Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПКЕ ЖЕҢ ТҮРІП КІРІСУ ҚАЖЕТ

ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПКЕ ЖЕҢ ТҮРІП КІРІСУ ҚАЖЕТ

Халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде жеңіл өнеркәсіптің тигізер ықпалы өлшеусіз. Жергілікті тұрғындардың арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы да жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту болып табылады. Бұл саланың өнімдеріне деген сұраныс та жоғары, азық-түлік тауарларынан кейінгі екінші орынды иеленеді. Сондықтан қарапайым жұрттың қамын ойлаған ел экономикалық даму стратегиясында бірінші кезекте жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға айрықша басымдық беруге тиіс.
Төрттүліктің терісін жерге көміп, жүнін күресінге лақтырғалы қашан. Шикізат қолда болғанымен, әлі күнге дейін пайдасын көре алмай келеміз. Қытайдың күртесін, түріктің етігін, қырғыздың жейдесін киюге мәжбүрміз. Кезінде өндіруі де өңдеуі де өзімізде болған жеңіл өнеркәсіпті әлі де болса оңалта алмай жатқанымыз рас.
Әлеуметтік-экономикалық маңызы зор бұл саланы дамытуға әлемнің көптеген елдері әлдеқашан түбегейлі бетбұрыс жасаған. Мәселен, жеңіл өнеркәсіптің үлесі АҚШ, Италия, Германия, Қытай, Португалия, Түркия сияқты дамыған елдерде 12-20 процентті құрайды. Тіпті іргедегі Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттері табысының қомақты бөлігін жеңіл өнеркәсіп тауарларының экспортынан түсіруде. Соңғы жылдары қырғыз елінің ішкі жалпы өніміндегі жеңіл өнеркәсіп үлесі 30 проценттен асты. Ал қазіргі таңда Қазақстандағы қайта өңдеу өнер-кәсібі саласындағы жеңіл өнеркәсіптің үлесі 1,2 процентті құрайды.
Түрік ағайындардың ертеден кәсіп қылған тері илеуі бүгінде бұл елдің белгілі аяқ киім өндіруші мемлекетке айналуына септігін тигізді. Іргедегі Қытай да осы істен нәпақа тауып отыр. Теріскейдегі орыс пен моңғолдың бренді бір бөлек. Екі ортада қолдағы шикізатты кәдеге жаратпай отырған қазақ қана. Біреулер бұған қолдау көрсетпей отырған билікті кінәласа, енді бірі тым арзанға сатылатын теріні тасымалдап жүргісі келмейді. Десе де, бұл салаға деген мемлекеттің қолдауы мүлдем жоқ емес.Кәсіпкерлік бөлімінің хабарлауынша, мемлекеттік қолдау «Бизнестің жол каратасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асады. Бағдарлама аясында аудан кәсіпкерлеріне жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыру үшін қайтарымсыз грант алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы тауар өндірушілерге төмен процентпен несие беру де қарастырылған. Бүгінге дейін ауданда жеңіл өнеркәсіп саласын дамытқысы келетін кәсіпкерлерге үздіксіз қолдау көрсетіліп келеді. Тек қайтарымсыз қаржыны иеленгісі келетін кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлік негіздерін оқытатын курстардан өтуі міндетті. Сондай-ақ жоба сапалы әрі тың болуы керек.
Иә, қазір тойхана, дәмхана секілді қызмет көрсету орындарынан гөрі өнеркәсіп саласын дамыту қажеттілігі туып отыр. Себебі, қазір елімізге киім-кешектің 80 проценті шет елдерден тасымалданады. Отандық жеңіл өнеркәсіптің қадамына тұсау болған да осы – импортқа тәуелділік. Өзіміздің аймақтың өзінде тек жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп формасына 1,5 миллиард теңгедей қаржы жұмсалады екен. Оның ауқымды бөлігі Қырғызстан, Өзбекстан, Түркияның қалтасын томпайтады. Мемлекеттік сатып алу заңының негізгі принципі осы отандық өнімді қолдауға бағытталған. Айтып айтпай не керек, бүгінгі буын қазақы оюмен нақышталған киімді киюге әуес. Әрине, бұл көңіл қуантады. Ал мұндай өнерді қолға алған отандық дизайнерлер саусақпен санарлық. Бар болғанның өзінде бағасы шарықтап тұр. Отандық бір көйлектің құны түріктің бес көйлегінің бағасына татиды. Сондықтан өзгенің қаңсығын таңсық қыла бермей, сапалы әрі қолжетімді отандық киім-кешек және аяқ киім өндірісін қолға алуымыз қажет. Бір кезде Қазақстан жеңіл өнеркәсібін жаһанға танытқан мақта-мата комбинаты мен аяқ киім фабрикасы сияқты отандық брендтерді жандандыру күн тәртібіндегі басты мәселеге айналуы тиіс. Ұлттық «Made in Kazakhstan» брендін дамытып, төл өнімді бүкіл әлемге экспорттайтын күннің алыс емес екеніне сенеміз.

Гүлхан ЯХИЯ

09 маусым 2020 ж. 678 0