Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚСТАН ДА ЖЕЙДЕ ТІГЕДІ

ҚАЗАҚСТАН ДА ЖЕЙДЕ ТІГЕДІ


 Кейінгі жылдары әр аймақта жеңіл өнеркәсіпті дамытуға кәсіпкерлердің ат салысып жатқаны қуантады. Біріншіден, жұмыс орны ашылады. Екіншіден, отандық өнім көбейсе, шетелден тауар тасымалдау қажет емес. Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға ат салысып жүрген азаматтардың бірі – Dalatex маркасымен көйлек тігуді қолға алған 
Дінмұхамед Абызов.      
Dalatex маркасымен кәсіпкер Дінмұхамед Абызов жейде тігуді қолға алған. Шетелден киім-кешек әкеліп сатудан гөрі отандық тоқыма өндірісін дамытуға да үлесін қосуды мақсат тұтыпты. Кәсіпкермен көйлек тігудің қыр-сыры жөнінде сұрадық.
– Жиырма жылдан аса киім-кешек тасымалымен айналысып келемін. Батыс пен Шығыстан киім тасымалдау оңай шаруа емес. Нарықтың құбылған бағасы, тасымалдау шығыны шаш етектен. Сондықтан Қазақстанда тігін өндірісін дамытуды қолға алдым. Қызылордада орналасқан шағын цехымызда 35 адам жұмыс істейді. Шикізаттың қымбаттығы көйлектің бағасына да тікелей әсер етеді. Көйлектің бағасы – 6500-15000 теңге. Жоғары сұрыпты мақтаны Қытайдан аламыз. Қазақстанда бояу тапшы. Меніңше, қиындықтар кездеседі екен деп қам-қарекетсіз отыра беруге болмайды. Түркияда арзан бағаға тапсырыс беріп, елге әкеліп сатқанмен, Қазақстанда мақта-мата өндірісі кенжелеп қалады. Сондықтан біз қандай қиындық кездессе де, мойымауға бел будық. Кеңес заманында өркендеп тұрған тігін фабрикалары келмеске кетті. Бірақ қазір әр аймақтан ашылып жатқан шағын цехтар болашақта Қазақстан бойынша жеңіл өнеркәсіптің дамытады, – дейді Dalatex кәсіпорнының директоры Дінмұхамед Абызов.
Соңғы жылдары Шымкентте кілем, шұлық, Алматыда аяқкиім, Қызылордада жейде тігіп, отандық өнімдер сататын дүкендер ашылуда. Сапа мен баға халықтың көңілінен шықса, сұраныстың та артары анық.
Майра ЖАНЫСБАЙ   
29 қараша 2017 ж. 1 692 0