Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тапшылығы бақылауда: МИНИСТР АУДАНҒА ІС-САПАРМЕН КЕЛДІ

Су тапшылығы бақылауда: МИНИСТР АУДАНҒА ІС-САПАРМЕН КЕЛДІ

Қазіргі таңда Сырдарияның су деңгейінің төмен болуы – егіс алқаптарын суаруда күрделі мәселе туындатуда. Осы орайда өңірде суды үнемдеп пайдалану, дақылдарды әртараптандыру бағытында нақты жұмыстар қолға алынып жатыр. Осы мәселелермен танысу мақсатында өңірге Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында министр Шиелі ауданына арнайы ат басын бұрып, аудан әкімі Айтбай Жандарбековпен бірге бірнеше егіс алқабын аралады. Биыл Шиелі ауданында 32 012 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Оның ішінде дәнді және малазықтық дақылдар негізгі үлесті алады. Бұдан бөлек, картоп, көкөніс пен бақша өнімдері де егілген. Күріштің көлемі – 12 300 гектар. Аудан бойынша 161 шаруашылық тіркелсе, оның 118-і күріш өсірумен айналысады. Қазіргі таңда 24 шаруашылық құрылымының алқаптарында 56 насос қондырғысы арқылы күріш дақылдарын суару жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар ауданда су үнемдеу мен тиімділікті арттыру бағытындағы нақты қадамдардың бірі болып отыр. Министр Ақмая шаруа қожалығында болып, шаруашылық басшыларымен кездесті. Олар су мәселесі мен егін шаруашылығының дамуы туралы өзекті сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Жұмыс басында саладағы өзекті мәселелер талқыланып, алдағы жоспарлар айтылды. Шаруашылық жетекшілері министрге суға қатысты ұсыныстарын жеткізіп, суды тиімді пайдалануға қатысты пікір алмасты. Нұржан Молдиярұлы су айдайтын насос қондырғыларының жұмысы мен олардың суару тиімділігін жеке бақылады. Керделі ауылдық округіндегі «Халық» шаруа қожалығында күріш алқабында судың жеткіліксіздігі мәселесі қаралды. Министр осы жағдайға байланысты қабылданып жатқан шаралардың нәтижесін бағалап, егіс алқаптарына суды үнемдеу және тұрақты жеткізу қажеттігін атап өтті. Сапар соңында аудан әкімдігіне суармалы жерлерді тұрақты бақылауда ұстау, су тапшылығының алдын алу және су ресурстарын тиімді басқару бойынша нақты тапсырмалар берілді. Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты өсіруі – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам екенін атап өткен министр, су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы осы көрсеткіштерді арттыруға бар күш салу керектігін айтты.


Г.СӘБИТҚЫЗЫ
29 шілде 2025 ж. 51 0