өзгерістер диқандарға қосымша қиындықтар туғызуда. Биыл да су тапшылығы байқалып отыр. Осыған байланысты жиында сала мамандары су жеткізу қызметінің тарифтері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, шаруалар тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берді.
Мәжілісте сөз алған мамандар су тапшылығы жағдайында әрбір текше метр суды тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Су үнемдеу технологияларын енгізу, суару жүйелерін жаңғырту және гидротехникалық нысандардың жұмысын жетілдіру арқылы ғана ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге болатыны айтылды.
Айта кету керек, ауданда су тапшылығының алдын алу және суды үнемдеу технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биыл аудан көлемінде 10 мың гектар жер лазерлік тегістеуден өткізілді. Бұл технология суармалы жерлерге судың біркелкі таралуына мүмкіндік беріп, судың ысырабын азайтады әрі өнімділікті арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар жеке тұрғындар қаржысы есебінен 3 мың 100 гектар жерге тамшылатып суару әдісі арқылы көкөніс және бақша дақылдары орналастырылған. Бұл – су үнемдеудің ең тиімді тәсілдерінің бірі. Тамшылатып суару арқылы өсімдікке қажетті ылғал тікелей тамыр жүйесіне жеткізіліп, судың артық шығыны едәуір қысқарады.
Су үнемдеу технологияларын енгізуде ірі шаруашылықтар да белсенділік танытып отыр. Атап айтқанда, «Таң ЛТД» ЖШС мен «Центр Семеноводства» ЖШС тарапынан 2 мың гектар алқапқа дәндік жүгері дақылы тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары арқылы егілген. Мамандардың айтуынша, мұндай тәсілдер су ресурстарын үнемдеп қана қоймай, өнім көлемін арттыруға және өндіріс тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасады. Осы жылы ауданда жалпы көлемі 31 мың 213 гектар жерге егін егу жоспарланып отыр. Бұл межеге қол жеткізу үшін су ресурстарын тиімді басқару мәселесі басты назарда болмақ.
Қазіргі таңда «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалымен 125 шаруа қожалығы су пайдалану жөнінде келісімшарт жасаған. Жалпы келісімшарт құны 633,5 миллион теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш аудандағы суармалы егіншіліктің ауқымын және шаруалардың су ресурстарына деген қажеттілігін айқын көрсетеді.
Ауданда бүгінде 61 насос қондырғысы жұмыс істейді. Оның 23-і «Қазсушар» РМК теңгерімінде болса, 38-і шаруашылық құрылымдарына тиесілі. Су беру жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін насос станциялары мен су арналарының техникалық жағдайына тұрақты бақылау жүргізілуде.
Суармалы жүйелердің тиімділігін арттыру мақсатында каналдарды тазалау және қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынған. Атап айтқанда, Р-12 арнасының 72-бекеттен 115-бекетке дейінгі 4,3 шақырым бөлігіне механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта аталған каналдың 36-бекеттен 72-бекетке дейінгі аралығында тиісті жұмыстар жалғасуда.
Сондай-ақ биылға арналған жоспарға сәйкес Р-12, Жаңа Бестам, Р-10-0-1, Қамыстықақ, Р-7 және Жаңа Сұлутөбе су арналары механикалық тазалау және қазу жұмыстарына ұсыныстар берілген. Бұл жұмыстардың жүзеге асуы су өткізу қабілетін арттырып, егіс алқаптарын қажетті көлемде сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Айтбай ­Жандарбеков егіс алқаптарындағы барлық жұмысты сапалы әрі уақытылы жүргізудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Сонымен қатар су ресурстарын ұтымды пайдалану, арналар мен су шаруашылығы нысандарын күтіп ұстау, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және шаруалардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып туындаған мәселелерді жедел шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Кеңейтілген мәжілісте жауапты мекеме басшыларының есептері тыңдалып, саладағы өзекті мәселелерді шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Жиын барысында көтерілген мәселелер мен қабылданған шешімдер ауданның аграрлық секторын дамытуға, су тапшылығының алдын алуға және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

М.ҚАЙРАТҰЛЫ
15 маусым 2026 ж. 37 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№44 (9411).

13 маусым 2026 ж.

№43 (9410)

09 маусым 2026 ж.

№42 (9409).

06 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930