Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП ӨРКЕНДЕМЕК

ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП ӨРКЕНДЕМЕК

Халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде жеңіл өнеркәсіптің игі ықпалы өлшеусіз. Жергілікті тұрғындардың, соның ішлінде әйелдер арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы жеңіл өнеркәсіп саласын ілгерілету болып табылады. Бұл саланың өнімдеріне деген сұраныстың көптігі сонша, ол азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орынды алады. Сол себепті қарапайым жұрттың қамын ойлаған ел экономикалық даму стратегиясында бірінші кезекте жеңіл өнеркәсібі саласын дамытуға айрықша басымдық беруге тиіс.
Сүйіншілейтін жаңалық. Енді Шиеліде жеңіл өнеркәсіп кең қанатын жаймақ. Осы орай «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен облыстық жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрайымы Дина Махатова ауданға атбасын бұрды. Шиелі аудандық «Атамекен» палатасы филиал директоры М.Нұртазаев, аудандық кәсіпкерлер кеңесі мүшесі М.Әлжанов, «Тоғжан» тігін цехы басшысы Т.Мұсаева және ұлттық бұйымдар шебері М.Қалжановалармен бірге жеңіл өнеркәсіп саласымен жіті танысты. «Тоғжан» және «Гаухар» тігін цехтары жұмысымен және қол өнер шебері Майяның ұлттық бұйымдарын көзбен көрді.
Сонан соң тігінші мамандарын даярлайтын 64 жылдық тарихы бар Шиелі аграрлы-техникалық колледжіндегі жастармен жүздесті. Сала мамандары колледж студенттерінің арнайы тапсырыспен жұмыс киімдерін тігуге бейіл екендерін көріп тәнті болды. Әр түрлі көрме, жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған болашақ алтын қолды тігіншілер бар мұнда. Ал техникалық бағытта білім алушы студенттердің өздері тәжірибеден өтіп жатқан құрылғы жұмыстарын үш тілде түсіндірді.
– Студенттердің ағылшынша сөйлегенін көріп менде оларға ақ тілегімді ағылшын тілінде арнадым. Сапар соңы қауымдастық мүшелерімен еркін пікір алмасуға ұласты. Болашаққа жоспарлар қойылып, мақсаттар айқындалды. Қауымдастық аясында бірге қызмет істеуге шақырды. Кездесуге қатысқан кәсіп иелері бұл идеяны қолдайтындарын айтты, – дейді облыстық «Атамекен» Палатасы Өңірлік кеңес мүшесі Айткүл Әбдіқадырова.

ТҮЙІН: Жеңіл өнеркәсіп жолға қойылсын десек, өзгенің қаңсығын таңсық қыла бермей, отандық киім-кешек және аяқ киім өндірісін дамыту. Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласын қарқынды дамытуға қажетті мүмкіндіктер жеткілікті. Ең бастысы бұл салаға мемлекет тарапынан нақты бетбұрыс жасалып, шынайы қолдау көрсетілуі керек.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ

07 желтоқсан 2022 ж. 428 0