Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіл өнеркәсіп: күнделікті өмірдің көрінбейтін тірегі

Жеңіл өнеркәсіп: күнделікті өмірдің көрінбейтін тірегі

14 маусым – жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күні. Кәсіби мереке қарсаңында күнделікті өмірде көп мән беріле бермейтін, бірақ қоғам тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналған жеңіл өнеркәсіп саласының жұмыс жүйесіне назар аударуға болады.
Киім-кешек, аяқкиім және тұрмыстық текстиль өнімдерінің артында көпсатылы әрі күрделі өндірістік тізбек жатыр. Бұл сала – әлемдік экономикадағы әлеуметтік маңызы жоғары бағыттардың бірі. Халықаралық еңбек ұйымының (ILO) деректеріне сәйкес, тоқыма және тігін өнеркәсібі әлем бойынша 60 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Қытай, Бангладеш, Вьетнам, Түркия сияқты елдерде бұл сала экспортқа бағытталған ірі өндіріс ретінде дамыса, Еуропа мемлекеттерінде сән индустриясымен ұштасқан жоғары сапалы брендтік өнімдер шығаруға бейімделген. Осылайша, күнделікті тұтынатын киімнің артында шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі жаһандық өндірістік жүйе қалыптасқан.
Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптің дамуы әр кезеңде түрлі сипат алды. Кеңес дәуірінде ірі тігін фабрикалары мен тоқыма кәсіпорындары халықты киіммен қамтамасыз етудің негізгі көзі болды. Өндіріс орталықтандырылған жүйе негізінде жұмыс істеп, сала тұрақты дамыды. Тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға бейімделу нәтижесінде өндіріс құрылымы өзгеріп, ірі кәсіпорындардың бір бөлігі қысқарып, олардың орнын шағын және орта кәсіпкерлікке негізделген тігін цехтары мен жеке шеберханалар басты.
Бүгінде бұл сала негізінен ішкі нарықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Осы жалпы үрдістен өңірлер де тыс қалған жоқ. Соның бірі – Шиелі ауданы. Соңғы жылдары ауданда кәсіпкерлік белсенділік артып, шағын және орта бизнес экономикалық дамудың маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр. Әсіресе сауда, қызмет көрсету және шағын өндіріс бағыттары тұрақты дамуда.
Шиеліде жеңіл өнеркәсіптің қалыптасуы ең алдымен тұрмыстық қажеттіліктерді өтеуден бастау алған. Бұрын қарапайым тігін шеберханалары мектеп формасын тігу, киім жөндеу және жеке тапсырыстарды орындаумен шектелсе, уақыт өте келе бұл бағыт нарық талабына бейімделіп, жеке кәсіпкерлік деңгейінде дамыды.
Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың 1 мамырына дейін өңірде 5757 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 585-і заңды тұлға, 3764-і дара кәсіпкер, 1408-і шаруа қожалығы. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер саны 5575-ке жетіп, олардың үлесі 96,8 пайызды құрап отыр.
Аудан экономикасында өнеркәсіп саласы да тұрақты даму үстінде. 2026 жылдың алғашқы төрт айында аудан кәсіпорындары 25 млрд 490 млн теңгенің өнеркәсіп өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 97,1 пайызды құрады. Ал өңдеу өнеркәсібінің көлемі 21 млрд 622 млн теңгеге жетіп, 98,9 пайыз деңгейінде қалыптасқан.
Инвестициялық белсенділік те сақталып отыр. Осы кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 18 млрд 158 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 101,7 пайызға артқан. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы құны 285,1 млн теңгені құрайтын 16 жоба жеңілдетілген несие қаражатын алған. Олардың қатарында «Өрлеу», «Ауыл аманаты», «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы және Аграрлық несие корпорациясы арқылы қаржыландырылған жобалар бар.
Бұдан бөлек, ауданда жалпы құны 51,4 млрд теңгені құрайтын 6 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың қатарында күн электр станциялары, құрылыс материалдарын өндіру зауыттары, сервистік қызмет көрсету кешендері және ауыл шаруашылығы бағытындағы жобалар бар.
Байқап қарасақ, аудан экономикасының жалпы құрылымында жеңіл өнеркәсіп жеке бағыт ретінде әлі де айқын көрініс таппай отыр. Негізгі даму басымдықтары өнеркәсіп, энергетика, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларына тиесілі. Соған қарамастан, бұл сала түбегейлі қалыптаспағанымен, біртіндеп дамудың алғашқы белгілерін байқата бастады.
Ауданда жеңіл өнеркәсіпке қатысты шағын тігін цехтары мен жеке шеберханалардың саны біртіндеп артып келеді. Бұрын тек тұрмыстық қажеттілікпен шектелген бұл қызмет түрі бүгінде шағын кәсіпкерліктің бір бағыты ретінде қалыптасты.
Мұндай өзгеріс ең алдымен жергілікті сұраныстың артуымен және халықтың табыс табудың жаңа көздеріне бейімделуімен байланысты. Сондай-ақ кәсіпкерлік белсенділіктің жандана түсуі де бұл саланың дамуына серпін беріп отыр. Уақыт өте келе осындай шағын бастамалар жүйеленіп, жеңіл өнеркәсіптің аудан экономикасындағы орнын нақтылай түсуі әбден мүмкін.
Түйіндей келе, көзге көрінбейтін өндіріс – күнделікті өміріміздің маңызды бөлігі. Біз киіп жүрген әрбір киімнің артында үлкен еңбек пен күрделі өндірістік жүйе жатыр. Сондықтан жеңіл өнеркәсіпті тек тұрмыстық сала ретінде емес, өңірлік экономиканы толықтыратын маңызды бағыт ретінде қарастыру орынды. Шиеліде де бұл саланың даму әлеуеті бар, ал оның алдағы өркендеуі кәсіпкерлік белсенділік пен жүйелі қолдауға тікелей байланысты.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ

15 маусым 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№44 (9411).

13 маусым 2026 ж.

№43 (9410)

09 маусым 2026 ж.

№42 (9409).

06 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930